Түгін тартсаң майы шығатын, тасын түртсең тарихы сөйлейтін шежірелі Шыңғыстаудың бауырында әлі де бүккен сыр көп. Соның бірі – ақын Байкөкше Балғынбайұлының тарихы. Бүгінде ақынның 130 жылдан кейін ескі қорымы табылып, ел-жұрты еске алып жатыр, деп жазады Egemen.kz.
«Абайдың 180 жылдық мерейтойы қарсаңында ақын Байкөкше бабамыздың асы болады» дегенді естігенде, бірден «Абай жолы» романы ойымызға оралды. Романда Қодар-Қамқаның оқиғасы кезінде Байкөкшенің көрініс беретіні бар. Алайда сұрастыра келсек, ақын туралы Абай еліндегі кәріқұлақ шежірешілердің қалдырған естеліктері мол болып шықты. Көзі қарақты оқырманның есінде болса, өткен жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде «Абайдың Байкөкесінің зираты анықталды» деген тақырыппен танымдық мақала жарияланған. Бұдан кейін Шәкәрім университетінің құрметті профессоры, «Egemen Qazaqstan» газетінің ардагер журналисі Дәулет Сейсенұлы бастаған, филология ғылымдарының докторы Бауыржан Ерденбеков қостаған ел азаматтары ақын туралы «Тәбәрік» деген кітап құрастырып шығарған еді.
Ел ақсақалдарының айтуынша, жыр дүлдүлі Дулат ақынды ертіп барып, Қодар-Қамқа оқиғасынан кейін жабырқап қалған жас Абайдың жан дүниесін серпілтіп, рухын көтерген Байкөкше Балғынбайұлы кейіннен ұлы ақынның ерекше ілтипатына бөленіп, «Байкөке» деп құрметтеп кеткен екен.
Сонымен Семейден шығып, Абай туған топырақ Жидебай, Қарауылды басып, хакім Абайдың досы Көкбай ауылынан Шұбартауға қарай 40 шақырымдай тау асып, Байкөкше ақының басына жеттік. Ақынның ұрпақтары Әбибек Жепенов, Бақытхан Рақымбаев, Төлеген Оразбаев және басқа да азаматтар ерте көктемнен іске кірісіп, зиратты темір шарбақпен қоршап, Шыңғыстаудың тасынан мәрмәр ескерткіш тақта орнатыпты. Ескерткіш тақта ашылып, бабаға Құран оқылды. Абай облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқарма басшысының орынбасары Олжас Соғымбай сөйлеген сөзін бұл ескі қорым алда Абай елінің киелі жерлерінің біріне кіретінін жеткізді.
Ескерткіш тақтада: «Құнан сөзі Құранның тақтасындай, Бұқардың бұжыралы қақпасындай. Құнан кетті алдынан жарылқасын, Артында алтын қалды ат басындай» деген ақын Байкөкшенің сөзі қалыпты. Иә, бұл қарадан хан шыққан Құнанбай қажының өмірден өткенде еліне басу айтқан сөзі. Артында қалған ат басындай алтыны – Абай.
– Байкөкшенің ең белгілі шығармасы – «Тобышақ торы» дастаны. Бұл этнографиялық және көркемдік тұрғыда құнды дүние. Жырда ат бәйгесі, балуандар күресі мен махаббат хикаялары бейнеленген. Сонымен қатар, ақын сол заманның кейбір өрескел салт-дәстүрлерін сын тезіне алып, әйел затына деген құрметті жоғары қойған. Бұл – оның Абаймен рухани үндестігін айғақтайды, – дейді Абай облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Байкөкше Балғынбайұлы атындағы қордың жетекшісі, журналист Мұрат Әлин.
Ел ішінде Абайдың өтінішімен ел қорғаған батырлар туралы жыр-дастандар жазған Байкөкшенің «Әнет баба», «Мамай батыр», «Кеңгірбай би», «Қараменде би», «Көбей би» секілді тұлғаларға арналған дастан-жырлары болғаны, оның толық күйінде сақталмағаны айтылады.
Сөйтіп Қарауылда Байкөкше ақын рухына арналып ас беріліп, аудандық мәдениет үйінде Абайдың Байкөкесіне арналған мүшәйрас ұйымдастырылды. Оған Абай елінің зиялы қауымы мен ақынның ұрпақтары қатысты. Өңірдің түкпір-түкпірінен келіп қатысқан ақындар Байкөкше бейнесін қайта тірілткендей болды. Әділқазылар алқасына ҚЖО басқармасының мүшесі, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Төлеген Жанғалиев жетекшілік етті. Бас бәйгені соңғы жылдары елге кеңінен танылып үлгерген ақын Бауыржан Игілік иеленді. Басқа ақындардың бәрі де сый-сияпаттан тыс қалмады. Ақындар мүшәйрасы «Қаламқас» халық ансамблінің ойын-сауығымен өрнектеліп, Абай әндеріне ұласты.
Абай облысы