Астана төрінде «Алтын Гефест» тау-кен металлургия өнеркәсібінің салалық байқауы өз мәресіне жетті. Аталған байқауда «Үздік әлеуметтік жоба» ретінде Семейде ашылған жаңа IT-мектеп-лицейі жеңімпаз атанды, деп жазады Egemen.kz.
Былтыр ашылған IT-мектеп-лицей 1 800 оқушыға арналған. Оқу орнында информатикалық, мультимедиалық бөлмелер, зертханалар, шеберханалар мен еңбек және кулинарияға арналған жалпы саны 48 кабинет бар. Мектепте инклюзивтік талаптары ескерілген. Кәсіптік білім берудің алғашқы баспалдағы ретінде бұл Абай еліндегі ерекше мектептердің бірі десе де болады. Аталған мектептің құрылысына KAZ Minerals тобы 10 миллиард теңге көлемінде инвестиция салып, жоба бір жыл ішінде жүзе асқан.
Аталған байқауда «Жыл шахтері» номинациясында жеңіске жеткен Ертіс кенішінің бұрғылаушысы Тимур Серікбаев: «Бұл мен үшін үлкен мәртебе. Әріптестерім мен барлық кеншілерге рахмет! Баршаңызға денсаулық пен еңбек қауіпсіздігін тілеймін», дейді Сонымен қатар тағы бір жерлесіміз «Жыл тәлімгері» номинациясында жеңімпаз атанды. Ол – Ақтоғай кен байыту фабрикасының флотаторы Күлкен Дагилова.
– Бұл адам капиталын дамытуға арналған стратегиямыздың маңызды кезеңі. Біз тәжірибеден өткізу, қайта даярлау және мектептерді бар қажеттілікпен қамтамасыз ету арқылы білім беру саласын көптен қолдап келеміз. Жаңа лицей жалпы білім беру талабына сай, – дейді демеушілер.