Жуырда «Microsoft» трансұлттық корпорациясының негізін қалаушы, әлемдегі ең бай адамның бірі Билл Гейтс алдағы 20 жылда өзінің бүкіл дәулетінің 99 пайызын біртіндеп қайырымдылық жолына тарататынын мәлімдеді. Оның бүгінгі бар байлығы – 200 млрд доллар шамасында.
«Мен өлгенде ел қалағанын айтсын. Бірақ «байлығын арғы дүниеге алып кетпеді, бәрі қалды» деп айтқанын қаламаймын. Бай болып өлу – масқара», деп жазды ол.
Б.Гейтстің жеке қоры кейінгі 25 жылдың ішінде жоқ-жітікке 100 млрд доллар шамасында көмек үлестірген екен. Бұл – көпке үлгі боларлық тамаша іс. «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» дейді халық даналығы. Біздің дінімізде де, ұлттық дүниетанымда да өзгеге қолұшын созу, қолдау мен көмек беру әрдайым сауапты амал саналған. Қолында бар дүниесін елмен бөлісіп, қаймана жұртқа қарайласуды парызы санаған Атымтай жомарттар аз емес. Ондай жарқын мысалдарды бүгінгі өмірімізден де көптеп келтіруге болады.
Қазіргі қоғамда жұртты алаңдатып отырған ең басты әлеуметтік мәселенің бірі – баспана. Он екі мүшесі сау, аяқ-қолы бүтін адамның еңбек етіп, талпынып, талаптанып жүріп үй алуына мүмкіндік бар-ау. Ал қоғамда асыраушысынан айырылған, аз қамтылған, мүгедектікке шалдыққан, жағдайы мүшкіл отбасылар да көп. Олар үшін бағасы күн санап көтеріліп бара жатқан пәтер алу мәселесі көбіне арман күйінде қала береді. Қалтасы қалың азаматтар қолұшын созып көмектеспесе, тағдыр тауқыметін тартып отырған кейбір жандардың үйге қол жеткізуі мүмкін емес.
Жоғарыда айтқанымыздай, қазақ елі ешуақытта жетімін жылатып, жесірін қайғыртпаған, жағдайы төмен адамын далада тастамаған. Бұл мейірбандықтың бүгінгі бір көрінісі халықтан жылу жинау арқылы мұқтаж жандарға баспана алып беріп жатқан түрлі қорлар мен жобаларды айтуға болады. Соның бірі – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйытқы болуымен «Зекет және қайырымдылық» қорының 2018 жылы құрылған «Ел үлесі – пәтерге» атты бірегей жобасы.
Әлеуметтік желіден осы қор арқылы талай адамның баспаналы болып жатқанын көріп жүрміз. Қордың директоры Мақсатбек Қайырғалиевтің айтуынша, қайырымдылық акциясы басталғалы 7 жылдың ішінде қор 835 адамға баспана сыйлаған. Оның ішінде ұзақ жылдан бері пәтерден-пәтерге көшіп мезі болған, жертөледен айырмашылығы жоқ лашықтарда тұрып келгендер, асыраушысынан айырылған көпбалалы отбасылар, т.б. қарапайым ел тұрғындары аз емес. «Ел үлесі – пәтерге» жобасының бір ерекше тұсы – қайырымдылық акциясы қазақ халқының танымындағы асарға ұқсайды. Тек асар жасаушылар қол күшін емес, қаржылай әлеуетін қолданады. Кім қанша берем десе де өз еркі. Тиыннан теңге құралып, ол сосын мол қаржыға айналып, мұқтаж отбасыларға баспана болып қайтып жатыр», дейді «Зекет және қайырымдылық» қорының өкілдері.
Былтыр көктемде еліміздің бірнеше өңірінде алапат су тасқыны болып, ауылдар суға кетіп, жалғыз үйінде жан бағып отырған қаншама қарапайым тұрғын баспанасыз қалды. Қысылтаяң шақта қор қызметкерлері де шетте қалмай, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ұйытқы болуымен мұқтаждың мұңын бөлісіп, «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында бірнеше өңірде тұрғындарға пәтер үлестіргенін көзіқарақты оқырман жақсы біледі. Атап айтқанда, ҚМДБ төрағасы Арқалық қаласына арнайы барып, үйі суға кеткен 7 отбасына баспана кілтін табыстады. Сондай-ақ тағы бір пәтер Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек ауданында тұратын көпбалалы отбасына берілді.
«Ел үлесі – пәтерге» жобасының тағы бір мақсаты – ауыл-аймақтағы мешіттерде айлықсыз қызмет етіп жүрген дін қызметкерлерін қолдауға бағытталған. Осылайша, 2022 жылдан бері акция аясында баспанаға мұқтаж мешіт қызметкерлеріне үй алып беруге, мешіт жанынан салынған қызметтік пәтерге орналастыруға жол ашылды.
Бірнеше жылдан бері ел тұрғындарына баспана сыйлап жүрген тағы бір ұжым – «Харекет» қайырымдылық қоры. Бұл қордың тарихы 2017 жылы Facebook әлеуметтік желісінде Гүлмира Мұханқызының «1000 теңгеге баспана» деген ұранымен басталған. Яғни «егер 1000 адам 1000 теңгеден жинаса, бір мұқтаж отбасы үшін кем дегенде бір үй сатып алуға болады» деген оймен алғашқы қайырымдылық жұмысы бастау алып, кейін ізгі іс жалғасын таба келе, «Харекет» қоры құрылады. Қорға «Өнер қырандары» театрының негізін қалаушы, қоғам қайраткері Мадияр Серікбаевтың құрылтайшы ретінде қосылуы қайырымдылық жұмысына жаңа серпін берді. Бүгінде Гүлмира Мұханқызының ісін оның қызы, қордың қазіргі директоры Айдана Қалдыбекқызы жалғастырып, мұқтаж жандарға қуаныш сыйлап келеді.
Осы күнге дейін қор арқылы 1095 отбасына баспана берілген. Бұл қор да халықтың көмегі арқылы жұмыс істейді. Белгілі банктің қосымшасы арқылы «Харекет» қорының есепшотына кез келген адам қалаған көмегін жолдауына, сол арқылы қайырымдылық ісіне атсалысуына мүмкіндігі бар.
«Бізге көбіне мұқтаж жандар өздері хабарласады. Кейде жанашыр азаматтар звондап, жағдайы мүшкіл отбасылардың мекенжайын береді. Қор өкілдері, еріктілер соларға арнайы барып, тексереді. Біздің өлшеміміз бойынша ең алдымен асыраушысынан айырылған жетім-жесірлер, 1–3 топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар немесе сондай баланы бағып отырған адамдар, кемінде 7 баласы бар отбасылар таңдап алынады. Олар біздің тексеруден өткеннен кейін кезекке қойылып, біртіндеп баспана беріледі», дейді қор өкілі Әлімжан Бекжанұлы.
Оның айтуынша, осыдан бірер ай бұрын қор тарапынан «200 күнде – 200 баспана» атты бірегей акция бастау алған. Оның мақсаты – күніне бір отбасыны баспанамен қуанту. Бүгінге дейін акция аясында 60-тан астам отбасына үй берілген. Ізгі бастама жалғасын тауып жатыр.
Айта кетсек, қазір қоғамда халықтан жылу жинайтын түрлі қорлар мен адамдарға деген сенімсіздік белең алғаны белгілі. Ол негізсіз де емес. Өйткені қайырымдылық жасаймыз деген желеумен халықтың қаражатын жеке бас пайдасына жұмсаған алаяқтар да баршылық. Оның кейбірі ұсталып, қылмысы әшкереленіп, ел алдында масқара болғанын көріп жүрміз.
Дегенмен халықтың да, Құдайдың да алғысына бөленейін деген мақсатпен шынайы ниет етіп, ел-жұртқа көмек қолын созып жүрген парасат иелері де арамызда аз емес. Біз айтып отырған «Зекет және қайырымдылық», «Харекет» қорлары солардың қатарында. Олар халықтан түскен әрбір тиынның есебін беріп, оны мұқтаждың мұңын тарқату жолында жұмсап жүр.
Бұл қайырымдылық ісіне әрбір жан атсалыса алады.