• RUB:
    6.46
  • USD:
    510.19
  • EUR:
    582.79
Басты сайтқа өту
Сенат Кеше

Аумақтық қорғаныс мәселелері туралы заң мақұлданды

30 рет
көрсетілді

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтті. Онда сенаторлар «Аумақтық қорғаныс туралы» заңды мақұлдады. Құжатта мобилизация кезінде елді қорғаудың қосымша құқықтық негізі қамтылған.

«Ерікті» қызмет етеді

Отырыста «Қазақстан Республи­касының аумақтық қорғанысы туралы» заңымен қатар оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аумақтық қорғаныс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қаралып, мақұлданды.

Аталған заңдар аумақтық қорғаныс жүйесінің жұмысына арналған норматив­тік база қалыптастыруды көздейді. Олар Президенттің, Үкіметтің және Қорғаныс министрлігінің өкілеттіктерін бекітеді және меншік түріне қарамастан басқа мемлекеттік органдар мен ұйымдардың рөлін анықтайды. Заңда қамтылған негізгі «ерікті» және «өзін-өзі қорғауды қалыптастыру» ұғымдары – еліміздің қорғаныс жүйесіндегі жаңашылдықтың бірі. Атап айтқанда, алғаш рет азамат­тардың арасынан ерікті өзін-өзі қорғау жасақтарын құра алады, аумақтық қорғаныс құрамына аумақтық әскерлер, құқық қорғау күштері, арнайы жасақтар және еріктілер кіреді. Қауіп-қатер кезінде мемлекет азаматтар мен ұйымдардың ғимараттарын, жабдықтарын және басқа да мүлкін нарықтық құны бойынша өтеумен тартуға құқылы. Заңда лауазымды тұлғалардың өкілеттіктері де айқындалған. Мәселен, алымдар туралы шешімді Президент қабылдайды, Үкімет пен Бас штаб үйлестіреді, жергілікті жерде қорғанысты әкімдер басқарады.

Сонымен қатар заң ірі кәсіпорын­дарды төтенше жағдай кезінде инфра­құрылымды нығайту мен нысандарды қорғауды қамтамасыз етуге міндеттейді. Бекітілген стандарттар қауіп-қатерлерге жедел әрекет етуге, аумақтарды қорғауға жергілікті халықты тартуға және ықтимал тәуекелдерге өңірлердің тұрақтылығын күшейтуге мүмкіндік береді.

– Мақұлданған заңдар мемлекеттің аумақтық қорғаныс жүйесін жетіл­діру және осы саладағы қоғамдық қатынастарды заңнамалық деңгейде реттеу мақсатымен әзірленген. Жаңа заңда аумақтық қорғаныстың мақсаты мен міндеттері және қағидаттары мен іс-шаралары айқындалды. Аумақтық қорғаныс жүйесін ұйымдастыруға жауапты барлық тараптың міндеттері мен құзыреттері де белгіленді, – деді М.Әшімбаев.

Сондай-ақ Сенат төрағасының айтуынша, саланы мемлекеттік бақылау жүйесі жан-жақты реттеліп отыр. Алдағы уақытта бұл заңдар аумақтық қорғаныс жүйесінің әлеуетін күшейтуге және еліміздің қорғаныс қабілетін арттыруға оң септігін тигізбек.

 

Паллиативтік көмек ақсап тұр

Бұдан соң депутаттық сауалдарға кезек беріліп, сенатор Айнұр Арғынбекова адам­дар паллиативтік көмек ала алмай отыр­ғанын, ал мұнымен науқастарды қамту деңгейі жеткіліксіз екенін мәлімдеді.

Еліміздің паллиативтік көмек қауым­­дас­тығының деректеріне сәйкес, жыл са­­йын бұл көмекке шамамен 128 мың адам, соның ішінде 9 мыңға жуық бала мұқтаж. Алайда олардың небәрі 25 пайызы ғана қажетті көмек алады. Оның ішінде айтарлықтай бөлігі – онкологиялық емес дертке шалдыққандар.

А.Арғынбекованың айтуынша, елде хоспистер тапшы, көшпелі бригадалар жетіспейді және білікті мамандар жоқ. Қазір елімізде бар болғаны 9 хос­пис жұмыс істейді. Сонымен қатар пал­лиативтік бағыттағы дәрігердің кәсіби лауазымы мамандықтар классификаторында бекітілмеген, ал мамандарды даярлау стандарттары белгіленбеген. Созылмалы аурулар көбейіп, қоғамның ізгілікті, этикалық медициналық көмекке деген сұранысы артқан. Осы себепті паллиативтік қызметті жүйелі жаңғырту қажет.

– 2030 жылға дейін паллиативтік көмекті дамыту жөніндегі Ұлттық стратегияны әзірлеу орынды болар еді. Бұл стратегия халықаралық ұсыным­дарды, өңірлік ерекшеліктерді және салааралық тәсілді ескеруге тиіс. Сонымен қатар кадрлар даярлау стандарттарын қалыптастыру, мобильді бригадалардың сапасын арттыру және тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар қажет. Бұған қоса паллиативтік көмекті дамыту мәселелері бойынша Үкімет жанынан ведомствоаралық жұмыс тобын құру керек. Оған мүдделі мемлекеттік органдар мен азаматтық сектор өкілдері қатысуға тиіс. Паллиативтік көмек – жай ғана медициналық қызмет емес, қоғамның кемелдігі, адамгершілігі мен әділеттілігінің көрінісі, – деді депутат.

 

Бау-бақша шаруашылығында олқылық көп

Ал Сұлтан Дүйсембинов бау-бақша шаруашылығындағы өзекті мәселелерге тоқталды. Сенатордың айтуынша, отандық жеміс-жидек өнімдерін өндірушілерді қолдау қажет. Қазір өнім өткізу жүйесінің әлсіз­дігі, арзан импорттық өнімнің қысы­мы, ұсақ шаруашылықтардың сауда желі­леріне шығудағы қиындықтары, көшеттер тапшылығы, өңдеу мен сақтау инфрақұрылымының жеткіліксіздігі, кадр тапшылығы мен су ресурстарының шектеулігі кедергі болып отыр.

– Аграрлық несие корпорациясы 2015 жылдан бері қарқынды бақтар бойынша 48,7 млрд теңгеге 46 жобаны қаржыландырды. Алматы облысында 18 жоба жоспарланған. Оның 12-сі іске асырылып жатыр. Қалған 6 жоба бо­йынша облыстық басқармада ақпарат жоқ. Жамбыл облысында 14 жоба бар. Отырғызылған жеміс ағаштары қурап, пайдалануға жарамсыз күйде тұр. Түркістан облысында 13 жоба тіркелен, алайда Ауыл шаруашылығы басқармасынан 3 жоба туралы ғана ақпарат алынды. Қалған 10 жоба туралы мәліметтері жоқ, – деді депутат.

С.Дүйсембинов айтуынша, Жетісу облысында бір ғана жоба жүзеге асып жатыр. Несиелендірілген жобалар­дың 65 пайызы орындалмаған, яғни жос­пар орындалмаған, нәтиже жоқ. Аграр­лық несие корпорациясынан ақпарат беру жөнінде сұрау салын­ғанымен, мәліметтерді банктік және коммер­циялық құпияға жататынын алға тартып, толық ақпарат беруден бас тартқан.

Осыған байланысты сенатор Үкіметке маусымдық кедендік баж салығын енгізу мүмкіндігін қарастыруды, өңдеу және өнім өткізу салаларында күш біріктіру арқылы фермерлік кооперацияны дамытуды, сондай-ақ көшет өндіруді субсидиялау мөлшерін 70 пайызға дейін арттыра отырып, көшет шаруашылықтарының желісін кеңейтуді ұсынды. Сонымен қатар ол өнімді сақтау мен өңдеу инфрақұрылымын нығайтып, ауылдық жерлердегі кадр саясатын қайта қарауды, ғылыми зерттеулерді, селекция­ны және брендтік сұрыптарды дамытуды қолдауға шақырды.

 

БҚО теміржол бөлімшесін қайтару қажет

Ләззат Рысбекова болса, ҚТЖ-ның Орал бөлімшесін таратудың салдары туралы айтып, осы мәселеге Үкіметтің назарын аударды. Депутаттың сөзіне қарағанда, бұл шешім логистика, бизнес және өңірлік экономикаға кері әсерін тигізген.

Аталған бөлімше бұған дейін Батыс Қазақстан облысындағы теміржол жүк тасымалын үйлестіріп отырған. Алайда оның жабылуы салдарынан бас­қару орталықтандырылып, өңірден тыс аумаққа көшірілген.

– БҚО – маңызды логистикалық торап. Алайда жергілікті деңгейде жедел әкімшілік орталықтың болмауы жүк тасымалын үйлестіруді қиындатады. Маусым­дық кезеңдерде инертті және энерге­тикалық материалдарға сұра­ныс күрт артып, бұл вагон тапшылы­ғына және жұмыс кестесінің бұзылуы­на әкеліп соғады. Кәсіпкерлер мен тұрғын­дар Ақтөбе филиалына жүгінеді, ал ол техникалық және тасымалдау құжат­тамасын келісу кезінде қиындықтар туғызып, қарау мерзімін ұзартады және шаруашылық қызметті жүргізуді қиындатып жатыр, – деді Л.Рысбекова.

Сенатор Батыс Қазақстан облысында теміржол логистикасын жергілікті деңгейде басқарудың болмауы мәселесі бірнеше рет көтерілгенін атап өтті. Өңірде әлі күнге дейін қиыршық тас пен битум жеткізуге қатысты қиындықтар бар. Бұл жүйелі жергілікті басқарудың қажеттігін көрсетеді. Сонымен қатар Орал учаскесінің халықаралық маңыз­дылығын ескерген жөн, ол арқылы Ресей теміржолдары өтеді. Алайда басқарудың орталықтандырылуы қазіргі жүктемеге сай келмейді және өңірдің дамуын тежейді. Жергілікті құрылымды қалпына келтіру тасымалдарды тиімді бақылауға және аймақ экономикасын қолдауға мүмкіндік береді.

Осыған байланысты, Ләззат Рысбекова Премьер-министрге бұрын Батыс Қазақстан облысындағы жүк тасымалын үйлестірген ҚТЖ-ның Орал филиалын қалпына келтіру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

 

Архив толы...

Әсем Рахметова еліміздегі архив ісінің дағдарыстық жағдайына алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, архивтер бүгінде әрең жан сақтап отыр. Олардың көпшілігі құжаттарды сақтау, өртке қарсы қауіпсіздік секілді талаптарға сәйкес келмейтін ғимараттарда орналасқан. Сонымен қатар құжаттардың көпшілігі әлі күнге дейін тек қағаз түрінде сақталады, ал оларды цифрландыру жұмыстары баяу жүріп жатыр. Бұл тарихи мұраның сақталуына қауіп төндіріп, болашақ ұрпақтың мемлекет, оның тарихы, экономикасы мен саясаты туралы маңызды деректерге қол жеткізуін шектейді.

– Елімізде 230-дан аса мемлекеттік архив жұмыс істейді. Қазіргі уақытта мемлекеттік архивтердің 92,4 пайызы толық. Оған қоса мемлекеттік архивтердің 81,4 пайызы құжаттардың сақталуын, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мүгедектерге жағдай жасау тұрғысынан заң талаптарына сәйкес келмейтін бейімделмеген ғимараттарда орналасқан. Мәселен, Солтүстік Қазақ­стан облысының мемлекеттік архиві­нің ғимараты 1973 жылы салынған, аудан­дардағы архивтердің 14 филиалының алтауы жалға алынған ғимараттарда орна­ласқан. Облыстық филиалдың архив қой­малары толып тұр, – деді Ә.Рахметова.

Архив мамандарының жалақысы аз, жұмысы ауыр. Мамандар жетіспеушілігі саланың дамуына кері әсер етіп отыр. Сонымен қатар, Ұлттық мұрағат және Орталық мемлекеттік мұрағат сияқты маңызды мекемелердің әлі күнге дейін ресми «ұлттық» мәртебесі жоқ. 

Соңғы жаңалықтар