Былтыр Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласында су тасқыны кезінде көпір бүлінген еді. Көпірді жөндеу жұмыстары желтоқсан айында қолға алынды. Жақында қайта жаңартылған көпір іске қосылды.
Қаладағы «Достық» шағын ауданында орналасқан көпірдің ұзындығы – 238, ені – 17,1 метр. Аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тасқын судың салдарынан жарамсыз күйге түскен көпірді жаңғырту жобасына тапсырыс берді. Құрылыс жұмыстарын «SK Kazalem» ЖШС атқарды. Серіктестік өкілі Дауылбай Кемаловтың айтуынша, жұмысты өткен жылы қыркүйекте бастау көзделген екен. Алайда көпір астымен коммуникация желілері жүргізілген. Бұл жаңғыртуды ерте бастауға кедергі келтіріпті.
«Былтыр көктемнен көпір арқылы көлік пен тұрғындардың жүруіне тыйым салынған еді. Өйткені бұл көпір – құрылыс нысаны емес, тұрғындардың қауіпсіздігі мен көлік қатынасының кепілі. Енді жаңғыртылған көпір арқылы моноқаладағы көлік қозғалысын реттеуге қолайлы жағдай жасалады», дейді Құлсары қаласының әкімі Қадіржан Адинов.
Атырау облысы