Астанада «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры отандық тауар өндірушілерге көрсетіп отырған қолдаудың аралық қорытындысын таныстырды. Қор сатып алуды ашық әрі әділ жүргізетін жүйе құрды. Отандық тауар өндірушілерге басымдық беріліп, адал бәсекелестік қалыптасып жатыр.
150 млрд теңгеден астам инвестиция
«Самұрық-Қазына» қоры жүзеге асырып жатқан импортты алмастыру жобалары бүгінде өндірісті жандандырып қана қоймай, өңірлік жұмыспен қамту, бюджетке түсетін салық көлемі, экспорттық әлеует сияқты маңызды бағыттарға нақты үлес қосып отыр. Бұл туралы қор өкілдері арнайы баспасөз жиынында хабарлады.
Қордың басқарушы директоры Николай Казутиннің айтуынша, былтыр «Самұрық-Қазына» компаниялары тобы отандық тауар өндірушілермен серіктестік ауқымын кеңейтіп, келісімшарттар жасасқан.
«Отандық тауар өндірушілермен, жұмыстар мен қызметтер аясында қолданылатын тауарларды қосқанда 1,1 трлн теңгеден астам сомаға шарттар жасалды. Ал 2022 жылмен салыстырғанда отандық тауар өндірушілерден сатып алу көлемі 7 есе өсті. 2025 жылы қаңтар-мамыр аралығында жұмыстардағы тауарларды қоса есептегенде отандық тауар өндірушілермен 433,3 млрд теңгеге келісімшарттар жасалды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 25%-ға өспек», деді Н. Казутин.
Ал сатып алу ережелерінде отандық тауар өндірушілерді қолдауға арналған 16 шара қарастырылған. Олардың бірқатары өзге реттелетін сатып алуларда баламасы жоқ, бірегей санатқа жатады. Әсіресе отандық тауар өндірушілерге сөзсіз басымдық беру, ұзақмерзімді офтейк-келісімшарттар жасасу, жеткізушілер үшін жедел төлем, алдын ала төлем жасау қызметтері бар.
«Офтейк-келісімшарттар – «Самұрық-Қазына» қорының сатып алу жүйесінде отандық өндірісті қолдаудың ең пәрменді тетіктерінің бірі. Бұл келісім түрі болашақта шығарылатын өнімдерге алдын ала ұзақмерзімді шарттар жасасу арқылы кәсіпорындарға кепілді нарық ұсынуға мүмкіндік береді. 2024 жылы осындай офтейк-келісімшарттар аясында жалпы 191 млрд теңгеге 367 келісім бекітілген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 10 есе көп. Осы тетіктің арқасында 500-ден астам жаңа жұмыс орнын ашуды, 150 млрд теңгеден астам инвестиция тартып, аса маңызды тауарлардың жергілікті өндірісін жолға қоюды көздеп отырмыз. Ал 2025 жылдың алғашқы 5 айында 115 млрд теңгеге 148 офтейк-келісімшарт жасалып, қосымша 97 млрд теңгеге 24 жоба әзірленіп жатыр. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 210 млрд теңгеге жеткізу жоспарланған. Осылайша, офтейк-келісімдер импортты алмастырып қана қоймай, ішкі өндіріс пен өңірлік жұмыспен қамтуды нығайтатын нақты құралға айналып отыр», дейді басқарушы директор.
«Самұрық-Қазына» электронды дүкені қалай жұмыс істейді?
«Самұрық-Қазына» қоры отандық кәсіпкерлер мен тапсырыс берушілер арасында тиімді әрі ашық сауда алаңын құру мақсатында «SKstore.kz» электронды дүкенін іске қосты. Жүйенің басты мақсаты – шағын және орта бизнеске, соның ішінде отандық тауар өндірушілерге кеңінен мүмкіндік беру. Бұрынғыдай күрделі тендерлік рәсімдер мен ұзақ үдерістердің орнына мұнда барлығы жеңіл әрі нақты алгоритмдер арқылы жүзеге асады. «SKstore.kz» жүйесінде сатып алулар екі бағытта жүргізіледі. Біріншісі – тікелей сатып алу. Бұл тәсіл 100 айлық есептік көрсеткішке дейінгі, яғни шамамен 393 мың теңге шамасындағы сатып алуларға қолданылады. Екіншісі – сауда-саттық (тендерлік) әдіс. Бұл бағыт 20 000 АЕК-ке дейінгі көлемдегі, яғни 79 миллион теңгеге дейінгі 49 түрлі тауар санатына арналады. Осы екі құрал арқылы Қордың компаниялары тобына кіретін телеком, мұнай-газ, энергетика және атом саласындағы ұйымдар өздеріне қажетті тауарлар мен қызметтерді жеткізушілерден тікелей әрі әділ сатып ала алады.
Тағы бір елеулі мәселе – аймақтардағы кәсіпкерлердің қатысуы. Бұрын мұндай цифрлық платформаларға республикалық деңгейдегі компаниялар ғана қол жеткізе алатын болса, енді «SKstore.kz» арқылы өңірлік бизнес өкілдері де белсенді түрде саудаға қатысып жатыр. Бұл – әсіресе шағын қала мен ауыл кәсіпкерлері үшін таптырмас мүмкіндік. Олар енді Астана мен Алматыдағы ірі корпорациялармен бір алаңда бәсекеге түсе алады.
Отандық тауар өндірушілерге басымдық беріледі
«Skstore.kz» электрондық дүкенінде отандық тауар өндірушілердің тауарларын сатып алған кезде оларға басымдық нақты қалай беріледі? Бұл іс жүзінде қалай жүзеге асырылады? Бұл туралы брифингте сұрақ қойып, нақты жауабымызды да алдық.
«QazCloud» компаниясының коммерциялық директоры Серікбол Оразалиннің айтуынша, электронды дүкеннің басты артықшылығы – жүйенің алгоритмі. Яғни сатып алушылар платформаға кіріп, белгілі бір тауарды іздегенде жүйе ең алдымен отандық өндірушілердің ұсыныстарын көрсетеді.
Электронды дүкен іске қосылған алғашқы жылы небәрі 7 категориямен жұмыс істесе, бүгінде бұл көрсеткіш 49 категорияға дейін жеткен. Олардың санының артуы әртүрлі саладағы отандық өндірушілерге нарыққа шығуға кең мүмкіндік береді деген сөз. Жылдан-жылға бұл тізім кеңейіп келеді. Мұның бәрі жүйенің даму қарқынын, ал отандық тауар өндірушілердің платформаға деген сенімін көрсетеді. Алдағы уақытта отандық өнімдердің үлесі еселеп артпақ.
Сатып алу жүйесі ашық әрі тиімді
Бәрімізді алаңдататын сұрақтың бірі – тендерлік алаңдағы әділдік. Кей жағдайда қитұрқы схемалар арқылы жеңіске жетіп, кейін сапасыз өнім беретін жеткізушілерге қоғам тарапынан наразылық туындайтыны белгілі. Осы мәселе бойынша да нақты қадамдар жасалып жатыр.
Қор өкілдерінің айтуынша, қазір сатып алу жүйесіне бірнеше адалдық тетіктері енгізілген. Соның бірі – электронды шот-фактуралармен автоматты түрде интеграциялау. Бұл тетік арқылы жеткізушінің нақты жұмыс тәжірибесі мен шынайы іс-әрекеті тексеріледі. Бұрынғыдай жалған құжаттармен тендерге қатысуға жол берілмейді. Осындай ережелері үшін де қордың сатып алулары халықаралық қаржы ұйымдарының жоғары бағасын алды дейді «Самұрық-Қазына» қорының Даму және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры Салтанат Ерболқызы.
«Жүйенің сенімділігі мен тиімділігі халықаралық деңгейде мойындалған. Еуропа қайта құру және даму банкі «Самұрық-Қазынаның» сатып алу жүйесін өзінің ұсыныстарына енгізген. Олар қордың сатып алу жүйесін ашық әрі тиімді деп таныды. Бұл халықаралық ұйымдардың ресми бағасы», деді ол.
Өндірісті нығайтудағы ерекше тәсіл
«Самұрық-Қазына» қоры жүзеге асырып жатқан импортты алмастыру жобалары бүгінде өндірісті жандандырып қана қоймай, өңірлік жұмыспен қамту, бюджетке түсетін салық көлемі, экспорттық әлеует сияқты маңызды бағыттарға нақты үлес қосып келеді.
Мысалы, трансформаторлар шығаратын «Asia Trafo» компаниясымен 39,9 млрд теңгеге офтейк-келісімшарт жасалған. Ол қорға қарасты үш ірі ұйым – «KEGOC», «Қазақстан темір жолы» және «ҚазМұнайГазға» қажетті өнімді жеткізіп жатыр. Бұдан бөлек, ТМД елдеріне бағытталған экспорт көлемі де артып, 15 миллиард теңгенің өнімі сыртқа шыққан.
Тағы бір мысал, «Проммашкомплект» компаниясымен серіктестік аясында бағыттамалы бұрмалар өндірісі жолға қойылды. Бұл – еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруда маңызды қадам. Жоба аясында жалпы құны шамамен 78 млрд теңге болатын келісімдер жасалып, бүгінде оның 6,1 млрд теңгесі орындалған. Жергілікті қамту үлесі – 62,8 пайыз.
Сонымен қатар Ақтөбе рельс-арқалық зауытымен шамамен 336 миллиард теңгелік ұзақмерзімді келісім жасалды. Қазірдің өзінде 141 мың тонна дайын өнім жеткізілген. Тек 2024 жылдың өзінде бұл жобадан мемлекет бюджетіне 3 млрд теңгеден астам салық түскен.
Келесі ірі бастама – «Қазақстан темір жолы» және әлемдік ірі компания «Alstom»-мен бірлесіп, елімізде электровоз шығару жобасы. Жобаның жалпы құны – 967,3 млрд теңге, Астанадағы зауытта 1 200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылған. Сонымен қатар 2022 жылдан бері Штадлермен бірлесіп вагон өндірісі жолға қойылған. Алғашқы партия 2025 жылдың желтоқсанында жеткізіледі. Зауытта 560 жұмыс орны ашылмақ, жергілікті өндіріс үлесі – 35 пайыз.
Ал «ҚазМұнайГаз» бен «Каскор-Машзавод» бірлескен жобасы аясында Жаңаөзен қаласында мұнайға арналған жабдықтар өндіретін жаңа зауыт салынып жатыр. 130 миллиард теңгенің келісімшарты жасалып, зауыт ашылған соң, 251 жергілікті тұрғын жұмысқа алынбақ.
«Самұрық-Қазына» өкілдерінің айтуынша, қор бұл жұмыстармен шектелмейді. Отандық тауар өндірушілерді қолдауға арналған іс-шаралар жалғасын тауып, алдағы уақытта көрсеткіштерді арттыру, отандық өндірісті дамыту мақсатында жаңа жобаларды әзірлеп, жүзеге асыру жоспарланып отыр.