Қазіргі уақытта Ертіс-Баян өңірінде мобильді кешендермен және тіркегіштермен жабдықталған 20 патрульдік автокөлік бар. Өңір полициясы автокөліктердің қозғалысын бақылайтын мобильді кешендер мен камералар санын көбейтіп, жолдағы қауіпсіздікті күшейту көзделіп отыр. Осы орайда Өңірлік жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Қуаныш Мұстафиновты әңгімеге тарттық.
– Кейінгі уақытта жүргізушілер қауымы облыс аумағында мобильді кешендер орнатылған патрульдік көліктердің көбейгенін байқап отыр. Бұл неден туған қажеттілік? Айыпппұлды еселеп, бюджеттің бүйірін томпайту үшін бе, әлде жүгенсіз жүргізушілерді құрықтаудың амалы ма?
– Павлодар облысы бойынша мобильді кешендермен және тіркегіштермен жабдықталған патрульдік машиналардың саны бүгінде 20-ға жетті. Оның жартысы – «Кибер Шериф» және өзгесі «Ekin Patrol» жүйелері. Барлық жүйе ықтимал жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында республикалық, облыстық және аудандық маңыздағы автожолдар бойына жұмылдырылған. Сондай-ақ бірнешеуі облыс орталығындағы қоғамдық тәртіпті және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысады. «Кибер-шериф» пен «Ekin Patrol» борттық аппараттық-бағдарламалық кешендері 360 градуста фото-бейне тіркеуін және панорамалық бейне жазбасын жүзеге асыра алады. Атап айтқанда, мемлекеттік тіркеу нөмірлерін тану, іздеу базалары бойынша техникалық құралдарды автоматты түрде тексеріп, инспекторларды хабардар ету. Ең соңы, геоақпараттық жүйелерді пайдалана отырып, автокөліктердің жылдамдығын анықтайды. Жаңашыл технологияның барлығы азаматтардың қауіпсіздігін нығайтуға, жүргізушілердің тәртібін арттыруға бағытталған.
– Егер әлгіндей патрульдік көліктер жолдағы тәртіпті торуылдау кезінде арнайы жарық сигналдарын қоспаса, полицей қызметкерлері заңды бұзған болып есептеле ме?
– Патрульдік-бекеттік қызмет атқару нұсқаулығына сүйенсек, полиция инспекторы тікелей автожолды патрульдеу кезінде жалпыға ортақ жол қозғалысы ережелерін ұстанады. Ал жол-көлік оқиғасы туралы шақыру немесе хабарлама түскен жағдайда, жол қозғалысында басымдық алу үшін көк және қызыл түсті жарық маягын, арнайы дыбыс сигналын қосып қозғалуы қажет. Күндізгі мезгілде арнайы сигнал жол қозғалысы ережелерін бұзушылықты тікелей анықтаған жағдайда ғана қолданылады. Ал жол қозғалысына қатысушылардың жол ережесін бұзған сәтін түсіру кезінде патрульдік көліктің жарық сигналы қосылмай тұрса, ол заң бұзушылық болып есептелмейді. Себебі құқықбұзушылық автоматты бағдарламалық жүйемен анықталады.
– Ал түнгі уақытта ше?
– Полиция қызметкерлерінің патрульдік бекеттік қызметті атқаруы жөніңдегі нұсқаулықты бекіту туралы Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 15 ақпандағы №164 бұйрығында тәуліктің қараңғы уақытында патрульдеу тұрақты жарық сигналын қолдана отырып жүзеге асырылады деп көрсетілген. Бұл бұйрықты бұзған полиция қызметкерлеріне Құқық қорғау қызметі туралы заңның 57, 58-баптарына сәйкес шара қолданылады.
– Былтыр облыстағы мобильді кешендер неше заң бұзушылықты тіркеді?
– 2024 жылы Павлодар облысы аумағында мобильді кешендердін көмегімен 35 мыңнан аса ұйғарым шығарылып, жалпы сомасы 488 млн теңгеден асатын айыппұл салынды. Заңбұзушылықтың басым бөлігі – жылдамдықты арттыру.
– Өңірде «Сергек» жүйесіне ұқсас камералар орнату қарастырылған ба? Ол қашан жүзеге асырылады?
– Биыл Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында, сондай-ақ республикалық маңызы бар автожолдарда заң бұзушылықтарды тіркеу жүйелерін орнату жоспарланған. Бұл – ең әуелі жергілікті атқару биліктерінің құзырындағы мәселе. Облыста бұл бойынша арнайы жоба қабылданып, қаражат қарастырылған. Жаңа жүйелер орнатылса, жүргізушілердің тәртібі нығайып, жол-көлік оқиғалары азая түседі деген үміттеміз.
– Жол-көлік апаттарының көбеюіне көбіне қандай жағдай себеп болып отыр?
– Жүргізушілердің қарсы бағытқа шығып кетуі, жылдамдықты шамадан тыс асыру мен жаяу жүргіншілерге жол бермеуі қайғылы жағдайға жиі соқтырып жатыр. Жыл басынан бері облысымызда жол-көлік апатының саны 57 пайызға өскені байқалды. Оның ішінде қаза тапқандар саны көбейіп, зардап шеккен адамдардың үлесі 62 пайызға артқан. Автожолдарда жылдамдық режімін бұзған 26 мыңға жуық жүргізуші анықталды. Жылдамдықты арттыру – өңір жолдарында ең көп таралған заң бұзушылықтың бірі. Мысал үшін жақында Астана – Павлодар автожолы бойында «Haval dargo» автокөлігі сағатына 207 шақырыммен жүйткігені камераға түсіп қалды. Жүргізуші 157 280 теңге сомасында айыппұл төледі. Тағы бір жағдайда «Range Rover» автокөлігі ұсталды. Ол сағатына 237 шақырым жылдамдықпен жүрген. Кез келген шектен тыс жылдамдық жол қозғалысына қатысушылар үшін үлкен қауіп төндіреді. Олардың барлығы жазасыз қалмайды. Айыппұлға жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін қолданылатын әкімшілік шара емес, ережелерді сақтаудың маңыздылығын, қозғалысқа қатысушылардың өмірі мен денсаулығына құрметпен қарауды еске салатын тәртіптік құрал ретінде қараған дұрыс.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Мұрат ҚАПАНҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Павлодар облысы