Кейінгі жылдары онлайн сауда мен жеткізу қызметінің қарыштап дамуына байланысты елімізде курьерлік қызмет атқаратын адамдар, әсіресе жасөспірімдер қатары күрт көбейді. Таяу күндері мектепте сабақ аяқталып, оқушылар жазғы демалысқа шықты. Енді бұл кәсіп түрін таңдаған жастардың қатары бұрынғыдан да артатыны түсінікті.
Расында, курьер болу – арнайы мамандығы жоқ жастар үшін қолайлы жұмыс. Өйткені ол жерде ешкім сенен диплом немесе еңбек өтілін талап етпейді. Бар болғаны смартфоныңа жұмыс беруші мекеменің қосымшасын көшіріп, пайдалана алсаң, жеткілікті. Сондай-ақ өзің тұратын елді мекеннің ішін жақсы білгенің жөн. Бұл қолына қос-қостан телефон ұстап, желінің жілігін шағып, майын ішкен әрбір жасөспірім үшін – «екі қолға бір күрек» екені сөзсіз.
Сонымен қатар көп адам курьер болып жұмыс істеу баланы жастайынан еңбекке баулу мен ақша табуға үйрету, бос уақытын тиімді пайдалану үшін жақсы мүмкіндік деп санайды.
Дегенмен медальдің екі жағы болатыны секілді, курьерлік қызметтің қауіпті тұстары жайында да қоғамда гу-гу әңгіме көп. «Сөмкеңе есірткі, жарылғыш зат салып жібереді екен» деп баласын бұл жаққа аяқ бастырмай отырған ата-ана аз емес. Бұған қоса жасөспірімнің жеке қауіпсіздігі де алаңдатпай қоймайды. Біріншіден, ол жаяу, велосипедпен немесе басқа да көлікпен күні бойы көшеде жүріп тасымал жасайды. Жол ережесін бұзып, өмірі мен денсаулығына қатерлі жағдайға тап болуы ғажап емес. Екіншіден, затты жеткізу барысында түрлі мекенжайға барып, бөтен адамдармен жолығады. Оның алдынан кімнің шығатынын бір құдай білсін. Мәселен, жуырда елге танымал әнші мен жасөспірім курьердің арасында болған даулы жағдай көптің есінде шығар.
Осы орайда біз жасөспірімдердің курьерлік қызметпен айналысуы қаншалықты заңға сай әрі қауіпсіз деген мәселе бойынша Ішкі істер министрлігіне арнайы сауал жолдап, жауап алған едік. Сонымен, министрліктің мәліметінше, Еңбек кодексіне сәйкес еңбек шарты азаматпен он алты жасқа толғаннан кейін жасалады. Алайда кейбір жағдайда еңбекке ертерек араласуға да рұқсат етіледі екен.
«15 жастан бастап: егер жасөспірім негізгі орта немесе жалпы орта білім алған болса, ата-анасының немесе заңды өкілдерінің келісімімен еңбек шартын жасай алады.
14 жастан бастап: оқушылар оқу уақытынан тыс кезде жұмыс істей алады, егер атқаратын жұмысы денсаулығына зиян келтірмесе және оқу үдерісін бұзбаса. Бұл жағдайда да еңбек шарты ата-анасының немесе заңды өкілінің келісімімен жасалуға тиіс.
14 жасқа дейін: кинематография ұйымдарында, театрларда, театр-концерттік ұйымдарда, циркте туындыларды жасауға немесе орындауға қатысуға рұқсат етіледі, егер бұл баланың денсаулығына және адамгершілік дамуына зиян келтірмесе және бұл қызмет заңнамада белгіленген талаптарға сай жүргізілсе» делінген ведомство жауабында. Бұдан біз 14 жасқа толған жасөспірім сабақтан тыс уақытта және бос кезінде заң жүзінде курьер болып жұмыс істей алатынын түсініп отырмыз.
Сонымен қатар ІІМ жауабында 18 жасқа толмаған жұмыскерлерге қысқартылған жұмыс уақыты белгіленетіні, атап айтқанда, 14 пен 16 жас арасындағылар үшін аптасына 24 сағаттан, 16 мен 18 жас үшін аптасына 36 сағаттан аспауға тиіс екені жазылған.
Кәмелетке толмағандарды ауыр жұмыстарға, зиянды және қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыстарға, денсаулығы мен адамгершілік дамуына зиян келтіруі мүмкін жұмыстарға (мысалы, құмар ойын бизнесі, алкоголь өнімдерін, темекі бұйымдарын, есірткі заттарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды өндіру, тасымалдау және сату) салуға, олардың түнгі уақытта, яғни сағат 22.00-ден 6.00-ге дейін жұмыс істеуіне, вахталық әдіспен жұмыс істеуіне тыйым салынады. Ішкі істер министрлігі бұл шектеулер кәмелетке толмаған жұмыскерлердің денсаулығы мен құқықтарын қорғауға бағытталғанын айтады.
Қазіргі таңда қоғамда есірткі қылмысына, әсіресе оның заңсыз айналымына жасөспірімдердің көптеп тартылуы, мәселен, «жасырып кетуші» болып жалданып жұмыс істеуі көпшілікті алаңдатып тұрғаны рас. Бұл – қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатын құқық бұзушылық. Сондай-ақ есірткі сатушылар атынан курьерлік қызмет атқаратын адамдар да өз әрекеттері үшін заң алдында жауап береді. Өйткені мұндай жағдайда курьерлер тапсырманың заңсыз екенін және тасымалданатын заттардың сипатын саналы түрде түсіне отырып, өз еркімен келіседі. Сондықтан қылмысқа қатысушы болып саналады.
Ал егер курьер болып жұмыс істеп жүрген жасөспірімнің сөмкесіне жасырын түрде тыйым салынған затты (есірткі, бомба, т.б.) салып жіберсе, оның салдары қандай болмақ? Көпшілік айтып жүргендей, мұндай оқиғалар ресми түрде тіркеліп жатыр ма? ІІМ өз жауабында полиция органдарында курьердің сөмкесіне күмәнді нәрселерді салып жіберу, оны курьердің өзі білмеуі сияқты фактілер тіркелмегенін мәлімдеді.
«Егер курьер тасымалдауға тапсырылған зат күмән тудыратынын немесе тыйым салынған болуы мүмкін екенін сезсе, ол тапсырманы орындауды бірден тоқтатуға және бұл туралы құқық қорғау органдарына хабарлауға тиіс. Өйткені тапсырманы орындау қылмысқа қатысумен теңестірілуі мүмкін. 102 нөміріне дереу қоңырау шалу немесе жақын маңдағы полиция бөліміне жүгіну қажет. Жұмыс берушімен арада болған барлық хат-хабар мен дәлелдерді (хабарламалар, телефон нөмірлері, мекенжайлар, нұсқаулықтар) сақтау керек – олар қылмыстық іс үшін маңызды айғақ бола алады. «Өзім шешемін» деп әрекет ету немесе күмәнді затты жеткізу фактісін жасыру жағдайды ушықтырып, қылмысқа қатысы бар деген күдік тудыруы мүмкін» делінген жауапта. Сондай-ақ сала мамандары өз әрекетінің заңсыз екенін білмеу адамды заң алдындағы жауапкершіліктен құтқармайтынын да еске салады.
Біз елордамызда тамақ пен тауар жеткізу қызметін атқаратын «Wolt» компаниясына хабарласып, осы мақаламызда көтерілген мәселелер туралы сұраған едік. Олар компанияға курьер ретінде жұмысқа тек 18 жасқа толған адамдар ғана қабылданатынын айтты. Ал курьердің сөмкесіне заңсыз заттарды салып жіберу секілді келеңсіз оқиғалар ешқашан болмағанын, өйткені компания тек ресми мекемелермен келісімшарт жасасып, жеткізіп берумен айналысатынын мәлімдеді.