Қазақстан алғашқы атом электр станциясының (АЭС) құрылысын бастауға дайындалып жатыр — бұл қадам елдің энергетикалық картасын өзгертуге қабілетті. Алайда, айқын мәлімдемелердің артында сан алуан жорамалдар да бар. Осы орайда, Zakon.kz Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиевтен қоғамда туындаған түрлі болжамдарға түсініктеме беруін сұрады.
— Саябек Қуанышбекұлы, Қазақстандағы ядролық кластерді дамытудағы Ядролық физика институтының рөлі туралы айтып берсеңіз.
— Ядролық физика институты — іргелі және қолданбалы зерттеулерден бастап өнім өндіруге дейінгі толық циклді ғылыми-өндірістік институт. Біз медициналық және өнеркәсіптік мақсаттағы изотоптарды өндіру технологияларын дамытып келеміз, олардың қатарында Mo-99, I-131, F-18, Ir-192 және Co-57 бар.
Сондай-ақ, нейтрондық талдау, радиациялық стерилизация және радиациялық диагностика әдістері енгізілуде. Институт халықаралық серіктестермен бірлескен зерттеулер жүргізеді.
Бұған қоса, атом энергетикасы саласында мамандар даярлау ісін тәжірибелік бағдарламалар, дипломдық жұмыстар және ғылыми жобалар арқылы жүзеге асырамыз.
Институт базасында ядролық-физикалық қауіпсіздік, радиациялық қауіпсіздік және бүлдірмей бақылау салалары бойынша үш оқу орталығы жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін бұл орталықтарда 5000-нан астам маман дайындалды.
Қазіргі уақытта институт ғалымдары төртінші буын реакторлары мен термоядролық реакторларға арналған перспективалы материалдар мен отын түрлеріне бірегей зерттеулер мен ресурс сынақтарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымында (CERN) іргелі ядролық физика саласындағы зерттеулерге қатысады.
Ядролық физика институты — еліміздегі ядролық кластердің ажырамас бөлігі, әсіресе болашақ АЭС құрылысы аясында.
Технология жеткізушісі: мәрелік кезең— Бұған дейін жыл басында АЭС құрылысындағы технология жеткізушісі анықталады деп хабарланған еді. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстардың жай-күйі қандай?
— Қазіргі уақытта Қазақстанда алғашқы атом электр станциясының реакторлық технология жеткізушісін анықтау рәсімі жалғасып жатыр.
Бұған дейін төрт әлеуетті жеткізушіден тұратын шорт-лист жасалды: Қытайдың China National Nuclear Corporation компаниясы, Ресейдің Росатом мемлекеттік корпорациясы, Францияның Électricité de France компаниясы және Оңтүстік Кореяның Korea Hydro & Nuclear Power компаниясы.
Менің білуімше, Қазақстан Республикасының Атом энергиясы агенттігі мен «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС әрбір компаниямен терең талқылаулар жүргізіп, олардың референттік атом станцияларына және өндірістік нысандарына сапар жасады.
Жақын арада компаниялардың ұсыныстары кешенді түрде бағаланып, шешім қабылданады деп күтілуде.
5,5 миллиард доллар туралы миф— Бүгінде БАҚ пен қоғамда АЭС құрылыс құны қызу талқыланып жатыр. Кейбір қауесеттерге сәйкес, қытайлық компаниялар 5,5 миллиард долларға салуға дайын деген мәліметтер тарады. Осы ақпараттың шынайылығы туралы не айтасыз?
— Бұл — қиял-ғажайып деңгейіндегі әңгіме. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, мұндай нысандардың құны шамамен 10–15 миллиард доллар көлемінде болады.
Мысал ретінде, Қытай 2013 жылы Пәкістанда екі реакторлы АЭС-ті 9,1 миллиард долларға салған. Сол уақыттан бері доллар инфляциясын ескерсек, қазіргі бағамен бұл сома 12,5 миллиард долларды құрайды.
Осы орайда Қытайдың Қазақстанда қуаттылығы 2,4 ГВт болатын екі энергоблокты 5,5 миллиард долларға салуы туралы ақпарат шындыққа жанаспайды.
Жобаның ауқымын және әлемдік тәжірибені ескерсек, мұндай бағада АЭС салу мүмкін емес.
Қытай Карачи АЭС-інің 2 және 3-блоктарын салды, әр блоктың қуаты шамамен 1050 МВт. 2013 жылдан бері тұтынушылық бағалар индексі бойынша инфляция 137,2% болды.
АЭС құнын қалыптастыратын факторлар— АЭС құрылысының құнын қандай негізгі факторлар қалыптастырады?
— АЭС құрылысының жалпы құнын бірнеше фактор айқындайды, атап айтқанда:
Инженерлік-іздестіру жұмыстарының нәтижелері — орналасатын жердің метеорологиялық және сейсмологиялық жағдайлары құрылыстың жүруіне әсер етеді. Бұл ретте қауіпсіздік мәселесі негізгі басымдыққа ие.
Халықаралық өндірушілердің жабдықтарын қолдану — құрылыс барысында белгілі бір жабдықтарды консорциум құрамына кірмейтін арнайы компаниялардан сатып алу қажеттігі туындауы мүмкін.
Жергілікті өндірістегі жабдықтар мен құрылыс материалдарының деңгейі — яғни жергілікті инфрақұрылымның халықаралық сапа стандарттарына сәйкестігі.
Құрылыс-монтаж ұйымдары мен білікті мамандардың қатысу деңгейі — құрылыс үшін қажетті кадрлар бар ма немесе сырттан мамандар тарту қажет пе.
Логистикалық, қаржылық және басқа да шығындар.
Бұл — көптеген факторларға тәуелді күрделі процесс.
Жалпы, АЭС құрылысы мәселесінде тек қаржылық аспектілерге назар аудару дұрыс емес. Бұл — еліміздің ядролық кластерін дамытумен бірге бүкіл экономиканың мультипликативті дамуына серпін беретін жоба.
Атом энергетикасының баламасы бар ма?— Саябек Қуанышбекұлы, атом энергетикасына балама бар ма?
— Қазіргі шынайы жағдайды, экологиялық, климаттық және экономикалық факторларды ескере отырып, АЭС салу — дұрыс шешім деп санаймын.
Еске сала кетейін, Қазақстанда АЭС құрылысы өңірдің энергетикалық өзін-өзі қамтамасыз етуі үшін маңызды экономикалық жоба ретінде 1990 жылдардан бері қарастырылып келеді. Құрылыс кезінде ең жоғары әлемдік қауіпсіздік стандарттарына сай келетін заманауи технологияларды қолдану жоспарланған. 2024 жылғы 6 қазанда елімізде АЭС салу мәселесі бойынша референдум өтті. Ресми дерек бойынша, дауыс беруге сайлаушылардың 63,66%-ы қатысып, олардың 71,12%-ы АЭС салуды қолдады. 2025 жылғы ақпанда Қазақстан Үкіметі алғашқы АЭС-ті Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Үлкен ауылында салу орнын ресми түрде бекітті.