Қарағанды облысының Осакаров ауданында 6000 басқа арналған заманауи сүт-тауар фермасының құрылысы басталды. Құны 30 млрд теңгеден асатын бұл ауқымды инвестициялық жоба – еліміздегі сүтті мал шаруашылығы саласындағы ең ірілерінің бірі, деп хабарлайды Egemen.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
СТФ қуаты жылына 9 мың тонна сүт өндіруге жетеді, ал кешен толық іске қосылғанда 180 жаңа жұмыс орны ашылады.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Осакаров ауданына сапары барысында жобаның жүзеге асу барысымен танысып, болашақ нысанның іргетасына ескерткіш тасты орнатқан.
«Бұл өте қажетті және маңызды жоба. Жақында Нұра ауданында 1200 басқа арналған СТФ ашылды. Енді жаңа бастамалардың арқасында сүт зауыттарын толық отандық шикізатпен қамтамасыз етеміз», деді әкім.
Айта кетейік, жобаны «Евразия Инвест LTD» ЖШС жүзеге асырып жатыр. Компания құрылтайшысы Иван Георгиади кешеннің бірінші кезеңі биыл іске қосылатынын, ал фермада голштин-фриз тұқымды сиырлар өсірілетінін мәлімдеді.
«Кешеннің жеке жем-шөп базасы болады. Биыл мың гектар жерге жүгері мен жоңышқа егілді. Болашақта кәсіпорын суармалы жер көлемін 10 мың гектарға дейін ұлғайтып, 120 жаңбырлатып суару машинасын орнатады», деді Иван Георгиади.
Сонымен қатар, жобада 12 мың тоннаға арналған көкөніс сақтайтын қойма салу жоспарланған.
Айта кетейік, биыл Осакаров ауданында егістік көлемі 450 мың гектарға дейін ұлғайған. Бұл былтырғыдан 34,5 мың гектарға көп. Сондай-ақ мал басы мен өнім көлемі де артқан.