• RUB:
    6.46
  • USD:
    510.19
  • EUR:
    582.79
Басты сайтқа өту
Экология Кеше

Заңсыз балық аулаушыларға 10 млн теңге айыппұл салынды

40 рет
көрсетілді

16 сәуір мен 30 мамыр аралығында Зайсан-Ертіс бассейнінде көктемгі уылдырық шашу кезеңінде балық қорларын қорғауға бағытталған «Уылдырық шашу-2025» акциясы өткізілді. Осы маңызды кезеңде Зайсан-Ертіс өңіраралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясының қызметкерлері су айдындарында бақылауды күшейтіп, балықты заңсыз аулаудың алдын алуға және олардың табиғи мекен ету ортасын сақтауға күш салды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шығыс Қазақстан облысында жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында 117 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның 92-сі – заңсыз балық аулау, 24-і – кеме қозғалысы ережелерін бұзу, 2 жағдай – су айдындарын ластау, 1 жағдай – балықты заңсыз тасымалдау дерегі болды. Тәркіленген заттар қатарында 133 бірлік балық аулау құралдары мен көлік құралдары бар, оның ішінде 130 ау және 3 жүзу құралы. Тәркіленген балықтың жалпы салмағы 44 кг. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы – 2 422 000 теңге. Балық қорына келтірілген залал – 127 000 теңге.

Бұл туралы Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысының орынбасары Фархат Байбазаров мәлімдеді.

Жыл басынан бері инспекция 656 рейд жүргізіп, 444 әкімшілік іс тіркеген. Жалпы сомасы 10 миллион теңгеге айыппұл салынып, оның 9 миллионы өндірілді. 1 336 кг-нан астам заңсыз ауланған балық және 973 бірлік аулау құралдары, соның ішінде ау, қармақ, қайық пен моторлар тәркіленді.

«Уылдырық шашу» акциясымен қатар 1–31 мамыр аралығында жыл сайынғы «Таза су айдындары» экологиялық науқаны өтті. Науқанның мақсаты – балық шаруашылығы су айдындарын қоқыстан және иесіз қалқымалы аулардан тазарту, сондай-ақ халықтың экологиялық мәселелерге назарын аудару. Іс-шараға 271 адам, 67 техника, оның ішінде 16 жүзу құралы жұмылдырылды. Жұмыстар барысында 33,5 тонна қоқыс жиналып, 116 балық аулау аулы судан шығарылып, жойылды. Инспекция жағалаудағы ауылдардың тұрғындарымен, мектеп оқушыларымен және студенттермен кездесулер өткізіп, табиғатты қорғау және балық аулау ережелерін сақтау маңыздылығын түсіндірді.

Балық қорларын молайту мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. 2025 жылғы көктемде Бұқтырма және Өскемен су қоймаларына шамамен 12 миллион сиг тұқымдас балық шабақтары пелядь және рипус жіберілді. 2024 жылы жалпы 28,5 миллион балық жіберіліп, оған 75 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсалды. Сондай-ақ, экологиялық залалды өтеу аясында кәсіпорындар су айдындарына 3,5 миллионға жуық балық жіберді. Өскемен, Шүлбі және Бұқтырма СЭС-тері 34 миллион теңге көлемінде залалды өтеді. Мемлекеттік тапсырыс бойынша ШҚО су айдындарына тағы 12,5 миллионнан астам шабақ жіберіліп, оған 77 миллион теңге бөлінді.

Барлық іс-шаралар аумақтық инспекция, ғылыми қауымдастық, жергілікті атқарушы органдар мен қоғамдық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен өткізілді.

Бұдан бөлек, Үкімет қаулысымен бекітілген 2030 жылға дейінгі балық шаруашылығын дамыту бағдарламасының жүзеге асырылуына да ерекше көңіл бөлінуде. Бағдарламаның мақсаты – халықты балық өнімдерімен қамтамасыз ету, аквамәдениетті дамыту және су биоресурстарын сақтау. Бағдарлама аясында жем-шөп, құрал-жабдық пен дәрі-дәрмектерге жұмсалатын шығындарды субсидиялау, инвестициялық шығындарды өтеу, сондай-ақ 10 жылға дейін 2,5% жеңілдетілген несие беру қарастырылған. 2024 жылы ШҚО-да балық шаруашылығын қолдауға 424 млн теңге жем-шөп пен құрал-жабдық сатып алуға, тағы 25 млн теңге техника мен көлік алуға бөлінді. Сондай-ақ, балық аулау шаруашылықтарын балық өсіруші мәртебесіне көшіру басталып, бұл рәсімді 8 кәсіпорын аяқтады.

Шығыс Қазақстан облысы

Соңғы жаңалықтар