Қазақстан Кореядан Алматы, Астана және Шымкентке тікелей рейстер жиілігін аптасына 17 рейске дейін арттырды. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Оңтүстік Корея – Қазақстан үшін маңызды туристік нарықтардың бірі. 2024 жылы елімізге 40 180 кореялық келген. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда +12,8% әрі пандемияға дейінгі көрсеткішке тең. Қонақүйлерде түнеген туристер саны да 26 861 адамға жетіп, 12%-ға өскен. Министрлік екі ел арасындаығ туристік қатынастың дамуына визасыз режим, тікелей рейстердің көбеюі және белсенді ілгерілету жұмыстары ықпал етіп отырғанын атап өтті. Сеулде өткен B2B кездесулерінде қазақстандық туроператорлар Кореяның 60-тан астам компаниясымен келіссөздер жүргізген. Шараға Kazakh Tourism, Almaty Tourism Bureau, Air Astana, SCAT және «Шымбұлақ» курорты белсенді қатысқан. Іс-шара Қазақстанның Кореядағы елшілігінің қолдауымен өткен.
«2024 жылы Қазақстан экономикасы 5,1%-ға өсті. Шетелдік инвестициялар көлемі рекордтық деңгейге жетті. Мемлекет қолдауының арқасында туризм, оның ішінде MICE-сектор белсенді дамып келеді. 2025 жылы Астанада өткен халықаралық форум – соның дәлелі. Оның қонақтарының бірі – БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мун болды», деді Қазақстанның Корея Республикасындағы елшісі Нұрғали Арыстанов
Сондай-ақ Алматы туризм басқармасы Сеулдегі SITF халықаралық көрмесіне қатысу процесін ұйымдастырып жатыр. Ал сәуірде Kazakh Tourism және Air Astana Кореяның 9 ірі туроператорына ақпараттық тур өткізген.