• RUB:
    6.46
  • USD:
    510.19
  • EUR:
    582.79
Басты сайтқа өту
Ғылым 05 Маусым, 2025

Жасыл технологияны талқылады

30 рет
көрсетілді

Nazarbayev University-де IV ха­лық­аралық жаңа ма­териал­дар мен құрыл­ғы­лар симпозиумы өтті. Оған әлемнің он бес елінен ға­лым­­дар келіп, осы салаға қа­тыс­ты ғылыми мәселе­лер­ді тал­қылады.

Мазмұнды жиынның ашылуында NU пре­­зи­денті, профес­сор Вакар Ахмад климаттың өзгеруі мен қоршаған ортаның дег­ра­да­циясы аясында тұрақты энер­ге­ти­калық шешімдер өте маңызды екенін жеткізді.

«Жаңартылатын энергия көз­дері саласындағы білім мен зерттеулер — негізгі міндетіміздің бір бөлігі. Сондықтан біз күн, жел және таза энергияның басқа да түрлері саласында инновациялық технологияны әзірлейтін болашақ көшбасшыларды даярлап жатырмыз», деді ол.

Симпозиумда ғалымдардың 46-дан астам баяндамасы тың­дал­­­ды. Онда күн батареялары, биомасса, сутекті өндіру және сақтау, кванттық қосымшаларға арналған топологиялық материал­дар туралы сөз болды. Сонымен қатар іс-шара аясында қонақтарға отандық ғалымдардың осы сала­дағы ғы­лы­­ми әзірлемелері ұсы­ныл­ды. Әсі­­ресе оларды NU жа­нын­дағы Жа­ңартылатын энергия көз­де­рі зертханасы ғалымдары да­­йындаған икемді электроника мен биосенсорларға ар­нал­ған кеуекті полимерлер ерек­­ше қызықтырды. Бұл материал деформацияға төзім­ді әрі киілетін құрылғылардың тиім­­ді­лігін арттырады. Сондай-ақ биомасса материалымен жұмыс істейтін топтың аға ғылыми қыз­мет­кері М.Шаймарданның же­тек­шілігімен жасалған фурфурал (жүгері құлақтарынан алын­ған органикалық қосынды) не­гізіндегі гипертонияға қарсы дәрі де ұсынылды. Фур­фурал АҚШ Энергетика министр­лі­гінің нұсқасы бойынша ең перспективалы биозат­­тар­дың бірі саналады.

Бір жағынан, NU жанындағы Жаңар­тылатын энергия көздері зертханасының басшысы, профессор Нұршат Нұражының ай­туын­­ша, мұндай жиын ғалым­дар­дың бір-бірімен тәжірибе алмасып, бірлескен зерттеулерді дамытуға пайдасы мол.

Ал Батыс Шотландия универ­ситетінің профессоры Моджтаба Мирзаэян біздің ел ғылымының белсенді дамуына тәнті болғанын жеткізді.

«Қазақстаннан келген талантты студенттер Шотландия және Оксфордтағы зертханамда тағы­­­лым­дамадан өтіп, үздік нәтижелер көрсетті», деді ол.

Қысқасы, симпозиум NU-дың өңірлік ғылыми хаб ретіндегі орнын нығайта түскенін тағы бір дәлелдеді.

Соңғы жаңалықтар