• RUB:
    6.46
  • USD:
    510.19
  • EUR:
    582.79
Басты сайтқа өту
Алматы 04 Маусым, 2025

Даңқты альпенистке арналған көрме ашылды

90 рет
көрсетілді

Алматыдағы Мемлекеттік орталық музейде Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Алматы қаласы альпинизм федерациясының қолдауымен дүниежүзіндегі көптеген алып шыңдарды бағындырған жерлесіміз, даңқты альпенист Анатолий Букреевті еске алуға арналған бірегей фотокөрме ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Айрықша жобаны ұйымдастыруға  «Серпінді даму альянсы» мен Оңтүстік Орал мемлекеттік тарихи музейі де үн қосқан. «Анатолий Букреев: Шыңға өрлеу» деп аталған көрме – бірнеше ауқымды тақырыпты қамтыды. Аты аңызға айналған альпинист – Эльбрус шыңын 1 сағат 47 минутта бағындырған (1990 ж.) және Қазақстанның Тұңғыш Президентін Абай шыңына алып шыққан (1995 ж.) тарихтағы жалғыз альпинист.

Тағылымды шарада көрермен назарына Анатолий Букреевтің жеке мұрағатынан алынған 100-ге жуық сирек фотосурет, құжаттар, марапаттар мен жеке күнделіктер ұсынылды. Бұл материалдар оның спортшы, альпинизм шебері ретінде қалыптасуын, отбасын, оқу жылдарын, халықаралық дәрежедегі спорт шебері ретіндегі мұрасын және жетістіктерін айқын көрсетеді. Ол – Жер шарындағы 14 сегізмыңдық шыңның 11-ін бағындырған тұлға.

Көрмеде сонымен қатар суретші әрі сәулетші Андрей Старковтың Анатолий Букреевке арналған 18 өнер туындысы қойылды. Олардың қатарында «Тьянгбоче монастырінен қарағандағы Эверест көрінісі», «Хан-Тәңірі – Рухтар әміршісі», «Абай шыңы – кешкі тұман ішінде», «Амангелді шыңы» және басқа да картиналар бар.

Көрмені ашқан Мемлекеттік орталық музей директорының міндетін атқарушы Сержан Саров, артына өшпес із қалдырған дарынды спортшының өмір-белестері осы салаға қызыққан жастарға жарқын үлгі екенін айтты. Іс-шара барысында қазақстандық альпинист, журналист Галина Муленкова сөз сөйлеп, көрме кейіпкері туралы өзі түсірген фильмдерді тілге тиек етті. Ал көрме ұйымдастырушысы Андрей Букреев пен суретші, Букреевтің соңғы экспедициясына қатысқан Андрей Старков альпинисттің қаһармандық жолын баяндады.

Шараға тау туризмі саласының өкілдері, Анатолий Букреевтің үзеңгілес достары мен оның жарқын бейнесін құрметтейтін азаматтар қатысты.

Соңғы жаңалықтар