ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті азық-түлік өнімдеріндегі қоректік заттардың арнайы профилін әзірлеуге кірісті. Бұл бастама жұқпалы емес аурулардың алдын алу мақсатында қолға алынған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ведомство таратқан мәліметке сәйкес, қоректік заттар профилін анықтау – бұл құрамында артық қант, тұз және трансмайлар бар өңделген азық-түліктерді жүйелеу мен жіктеудің әдісі. Мұндай тәсіл халық, әсіресе балалар арасында аурулардың алдын алуға бағытталған.
«Азық-түлік өнімдерінің маркетингі семіздікке әкелетін орта қалыптастыратын маңызды фактор болып табылады. Ол дұрыс емес тамақтану дағдыларын насихаттап, тұтынушылардың талғамына әсер етеді. Балалар мен жасөспірімдер жиі фастфуд, тәтті сусындар, кондитерлік өнімдер және дайын таңғы астар сияқты май, қант және тұзы көп өнімдерді жарнамалаушы компаниялардың нысанасына айналады», делінген комитет хабарламасында.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) азық-түлік өнімдерінің балаларға бағытталған маркетингінің зиянды әсерін мойындап, зиянды тағамдар мен алкогольсіз сусындарға қатысты жарнамаға шектеу қою бойынша ұсынымдар әзірлеген. Осы ұсынымдарға сүйене отырып, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 2025–2026 жылдарға арналған «Дұрыс тамақтануды ілгерілету» жол картасына сәйкес нақты шараларды іске асыруды бастаған.
«Қоректік заттар профилін әзірлеу арқылы құрамында қаныққан майлар, трансмай қышқылдары, бос қанттар мен тұз мөлшері жоғары өнімдердің маркетингінің ауқымы мен сипатын бақылауға және бағалауға мүмкіндік туады. Бұдан әрі ондай жарнаманы шектеу шаралары қолға алынады», делінген хабарламада.