• RUB:
    6.46
  • USD:
    510.19
  • EUR:
    582.79
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Маусым, 2025

Оңтүстіктегі шаруаларға 2,5 млрд текше метрден астам су берілді

70 рет
көрсетілді

Суару маусымы басталғалы Түркістан облысында су алу мөлшері - 1,3 млрд текше метрді құрап, 276 мың гектар жер суарылған. Қызылорда облысында су алу 950 млн текше метрді құрады. Суарудың жалпы ауданы 105 мың гектарға жеткен, деп жазады Egemen.kz.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, Жамбыл облысының «Қазсушар» филиалы 31 мың гектар егіс алқабын суару үшін 107 млн текше метрден астам су берген. Жетісу облысының шаруаларына 127 млн текше метр су беріліп, 18 мың гектардан астам жер суарылып, 11 мың гектардан астам жер ылғалдандырылған. Д.Қонаев атындағы «Үлкен Алматы каналы» филиалы 5210 гектарды суаруға 33 млн текше метр су берген.Қолайлы ауа райы мен суармалы судың ерте берілгенінің арқасында Түркістан облысының диқандары сәуірдің ортасында қырыққабаттың алғашқы өнімін жинады. Ал мамыр айының соңғы онкүндігінде қауынның, маусым айының алғашқы аптасында қарбыздың алғашқы өнімін жинады.Биыл «Қазсушар» филиалдары шаруалармен суармалы су беру жөнінде 20 402 келісімшарт жасасты. Министрлік  «Қазсушар» филиалдары мекемемен келісімшартқа отырған шаруаларға ғана суармалы су беретінін ескерткен.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сай Су ресурстары және ирригация министрлігі судың «көлеңкелі» нарығымен күрес жүргізіп жатыр. Мәселен, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының мамандары Түркістан облысы Шардара ауданының Жаушықұм суару алқабынан тіркелмеген 24 сорғы қондырғысын анықтады. Тексеру нәтижелері тиісті шаралар қабылдау үшін жергілікті атқарушы органдарға жолданды. Айта кетерлігі, жаңа Су кодексінде бұл мәселеге ерекше көңіл бөлініп, су саласындағы құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік күшейтілген. Құжат 10 маусымда күшіне енеді», деді Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Алмас Мұсабеков.Қырғыз Республикасымен жасалған келісімге сәйкес, биылғы вегетациялық кезеңде Шу өзені арқылы Қазақстанға 180 млн, ал Талас өзені арқылы 400 млн текше метр су келеді деп күтіліп отыр. Сырдария өзені арқылы Шардара су қоймасына шамамен 3,7 млрд текше метр су түседі деп жоспарланып отыр.Межелі түрде тұрақты су жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында, 30 мамырда Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстан арасындағы «Бахри Точик» су қоймасының маусым-тамыз айларындағы жұмыс режимі бойынша үшжақты кесте бекітілген. Бұл құжат шеңберінде Қазақстанға вегетациялық кезеңде Достық каналы арқылы кемінде 491 млн текше метр су жіберіледі.Айта кетейік, вегетациялық кезеңді қауіпсіз өткізу мақсатында «Қазсушар» филиалдары 627 шақырым ирригациялық каналды механикалық тәсілмен тазалап, 488 гидротехникалық құрылысжайға жөндеу жұмыстарын жүргізген. Биыл жалпы 517 гидротехникалық құрылысжайды жөндеу және 2 мың шақырымнан астам каналды тазалау жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда екі есе артық.