• RUB:
    6.46
  • USD:
    510.19
  • EUR:
    582.79
Басты сайтқа өту
Экономика 04 Маусым, 2025

Ә.Смайылов дәрімен қамту саласындағы кемшіліктерді атады

120 рет
көрсетілді

Қазақстанда азаматтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесіне жүргізілген мемлекеттік аудит аяқталды. Аудит нәтижелерін бүгін Мәжілістің жалпы отырысында  Жоғарғы аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов баяндады, деп жазады Egemen.kz.

2024 және 2025 жылдары жүргізілген екі аудит нәтижесінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесінде бірқатар өзекті мәселелер мен кемшіліктер анықталған. Смайыловтың айтуынша, олар ғылым мен өндірістен бастап, нормативтік реттеу мен халыққа дәрі-дәрмек беруді ұйымдастыруға дейін барлық деңгейде кездеседі.

Қазақстанның фармацевтика нарығының көлемі 2024 жылы 1,2 трлн теңгені құраса, оның 84%-ы – шетелдік өнім.

2022-2024 жылдары медицина ғылымын қаржыландыруға 58 млрд теңге жұмсалған. Алайда биомедициналық зерттеулерді тіркеу жүйесі мен клиникалық базалар тізілімі әлі де жасалмаған.

«Ғылыми зерттеулердің нәтижелілігі өте төмен. Соңғы 10 жылда елімізде небәрі екі түпнұсқа отандық препарат тіркелген. 4 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалғанына қарамастан, олардың біреуі Ұлттық дәрілік формулярға енгізілмеген», деді Әлихан Смайылов.

Мемлекет отандық фармацевтиканы дамыту үшін  ауқымды көлемде жеңілдіктер мен преференциялар беруде. Соңғы үш жылда осы салаға берілген преференциялардың жалпы көлемі 148 млрд теңгеге жетті. Сонымен қатар Бірыңғай дистрибьютор отандық тауар өндірушілердің өнімін 10 жыл бойы сатып алуға кепілдік беретін ұзақ мерзімді шарттар жасайды. Мұндай сатып алу көлемі соңғы бес жылда 69 млрд теңгеден 112 млрд теңгеге дейін өсті.

«Отандық тауар өндірушілерден сатып алудың жалпы көлемінің өсуіне қарамастан, отандық компаниялар жеткізетін дәрі-дәрмектер ассортименті 968-ден 507-ге дейін, яғни 2 есеге жуық азайған. Басқаша айтқанда, отандық тауар өндірушілер өндірісі жеңіл медициналық бұйымдар шығаруды ұлғайтқанымен, елімізде өндірілетін дәрі-дәрмектер саны қысқарып жатыр», деді Жоғары аудиторлық палата төрағасы.

Жұмыс істеп тұрған 200-ден астам отандық тауар өндірушінің 34-і ғана ұзақ мерзімді шарттар түрінде  мемлекеттік қолдау шарасын пайдалана алды.

Өндірістің локализациясына және инвестициялық міндеттемелерге мониторинг жүргізілмейді. Бұл талаптарды формалды түрде орындауға және жағдайды теріс пайдалануға мүмкіндік жасайды.  Мәселен, 2024 жылы жеке компания мемлекетке 8 млрд теңгеге 62 млн медициналық қолғап жеткізген. Алайда бұл қолғаптардың көлемі мен сипаттамалары компанияның сол кезеңде Тайландтан сатып алған партиясымен сәйкес келеді.

«Бұл жағдай шетелдік өнімді отандық өнім ретінде сату тәуекелін көрсетеді. Мемлекетке өнім нарықтағы бағамен салыстырғанда 2 есе жоғары бағамен сатылған. Мұндай схемалар импортты алмастыру саясатының мәнін бұрмалап қана қоймай, мемлекетке тікелей залал келтіреді», деді Әлихан Смайылов.

Палата төрағасы өндірісті локализациялау кезіндегі тәуекелдерді ерекше атап өтті. Кейбір тауар өндірушілер арзан және нашар тазартылған шикізат пайдаланады. Бұл тиісті бақылау болмаған жағдайда нарыққа сапасыз өнімдердің түсу ықтималдығын арттырады. Мысалы, компаниялардың бірінен 3 млрд теңгеге сатып алынған препараттар қолдануға жарамсыз деп танылып, есептен шығарылған. 

Аудит дәрі-дәрмекті нарыққа шығару процедураларының шамадан тыс бюрократияланғанын және ұзақ уақыт алатынын анықтады. Бірыңғай дистрибьютор жаңа дәрі-дәрмекті сатып алуы үшін ол бес түрлі тізбеге енгізілуі қажет. Қолдан жасалған шектеулер салдарынан сатып алудың басым бөлігі  бір ғана өнім берушінің қатысуымен өткізіледі. Мұндай жағдай бағаның өсуіне әкеледі.

Бағаны реттеу жүйесі дәрі-дәрмектердің қолжетімділігіне және бағаның негізділігіне қамтамасыз етпейді. Қолданыста болған үстеме бағалар жүйесі нарық үшін шекті бағаларды өндіруші зауыт бағасынан 172%-ға дейін, бюджет есебінен сатып алу үшін 35%-ға дейін негізсіз арттыруға мүмкіндік берген.

«Денсаулық сақтау министрлігі біздің нұсқамаларды орындау шеңберінде Баға белгілеу қағидаларына өзгерістер енгізіп, үстеме бағалардың регрессивті шкаласын қайта қарады», деді Ә. Смайылов.

Дәрілік заттарды сараптаудың, тіркеудің және кейіннен қадағалаудың қолданыстағы тәртібі дәрі-дәрмектің қолжетімділігін, қауіпсіздігін және сапасын қамтамасыз етпейді. Препараттарды сараптаудың рұқсат етілген нормативі 210 күн болғанына қарамастан, 2024 жылы сараптаудың орташа мерзімі 334 күнге созылған. Кейбір жағдайларда сараптама ұзақтығы 2,5 жылға дейін жеткен.

Сонымен қатар аудиторлар фармакологиялық қадағалау құралдарын тиімсіз деп есептейтінін жеткізді. Үш жыл ішінде келіп түскен дәрі-дәрмектердің жанама әсері туралы 8 мыңға жуық хабарламаға қарамастан, Фармбақылау комитеті бір ғана препаратты қолданыстан алып тастаған.

Шарттарды дер кезінде жасамау және жеткізу графиктерін сақтамау пациенттерді дәрі-дәрмекпен уақытылы қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді. Бірыңғай дистрибьютор 2022-2024 жылдары тек амбулаториялық көмек шеңберінде 207 атаудан тұратын өнімді уақытылы сатып алмаған және 164 өнімді мүлдем сатып алмаған.

Бірқатар препарат ай сайын бөліп таратылудың орнына тоқсан сайын жеткізіліп, тапшылық  туындаған. Соның салдарынан пациенттер оларды өз қаражатына сатып алуға мәжбүр болған.

2024 жылы өндірушілермен жасалған тікелей келісімшарттар бойынша сатып алынған препараттардың үлесі небәрі 9%-ды құраған. Сондай-ақ бірыңғай дистрибьютор препараттарды «СТ-KZ» сертификатынсыз сатып алып отырған, бұл соңғы үш жыл ішінде шамамен 258 млрд теңге жеткені анықталды.

Логистика шығындары үш жыл ішінде 60% өсіп, өткен жылы 11 млрд теңгеге жеткен. Бұл да дәрі-дәрмектердің бастапқы құнына әсер етеді.

Жарамдылық мерзімінің өтуі жақындаған препараттарды тарату бойынша 67 мыңнан астам факті анықталған. Бұл олардың жарамсыздығына және қаражаттың тиімсіз пайдаланылуына әкелген. Сонымен қатар пациенттерге қажеттіліктен асатын көлемде немесе клиникалық хаттамаларда көзделмеген препараттарды тағайындау фактілеріне жол берілген.

Аудит барысында ең қымбат 15 препарат бойынша бюджеттік және нарықтық сегменттегі құн айырмасы 600%-ға дейін жеткені анықталды. Бұл жағдайға басты себеп – тегін амбулаториялық көмекке арналған дәрі-дәрмек заңсыз есептен шығарылып, бөлшек саудада сатылады.

«Мұндай фактілер дәрі-дәрмекті беру және оның айналысын бақылау жүйесінің әлсіздігін көрсетеді», деді Ә. Смайылов.

Отандық денсаулық сақтау жүйесінде 1133 клиникалық хаттама қабылданған. Олардың шамамен 70%-ы 5-12 жыл бойы қайта қаралмаған. Бұл – халыққа ескірген медициналық технологиялар бойынша көмек көрсету деген сөз.

Жалпы екі аудиттің қорытындысы бойынша 741 млн теңгеге қаржылық бұзушылықтар, 32 млрд теңгеге қаражаттың тиімсіз жоспарланғаны және пайдаланылғаны, 58 млрд теңгеге шығын мен жіберіп алған пайда фактілері анықталды. Әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар 134 факт бойынша материалдар уәкілетті органдарға, бес факт бойынша аудит материалдары құқық қорғау органдарына жіберілді.

«Аудит нәтижелері дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласында жүйелі және кешенді проблемалардың барын көрсетеді. Анықталған мәселелер бойынша Үкіметке тиісті ұсынымдар мен Денсаулық сақтау министрлігіне тапсырмалар берілді. Жоғары аудиторлық палата алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстың ілгерілеуін қадағалап отырады», деп қорытындылады Әлихан Смайылов.