Бүгін Астанадағы Kinopark 8 IMAX Saryarka кинотеатрында отандық «Алтын адам» анимациялық фильмінің алғашқы жабық көрсетілімі өтті. Іс-шараға балалар, ата-аналар, БАҚ өкілдері мен кино саласының мамандары қатысты. Бұл туынды тек анимациялық жоба ғана емес, төл тарихымызды тануға, ұлттық құндылықтарды бойға сіңіруге бағытталған тәрбиелік мәні зор мәдени бастама ретінде ұсынылып отыр, деп жазды Egemen.kz.
Фильм Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясында, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген.
«Бұл анимациялық фильмнің тәрбиелік мәні өте жоғары. Себебі бүгінде қазақи әрі тарихи мультфильмдер аз. Көбінесе балаларға арналған контент орысша шығып жатыр, бұл бүлдіршіндердің тілінің де сол бағытта қалыптасуына әсер етуде. Сондықтан ұлттық анимацияны қолдау өте маңызды. Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен, Ұлттық киноны қолдау орталығының қолдауымен Қазақфильм осындай маңызды туындыны жарыққа шығарды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуы тиіс», деді «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының баспасөз бөлімінің басшысы.
Анимациялық лентада көне сақ жауынгері Аңкылдың «Мәңгілік Отты» іздеп, Хан Тәңірі шыңына аттанған сапары суреттеледі. Жол бойы ол түрлі сынақтардан өтіп, ерлік пен рухани кемелдікті танып, шынайы батырлықтың мағынасын ашады. Фильм тарихи және көркем тұрғыдан үндесіп, көрерменге ұлттық болмыс пен рух жайлы терең ойлануға мүмкіндік береді.
Фильмнің сценарий авторы, жазушы Ұларбек Нұрғалымұлы «Алтын адам» туындысының тек анимациялық емес, тарихи сипатқа да ие екенін ерекше атап өтті.
«Жалпы мұны тарихи фильм деп те айтуға болады. Себебі Алтын адам – тарихи тұлға. Бүгінге дейін біз оның сыртқы келбетін, киімінің алтыннан екенін әлемге көрсеттік. Ал бұл фильмде режиссердің негізгі идеясы – оның ішкі алтынын, яғни рухани байлығын көрсету болды. Біздегі табылған Алтын адамда төрт жебе бар. Біз оларды адамның бойындағы ерлік, парасат, әділдік және ізгілік деп сипаттадық. Фильмде үш жебе бейнеленген, ал басты кейіпкер төртінші жебені – ізгілікті іздейді. Бұл сапар арқылы рухани жетілу жолы суреттеледі. Көшпенділер дүниетанымында жауды сыртынан атпайды. Ерлік ұйықтап жатқанда парасат оны оятпай өлтірмейді. Қайта оятып, тең дәрежеде шайқасады. Кейін ерлік, парасат және әділдік үшеуі бірігіп, ізгілікті іздеуге аттанады. Бұл – нағыз ішкі күрестің көрінісі. Басты мақсат – бойында осы төрт қасиет тоғысқан нағыз Алтын адамның қандай болатынын көрсету», деді сценарий авторы.
Көрсетілімге баласымен келген аналардың бірі фильмнің бала санасына әсері мен қазақ тіліндегі сапалы контенттің маңыздылығына тоқталды.
«Мультфильм өте ұнады. Әсіресе қазақ тілінде болғаны қуантты. Қазір балаларымыз көбіне батыстық мультфильмдерді көріп, солардың кейіпкерлеріне еліктеп өсіп жатыр. Ал Алтын адам – жай ғана аңыз емес, қазақ тарихындағы нақты тұлға. Балаларымыздың санасына осындай кейіпкерлер арқылы ұлттық рухты сіңірсек, бұл — болашаққа салынған үлкен жол. Осындай өз батырларымыз жайлы тағы да көп мультфильмдер түсірілсе екен деген аналық тілегім бар».
Фильм барлық көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, режиссерлер мен суретшілер еңбегі жоғары бағаланды.