• RUB:
    6.46
  • USD:
    510.19
  • EUR:
    582.79
Басты сайтқа өту
Үкімет 04 Маусым, 2025

Отандық өндірісті жүйелі қолдау жалғасады

110 рет
көрсетілді

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысы қол қойған елішілік құндылық институтын одан әрі жетілдіру жөніндегі заң шеңберінде отандық өндірісті дамыту және қолдау шаралары қаралды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экономика өсімінің негізі ретінде отандық өндіріс­ті дамытудың маңыздылығына айрық­ша мән беріп келеді. Осы орайда Үкімет отандық та­уар өндірушілер бәсеке­ге қабілетті болуы үшін олардың өндіріс­тік жүктемесін арттыруға бағытталған елшілік құн­дылықтарды дамыту тетіктерін іске қосып жатыр. Қабылданған шаралардың нәтижесінде өткен жылдан бастап өңдеуші сектор өнім шығару көлемі жағынан тау-кен саласын басып озғанын атап көрсетуге болады. Осы қарқынды үдете түсу қажеттігі атап өтілді.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, биылғы қаңтар-сәуір айының қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібі 7,2% деңгейінде өсім көрсетті. Ең жоғары өсім машина жасау – 111,2%, химия өнеркәсібі – 111,2%, құрылыс индустриясы – 112,9% және жиһаз өндірісі  114,8% салаларында байқалады.

Жалпы, биылғы 5 айда мемлекеттік органдар отандық тауар өндірушілермен 303 млрд теңге болатын 96 мыңнан астам келісімшартқа отырды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 есе жоғары.

Отандық өндірісті қолдаудың нақты қадамы деп мемлекеттік сатып алу мерзімінің қысқартылғанын айтуға болады. Бұған дейін конкурс өткізуге және сатып алу жеңімпазын анықтауға шамамен 2 ай уақыт кететін. Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейілдің айтуынша, жаңа заңнама негізінде рейтингтік балдық жүйе бойынша мердігер бес күнде таңдалынып алынады. Ал конкурс бойынша мердігер он күнде анықталады. Мерзімді қысқартумен қоса, сатып алу үдерісі де оңтайландырылған.

Сондай-ақ отандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімінің жасалуына назар аударылды.  База мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін біріктіру арқылы цифрлық шешімдер негізінде құрылады. Премьер-министр отандық адал өндірушілер тізілімге автоматты түрде қосылатынын атап өтті. Өз кезегінде «жалған өндірушілер» бұл тізілімге ене алмайды.

«Жаңадан өтініш берушілер қарапайым өтініштің және автоматты цифрлық тексеру негізінде ешқандай бюрократиясыз қосыла алады. Сарапшыларды шақыру мен басы артық тексерулерден өтудің және көп қағаз толтырудың қажеті болмайды. Барлығы цифрлық режімде, адамның қатысуынсыз жүргізіледі. Осыны баса айтқым келеді. Бұл сапалы бақылауды қамтамасыз етіп, міндетін адал атқармайтын тауар өндірушілерді анықтауға мүмкіндік береді. Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап тізілім нақты отандық өндірушіні анықтау тетігіне айналады»,  деп атап өтті О.Бектенов.

Ірі кәсіпорындар өздерінің айналасында ШОБ белдеуін құра отырып, Елішілік құндылық бағдарламаларын қабылдауы қажет. Осы жағдайда ғана бизнес мемлекеттік қолдауға ие болады.

Елішілік құндылық бағдарламалары отандық кәсіпорындардан тікелей сатып алуды қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл оларды шоғырландыру арқылы жаңа өндірістерді кеңейтуге және құруға ынталандырады. Сонымен қатар ел ішіндегі өндірістік тізбектерді кеңейте отырып, отандық компаниялардың арасындағы кооперацияны дамытуға жағдай жасау қажеттігі атап өтілді. 

Кәсіпорындардың өзара тиімді іс-қимылының арқасында ғана ел ішінде толыққанды өндірістік цикл құруға болады. Нәтижесінде, импорт пен өндірістік шығын көлемі азайып, отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігі мен оларға деген сұраныс артады.

«Елішілік құндылықты дамыту жаңа өндірістерді құру ғана емес, бұл – жаңа технологиялар трансферті, ғылымды дамыту, жаңа жұмыс орындары мен жаңа құзыреттерді қалыптастыру. Мұндай тәсіл еліміздің экспорттық әлеуетіне оң әсерін тигізіп, экономиканы әртараптандыруды, халықты жұмыспен қамту мен әл-ауқатының өсуін қамтамасыз етеді», деп атап өтті О.Бектенов.

«Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов отандық тауар өндірушіні сатып алуды қолдау бо­йынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. «2024 жылы отандық тауар өндірушілермен 1,1 трлн теңгеден астам сомаға шарттар жасалды. Жобалардың арқасында елімізге 150 млрд теңгеден астам инвестиция тартылатын болады», деп атап өтті Н.Жақыпов.

Үкімет басшысы отандық өндірістің өсуін одан әрі ынталандыру үшін қажетті шаралар туралы мәселе көтерді. Атап айтқанда, Премьер-министр «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқа төрағасы Райымбек Баталовтан «Отандық өндірістің өсуін ынталандыру үшін тағы қандай бірлескен бастамалар қажет?» деп сұрады. Бұған ҰКП басшысы жалпы қабылданған шаралардың, оның ішінде ұлттық режімнен босатудың өңдеуші өнеркәсіпке оң әсерін тигізгенін атап өтіп, бұл шешім үшін бизнес атынан алғысын білдірді.

«Бәріміз де ортақ істі атқарып отырмыз, отандық тауар өндірушілерді жұмысқа тартамыз, тәсілдеріміз ғана әртүрлі. Бизнес үшін мұның бәрі әртүрлі ақпараттық жүйелерді іздеу және бағдарлану қиын. Осыған байланысты тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді, оның ішінде инжинирингтік қызметтерді қолдау арқылы ашықтық пен объективтілік үшін Ұлттық экономика министрлігі бекітетін және әзірлейтін Бизнестің цифрлық картасында жаңа тәсілдерді пысықтауды ұсынамыз. Біз мұның бәрін бір модульге, яғни «Матрица» модуліне айналдыруды ұсынамыз. Жер қойнауын пайдаланушылардың gmk.eoz платформасының сатып алуы мысалын пайдаланамыз», деді Р.Баталов.

Үкімет отырысының қорытындысы бо­йынша Премьер-министр тиісті ведомство басшыларына нақты тапсырма берді. Атап айтқанда, Қаржы министрлігі Цифрлық даму және Өнеркәсіп министрліктерімен бірлесіп, 2026 жылы 1 қаңтардан бас­тап отандық тауар өндірушілер тізілімі­нің автоматтандырылған жүйесін іске қосуды қамтамасыз етуге тиіс. 1 тамызға дейін барлық мүдделі мемлекеттік орган мен квазимемлекеттік сектор сатып алуды реттейтін заңға тәуелді актілерді сәйкестендіруі керек. Ал Өнеркәсіп министрлігі Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерімен бірлесіп, өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін, соның ішінде арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарда инфрақұрылым салуды қаржыландыру жөнінде шаралар қабылдайды. Сонымен қатар аталған ведомствоға озық технологиялық шешімдерді пайдалану арқылы импорт алмастыратын өндірістердің өсуін қамтамасыз ету үшін кәсіпорындар арасындағы өнеркәсіптік кооперацияны дамыту жөнінде нақты шаралар әзірлеу тапсырылды.

Соңғы жаңалықтар