Көкшетау қаласындағы №1 арнайы мектеп-интернатта балаларға арналған «Мечта» жазғы мектеп лагерінің алғашқы маусымы салтанатты түрде ашылды, деп жазады Egemen.kz.
Инклюзивті қоғамды дамытуға бағытталған «Qolqanat» әлеуметтік жобасы аясында ұйымдастырылған бұл шара айрықша маңызға ие. Лагерь тәрбиеленушілеріне мерекелік көңіл күй сыйлау үшін балалар сүйіп көретін мультфильмдерінің кейіпкерлері-аниматорлар шақырылып, түрлі ойын-сауық бағдарламалар ұсынылды.
– Бүгін «Мечта» жазғы лагерінің ашылу салтанаты сәтті өтті, – дейді №1 арнайы мектеп-интернатының директоры Ольга Бурдинская, – мерекеге орай Shin-Line компаниясы барлық балаларға балмұздақ таратты. Тұрақты серігіміз «Қолқанат» әлеуметтік жобасы да үлес қоса білді. Сонымен қатар жыл сайын 1 маусым – Балаларды қорғау күні қарсаңында бізге келіп, қолдау көрсететін Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің өкілдері биыл да балаларды қуантты. Олар лагерь тәрбиеленушілеріне түрлі спорттық жабдық сыйлап, мерекенің маңызын арттыра түсті.
Жыл сайын демеушілердің қатары артып келеді. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті тарапынан 104 балаға арнайы мерекелік дастархан жайылып, түрлі тәтті-дәмділер ұсынылды. Сонымен қатар, басқа да демеушілер балаларға арнап тегін балмұздақтар таратты және спорттық жабдықтар сыйға тартты. Бұл - демеушілердің балаларға көрсеткен шынайы қамқорлығы мен қолдауының жарқын көрінісі болды.
Лагерьде қауіпсіздік техникасына байланысты сабақтар, би сайыстары, сурет байқаулары, театрландырылған қойылымдар және көптеген танымдық әрі көңілді бағдарламалар қамтылған. Ашылу салтанатында балалар өлең оқып, би билеп, көңіл көтеріп, ерекше қуанышқа бөленді. Іс-шараның соңында ақ дастарханнан дәм татты.
Көкшетау