Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы азамат Х.-ның тұрғын үйді жалға алу шартын жаңарту туралы ісіне нүкте қойды, деп жазады Egemen.kz.
Іс материалдарына сәйкес, 2016 жылғы 1 наурызда К. мен Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы арасында алты адамнан тұратын отбасы үшін тұрғын үйді жалға беру шарты жасалған. Кейіннен К.-ның қайтыс болуына байланысты оның жұбайы Х. жалға алу шартын өз атына жаңарту туралы Басқармаға арыз берген. Алайда бұл өтініш қанағаттандырылмаған.
2023 жылғы 26 желтоқсанда сот ұйғарымымен тараптардың келісімі бекітіліп, Х.-ға қызының кәмелетке толуына және мүгедектігіне байланысты пәтерді жекешелендіру үшін отбасынан шығару туралы арыз беру міндеттелді. Өз кезегінде Басқарма отбасы құрамындағы өзгерістерді ескере отырып, аталған мәселені белгіленген мерзімде қарауы тиіс болатын.
Алайда 2024 жылғы 9 ақпанда әкімдіктің тұрғын үй комиссиясы отбасы құрамының өзгеруіне байланысты үш бөлмелі пәтердің орнына екі бөлмелі пәтер ұсыну туралы хаттама қабылдап, жалға алу шартын қайта жасауды ұсынды. Бұған келіспеген Х. аталған хаттаманы заңсыз деп тану және жалға беру шартын жаңарту туралы қолайлы шешім қабылдауға мәжбүрлеу туралы талаппен сотқа жүгінді.
Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар Х.-ның талабын қанағаттандырды. Өз шешімдерінде олар Басқарманың отбасы құрамының өзгеруіне байланысты бұрынғы пәтерді ауыстыруға заңды негізі жоқ екенін атап өтті.
Жоғарғы Сот алқасы жергілікті соттардың тұжырымдарымен келісіп, Басқарманың талап қоюшымен жалға алу шартын жасасудан бас тартуы қолданыстағы тұрғын үй заңнамасына және әкімшілік рәсімдер қағидаттарына қайшы екенін көрсетті. Сонымен бірге шығарылған сот актілері сенім құқығын қорғау, заңдылық пен әкімшілік іс жүргізудің әділдігі қағидаттарына толық сәйкес келеді деп тапты.
Осылайша, Жоғарғы Сот бірінші және апелляциялық инстанция соттарының шешімдерін өзгеріссіз қалдырды.