Үкімет отырысында қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл мемлекеттік сатып алу мерзімдерін қысқарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Бұрын конкурс өткізу және жеңімпазды анықтау процесі шамамен екі айға созылса, қазір бұл мерзім едәуір қысқарған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Премьер-министр Олжас Бектенов бұл бағыттардағы оң өзгерісті ерекше атап өтті.
«Маған баяндалғандай, қазіргі таңда конкурстар бір аптаның ішінде өтіп жатыр. Бұл расында да солай ма?» деп нақтылады.
Вице-министрдің айтуынша, жаңа заңнама аясында конкурс мерзімі 10 күнге дейін, ал рейтингтік-баллдық жүйе арқылы сатып алу 5 күн ішінде аяқталады.
«Мерзімдерді қысқартумен қатар, процестерді оңтайландырып, автоматтандыру тетіктерін енгізіп жатырмыз», деді Дәурен Кеңбейіл.
Премьер-министр мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіруді әрі қарай жалғастыруды тапсырды.