Магнитудасы 5,8 балл болған жерасты дүмпуі Мұғла провинциясында, әсіресе Мармарис қаласына жақын аумақта қатты сезілген, деп хабарлайды Egemen.kz TRT Haber басылымына сілтеме жасап.
AFAD таратқан мәліметке сәйкес, жер сілкінісінің эпицентрі Жерорта теңізінде орналасқан. Дүмпудің тереңдігі 67,91 шақырымды құраса, жерге ең жақын нүкте — Мармариске қарасты Мұғла аймағы, ол эпицентрден небәрі 10,43 шақырым қашықтықта жатыр.
Апат салдарынан 1 адам көз жұмып, 69 адам әртүрлі деңгейде жарақат алғаны хабарланды. Қауіпсіздік мақсатында жергілікті тұрғындар саябақтар мен ашық алаңдарға шыққан.
Мұғла провинциясының губернаторы Идрис Акбиік зілзала қала тіршілігіне айтарлықтай әсер етпегенін айтты. Электр энергиясы, табиғи газ, ауыз су және кәріз жүйелері қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ тұрғын үйлерде құрылымдық зақымданулар анықталмаған.
Қазіргі таңда құтқару және тексеру жұмыстары жалғасып жатыр. Арнайы мамандар тұрғын үйлер мен инфрақұрылым нысандарын егжей-тегжейлі бақылап, жағдайды бағалауда.