«Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы жазғы демалысты ұйымдастыру шеңберінде халықаралық ынтымақтастық аясын кеңейтіп келеді. Балалардың демалысын ұйымдастыруда мол тәжірибесі бар орталық шетелдік балаларды да қабылдай отырып, мәдениетаралық байланыстарды дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр, деп жазады Egemen.kz.
Орталық жұмыс істеген жылдар ішінде «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында әлемнің 15 елінен келген балалар демалған. Кейінгі үш жылдың өзінде «Балдәурен» ТМД елдерінен, Қытай, Түркия, Моңғолия және басқа да мемлекеттерден келген 700-ден астам шетелдік баланы қабылдаған.
Орталық 3 маусымда Қазақстанға демалыс пен оңалтудан өту үшін Украинадан балалар тобы келгенін хабарлады. Олар үшін біздің еліміз туралы танымын кеңейтуге бағытталған бірқатар іс-шаралар жоспарланған. Атап айтқанда, балалар «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне экскурсия жасап, Астана қаласындағы көрнекті орындарға саяхаттайды.
Мұндай сапарлар балалардың ой-өрісін кеңейтіп қана қоймай, мәдениетаралық түсіністік пен өзара құрметті қалыптастыруға, халықтар арасындағы достықты нығайтуға ықпал етеді.