• RUB:
    6.53
  • USD:
    511.67
  • EUR:
    582.38
Басты сайтқа өту
Балалар 03 Маусым, 2025

Тегін үйірменің түйткілі шешіледі

20 рет
көрсетілді

Мемлекет жыл сайын балалардың шығармашылық үйірмесіне, спорт секцияларына, қосымша білім бағдарламаларына қатысуын қаржыландыру үшін миллиардтаған қаражат бөліп келеді. Бұл – балалардың жан-жақты дамуына үлкен мүмкіндік. Алайда игі бастаманың көлеңкелі жағы да бар.

Осы мәселелерді зер­делеп, қоғам­ның назарын аудару мақсатында 2025 жыл­дың 28 ақпанында «Egemen Qazaqstan» газетінде «Тегін үйірменің түйткілі» атты ма­­қала жарық көрген еді. Онда үйірмелердің атқарылу бары­сындағы кемшілік­тер, есеп пен шынайы жағ­дай­дың алшақтығы, балалар­дың қауіп­сіздігі мен үйірме сапасына қатысты мәселе­лер жан-жақты талданған. Осыдан кейін Президент Әкім­шілігінің тапсырмасымен жаңа қанатқақты жоба – бірыңғай ваучерлік жүйе енгізілетін болды.

Оқу-ағарту министрлігі­нің мәлі­метінше, жүргізіл­ген тексеріс барысында бірқа­тар күрделі заңбұзу­шылықтар анықталған. Кейбір өңір­лер­де балалар­ды тізімге жалған қосу ар­қылы көрсеткіштерді қол­дан көбейту деректері тіркел­се, 164 секцияда сабақ­тар санитарлық талаптарға мүлде сай келмейтін пәтер­лерде, жертөлелер мен тұрғын үйлерде өткізілген. Тағы бір алаңдататын жайт – алты өңірде бұрын сотталған аза­мат­тардың балаларды оқытуы бойынша 20-ға жуық жағдай анықталған. Сонымен қатар жүйеде тіркеуде тұрғанымен, шын мәнінде сабаққа қатыс­паған 8000-нан астам бала­ның дерегі тіркеліп отыр. Бұл фак­тілер алаяқтық пен жал­ған есеп берудің, бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану мен жымқырудың бар екенін көрсетеді.

Қанатқақты жоба 2025 жылдың 1 мау­­сы­­мы­нан бас­тап Астана, Шымкент, Қара­ғанды, Қызылорда, Аты­рау, Ақтөбе қалаларында іске қосылады. Мақсат – бала­лардың шығармашылық, спорт­­тық, қосымша білім алу ба­ғыттарындағы қызмет­тер­ді біртұтас, әділ әрі ашық жүйеге біріктіру. Жүйенің бас­ты жаңалығы – ваучер ұйымға емес, тікелей бала­ға беріледі. Бұл балаға спорт пен өнер арасындағы таң­дау еркіндігін беріп қана қоймай, бұрынғы кезекке тұру, қаржыландыру тоқтап қалу немесе бағыт ауыс­тыру барысындағы қиын­дықтарды жояды. Сондай-ақ ата-ана баласы барғысы келген үйірмені eGov.kz порталы арқылы өзі таңдай алады. Оқу-ағарту вице-ми­нистрі Еділ Оспанның айтуын­ша, жаңа жүйе­де екі түрлі ваучер түрі қарас­тырылған. Біріншісі, нысаналы ваучер – мемлекеттік мекемелерге арналған, кезексіз беріледі. Екіншісі, әмбебап вау­чер – жекеменшік ұйымдарға баруға мүмкіндік береді және баланың жасы мен әлеуметтік мәртебесіне қарай әділ кезек қалыптасады.

Вице-министр кәсіпкер­лер­дің арыз-шағымын тыңдау кезінде бала қауіпсіздігі бас­ты орында екенін баса айтты. Сондай-ақ мемлекет қар­жысының тиісті мақсатта жұмсалуы қадағаланатынын атап өтті.

«Барлық үйірме мен секция үшін бірқатар міндетті талаптар қойылады. Қауіпсіз инфрақұрылым, санитарлық-гигиеналық, өрт қауіпсіздігі нормаларын сақтау, бекітіл­ген білім бағдарламалары мен кәсіби, білікті педагог­тердің болуы – басты талаптар қатарында. Бұдан бы­лай қатысушылардың келуі күнделікті цифрлық түр­де тіркеліп отырады. Бұл қаражаттың нақты жұмса­луын ашық көрсетеді және алаяқтық, сыбайлас жемқор­лық тәуекелдерін барынша азайтады», деді ол.

Айта кетейік, жобаны жү­зеге асыруға төрт ми­нистр­­лік жауапты. Мә­де­ниет және ақпарат министрлігі шы­ғар­машылық бағытты үйлес­тіреді. Туризм және спорт министрлігі спорттық сек­циялармен айналысады. Оқу-ағарту министрлігі қо­сымша білім бағы­тына же­тек­шілік етеді. Цифр­лық даму министрлігі плат­фор­маның дұрыс жұмыс істеуін қадағалайды.