• RUB:
    6.53
  • USD:
    511.67
  • EUR:
    582.38
Басты сайтқа өту
Қоғам 03 Маусым, 2025

Шерхан Мұртаза аудиториясы ашылды

60 рет
көрсетілді

Елордадағы Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық универ­ситетінде аса көрнекті журналист, Қазақстанның Ха­лық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұр­тазаның аудиториясы ашылды. Салтанатты рәсімге Сенат пен Мәжіліс депутаттары, мем­­лекет және қоғам қай­рат­кер­лері, еліміздің журналис­тика са­ла­сының ардагерлері, белгілі ақын-жазушылар мен бұ­қара­лық ақ­парат құралдарының өкілдері, соны­мен қатар ше­тел­дік серік­тес жо­ғары оқу орын­дарының ға­­лым­­дары қатысты.

Шерхан Мұртазаның отандық журналистика мен әдебиеттің дамуына қосқан үлесін айғақтайтын бұл аудитория осы оқу орнының ғана емес, елорданың кәсіби-интеллектуалдық орталығы болмақ.

«Белгілі қайраткер Шерхан Мұр­таза атындағы аудиторияның ашы­луы – бүкіл қоғам­ға ой салатын, үлгі болатын іс-шара. Білікті журналис­тер, білімді азаматтар осы ауди­торияда Шер-ағаның рухына тағзым етіп, үлкен әсер алса екен деген оймен ашып отырмыз», деді ЕҰУ ректоры, академик Ерлан Сыдықов.

Іс-шара барысында Шер-ағаның ізбасарлары Сенат депутаты Нұр­төре Жүсіп, қоғам қай­раткерлері Уәлихан Қа­лижанов, Дархан Мыңбай, қаламгер Жарылқап Бей­сен­байұлы, Мәжіліс депутаттары Қазыбек Иса, Жанарбек Әшімжан, «Қазақ газеттері» серіктестігінің директоры, академик Дихан Қамзабекұлы, «Хабар» агент­тігі басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев және өзге де зиялы қауым өкілдері тебірене сөз сөйлеп, Шерхан Мұртазаның қайталанбас тұлға, көрнекті жазушы, талантты публицист, шебер аудармашы болғанын атап өтті.

«Шерхан Мұртаза темірқазық ретінде бізге үлгі бола білді. Қайрат­кер­лік, қаламгерлік, журналистік жағы­­нан алсақ та, Шер-ағаның өмірлік жолын жақсы білесіздер. Ол кісінің осында қойылған кітаптарын, мақа­лаларын оқып, Парламентте сөй­леген сөздерінен, өмір жолынан тағылым алып, Шер-ағаңша жазып, ой айтуға ұмтылатын қазақтың жас жур­налистерінің толқыны көптеп шыға берсін», деді Нұртөре Жүсіп.

Белгілі қаламгер, академик Уәли­хан Қалижанов Шер­хан Мұртаза редак­торлық еткен шақта қазақ басылы­мы­ның алтын дәуірі орнағанын, газеттің оқы­лымды болуына, оқыр­ман­ды кө­бей­­туге өл­шеусіз үлес қос­қанын атап өтті.

Дихан Қамзабекұлы «Егеменнің» шын мәнінде егемен болуына Шерхан Мұртаза қалыптастырған мықты дәс­түрдің әсер еткенін баса айтты. Сондай-ақ көрнекті жазушы, журналист әрі бірегей қоғам қайраткері атындағы аудиторияның ашылуын – мемлекеттік маңызы бар іс әрі кәсіби көрегендіктің көрінісі екенін жеткізді.

Биыл 35 жылдығы аталынып өтіп жатқан «Ana tılı» газетінің тұңғыш редакторы, түркітанушы Жарылқап Бейсенбайұлы «Шерхан Мұртаза мен Сейдахмет Бердіқұлов сынды ұлт журналистикасындағы дара тұлғалар атындағы аудиторияның қатар орналасуы бәрімізді қуантып отыр. Расында, барды бағалау мен қалам дарабоздарын қадірлеу – елдік борышымыз» деді.

Университеттің журналистика және әлеуметтік ғылымдар факуль­тетінде ашыл­ған бұл аудитория зама­науи техникамен жабдықталған. Бұған Жамбыл облысының әкімдігі тіке­лей қолдау білдіріпті. Аудитория бола­шақ журналистерге білім және зерт­теу алаңы ретінде қыз­мет етпек. Мұн­да жазушының өмірі мен шығар­машылығына арналған деректі экспо­­зициялар, фото және бейне­мате­риалдар, архивтік дереккөздер қойылған.