2025 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша Қазақстан халқының саны 20 353 265 адамды құраған. Жыл басынан бері ел халқы 69,8 мың адамға артқан. Оның 63,4 мыңы – табиғи өсім, ал 6,3 мыңы – көші-қон есебінен тіркелген, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ұлттық статистика бюросының хабарлауынша, ел бойынша халық санының ең жоғары өсімі Астана қаласында байқалған.
«Жыл басынан бері елорда тұрғындарының қатары 29,7 мың адамға көбейген, оның 78,3 пайызы – көші-қон есебінен. Бұл Астананың еңбек нарығы мен инфрақұрылымы мигранттар үшін тартымды екенін көрсетеді», делінген хабарламада.
Сондай-ақ көші-қон бойынша оң сальдо Алматы және Маңғыстау облыстарында, сондай-ақ республикалық маңызы бар Алматы, Шымкент және Астана қалаларында тіркелген.