• RUB:
    6.5
  • USD:
    512.1
  • EUR:
    583.64
Басты сайтқа өту
Қоғам 02 Маусым, 2025

Маусым айында қазақстандықтар неше күн демалады

130 рет
көрсетілді

2025 жылғы маусымда қазақстандықтарды қосымша демалыс күні күтеді. 6 маусым – жұма күні Құрбан айт мерекесіне байланысты жұмыс істемейтін күн болып белгіленді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бес күндік жұмыс кестесімен еңбек ететін қазақстандықтар 6-8 маусым аралығында ұзақ демалысқа шығады.

Құрбан айт мерекесі 2025 жылы 6, 7 және 8 маусым күндері атап өтіледі. Бұл ақпаратты бұған дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) Шариғат және пәтуа бөлімі растаған болатын.

Бес күндік жұмыс аптасы  үшін:

6 маусым (жұма) – демалыс; 7 маусым (сенбі) – демалыс; 8 маусым (жексенбі) – демалыс.

Алты күндік жұмыс аптасы  үшін:

6 маусым (жұма) – демалыс; 7 маусым (сенбі) – жұмыс күні; 8 маусым (жексенбі) – демалыс.

Құрбан айт дегеніміз не?

Құрбан айт – мұсылмандардың маңызды мерекелерінің бірі. Ол қасиетті Рамазан айынан 70 күн өткен соң атап өтіледі. Бұл мейрам – құрбандық шалу, мейірімділік таныту, мұқтаж жандарға көмектесу сияқты ізгі амалдарды қамтиды.

Мереке күні:

мешіттерде айт намазы оқылады; құрбандыққа мал шалынады (қошқар, сиыр немесе түйе); құрбандық еті отбасы, көршілер және мұқтаж жандар арасында бөлінеді.

Құрбан айт мерекесін демалыс күні ретінде белгілеу туралы шешімді Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ҚМДБ ұсынған күнтізбеге сәйкес қабылдайды.

Маусымда неше күн демалыс болады?

Бес күндік жұмыс аптасында: Қазақстандықтар маусым айында 10 күн демалып, 20 күн жұмыс істейді.

Алты күндік жұмыс аптасында: 6 күн демалыс, 24 жұмыс күні болады.

Маусым айындағы кәсіби мерекелер

Маусым – түрлі сала мамандары үшін кәсіби мерекелерге толы ай. Олардың көпшілігі ресми демалыс күні болмаса да, атап өтіледі:

5 маусым – Экологтар күні 7 маусым – Монополияға қарсы орган қызметкерлерінің күні 9 маусым – Әскери қызметшілер мен арнайы бөлімшелер күні 23 маусым – Полиция және мемлекеттік қызметшілер күні 24 маусым – Судьялар мен сот қызметкерлері күні Маусымның екінші жексенбісі – Жеңіл өнеркәсіп және мал шаруашылығы қызметкерлері күні Маусымның үшінші жексенбісі – Медицина қызметкерлерінің күні 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні

2024 жылғы қарашада Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова 2025 жылға арналған демалыс күндерін ауыстыру туралы бұйрыққа қол қойған болатын. Құжатқа сәйкес, 5 қаңтардағы (жексенбі) демалыс күні 3 қаңтарға (жұма) ауыстырылды. Бұдан басқа, 2025 жылы демалыс күндерін ауыстыру жоспарланбайды.

Сондай-ақ, министрлік 2025 жылдың наурызында демалыс күндерін басқа жұмыс күндеріне ауыстыру әр жағдайға байланысты жеке қарастырылатынын атап өтті.

Еске салайық, өткен жылы қазақстандықтар Құрбан айт мерекесі жексенбіге түсіп, бір күнге аз демалатынына наразы болған еді. ҚМДБ 2024 жылғы Құрбан айтты 16 маусым, жексенбіге белгілеген болатын.

Жақында Мәжіліс депутаты Кенжеғұл Сейтжан 1 маусым – Балаларды қорғау күнін ресми мемлекеттік мереке ретінде бекітуді ұсынды. Сонымен қатар, ол демалыс күндерін ауыстыру тәртібін жетілдіруді және алдағы екі жылға демалыс кестесін алдын ала бекітуді ұсынды.

 Жанель ТӨЛЕУБЕКОВА, ЕҰУ студенті