Елімізде білім беру саласындағы цифрландыру мен кадрлық іріктеуді жетілдіру бағытында тағы бір маңызды қадам жасалды. ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында career.orleu.edu.kz цифрлық платформасын іске қосты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, бұл жүйе – жаңа форматтағы «Келешек мектептеріне» жас педагогтерді жедел әрі тиімді іріктеуге арналған құрал. Платформада педагогикалық жоғары оқу орындарының түлектерінің электронды портфолиолары жинақталған. Қазірдің өзінде 600-ге жуық жас маман арнайы тестілеуден өтіп, дерекқорға енгізілген.
«Жүйеде жас педагогтардың білімі, мамандығы мен тәжірибесіне қатысты мәліметтер жинақталып, электронды портфолио қалыптастырылады. Қазіргі таңда платформа тек «Келешек мектептері» директорлары үшін қолжетімді. Олар кандидаттарды өңірі, пәні, біліктілігі бойынша тиімді таңдай алады. Жүйе мемлекеттік дерекқорлармен кіріктірілген, бұл – мәліметтердің дәлдігі мен өзектілігін қамтамасыз етеді», делінген хабарламада.
Айта кетейік, қазіргі уақытта жүйе тек «Келешек мектептері» директорларына арналған. Бұл – сапалы кадрларды таңдауды оңтайландырып, жас мұғалімдерді жұмыспен қамту процесін жеделдетуге мүмкіндік береді. Жоба – заманауи білім беру мекемелерін кәсіби әрі жаңашыл кадрлармен қамтамасыз етудің тиімді тетігі ретінде іске асырылып отыр.
Платформаның негізгі мүмкіндіктері:
Жас педагог туралы толық электронды карта; Директорлар үшін қауіпсіз кіру жүйесі (ЭЦҚ арқылы); Смарт сүзгі: нақты пән, өңір және мамандығы бойынша іздеу; Жұмысқа орналасқан түлектерді автоматты түрде есепке алу.