Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында елімізде алғаш рет кең ауқымды «Қазақстан балалары» атты онкүндігі өтіп, аптаның әр күні балалық шақтың маңызды тақырыптарына – қауіпсіздік, шығармашылық, білім беру және тағы басқа салаларға арналды. Онкүндік Оқу-ағарту министрлігі мен орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың бірлесіп ұйымдастыруымен өткізілді, деп хабарлайды Egemen.kz аталған министрліктің шолу ақпаратына сілтеме жасап.
Еліміз бойынша ұйымдастырылған жалпы 45 мыңнан астам түрлі іс-шараларға 5,6 миллионнан астам бала қатысқан.
Балалар тақырыбына арналған 2 мыңнан астам материал республикалық және өңірлік телеарналар мен басылымдарда жарияланған. Көптеген балалар жаңалықтар мен бағдарламалардың кейіпкерлері, жүргізушілері мен қонақтары болды. Әлеуметтік желілерде #Қазақстанбалалары хештегімен 100 мыңға жуық жазба жарияланған.
Онкүндіктің жарқын сәттерінің бірі – балалардың Ақордаға, Оқу-ағарту министрлігіне экскурсиясы мен «Министрге хат» акциясы болды.
Барлық өңірде балалар мен әкімдер, әкім орынбасарлары арасында кездесулер өтті. Ауылдар мен қалаларда мәдени, білім беру және қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып, фестивальдер, шеберлік сағаттары, ашық сабақтар, кинотеатрларда, театрлар мен мұражайларда тегін көрсетілімдер өтті. Жаңа білім беру нысандары пайдалануға берілді.