Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында Мемлекет басшысы ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін барынша қолайлы жағдай жасауды тапсырған болатын. Аталған тапсырманы орындау мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Денсаулық сақтау мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен бірлесіп 20 өңірде пилоттық режимде медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) жүргізудің сырттай форматы бойынша жобаны іске асырып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Айта кетелік, мүгедектік тобын белгілеу жөніндегі қызметті алу үшін өтініш берушіге тұрғылықты жері бойынша емханаға жүгініп, тексеруден өту қажет, қалған процестер ақпараттық жүйелерді интеграциялау есебінен оның қатысуынсыз өте береді.
Сырттай куәландыруға көшу маңыздылығы: әкімшілік және бюрократиялық кедергілерді жояды, МӘС сараптамалық шешімдерінің ашықтығын қамтамасыз етеді, мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау шараларын анықтау бойынша қызметтерді үйден шықпай-ақ алуға мүмкіндік береді, көрсетілетін қызметті алушының көрсетілетін қызметті берушімен тікелей байланысын болдырмайды, сол арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше 2025 жылдың басынын бастап мүгедектік тобын белгілеу үшін медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай форматы бойынша пилоттық жобаны іске асыру шеңберінде Қазақстанның барлық өңірлерінен 43,7 мың өтінім қаралған. Бүгінде сырттай форматта куәландыру 30 нозологиялық нысан бойынша жүргізіледі.
Ал, 2024 жылы 96,9 мыңнан астам өтінім сырттай форматта қаралды, бұл куәландырудан өткен мүгедектігі бар адамдардың жалпы санының 37,4%-ын құрайды екен.