1 маусымда елімізде Балаларды қорғау күні атап өтіледі. Мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі – жас ұрпаққа сапалы білім алуға тең қолжетімділік беру және оқу үшін қауіпсіз, қолайлы жағдайлар жасау. Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет Оқу-ағарту министрлігі арқылы әрбір баланы дамытуға, олардың құқықтарын қорғауға және тұтастай алғанда білім беру жүйесін нығайтуға бағытталған шаралар кешенін іске асырады, деп хабарлайды Egemen.kz ақпарат агенттігі.
Бүгінде Қазақстанда 6,9 млн бала тұрады, оның 3,9 млн-ы оқушылар, 1 млн-нан астамы балабақшаға барады, ал 556 мыңы колледждерде оқиды.
? 2024 жылы құқықтық базаны күшейтіп, балаларды қорғаудың пәрменді тетіктерін енгізуге ықпал еткен үш негізгі заң қабылданды. Олардың қатарында жетім балаларға тәлімгерлік туралы заңдар, сондай-ақ буллингке қарсы күрес, қауіпсіздікті нығайту және кәсіби патронаттық тәрбиені құру шаралары бар. Нәтижесінде жетім балалардың 82%-ы отбасында тәрбиеленеді, ал 3 мыңнан астам жаңа жанұя тауып, 330 адам тәлімгер болды, ал қамқоршылық органдарының штаты 2,5 есеге артты. 2025 жылғы 1 шілдеден бастап отбасылық құрылымның жаңа нысаны – кәсіби қабылдаушы отбасы институты енгізіледі.
Президенттің тапсырмасы бойынша «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 460 мың орындық 217 мектеп салынуда, 105 мектеп тапсырылды, оның 44%-ы ауылдық жерлерде. 2019 жылдан бастап 1 млн-нан астам оқушыға арналған 1200 мектеп салынды. 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 93,1%-ы мектепке дейінгі біліммен қамтылған, 2025 жылы бұл көрсеткіш 95%-ға дейін артады. Осы мақсатта жаңадан 64 мың орын ашылады.
Мектептерде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. Дабыл батырмалары мен турникеттер орнатылды, лицензияланған күзет енгізілді және қауіпсіздік нұсқаулары күшейтілді.
Буллингке қарсы күрес жүргізілуде. Сондай-ақ, әкімшілік жауапкершілік белгіленді. Күрес шаралары аясында финдік Kiva және отандық ДОСБОЛLiKe бағдарламалары жұмыс істейді, «Кибер Тұмар» және «Ата-ана бақылауы» науқандары өткізіледі, «Менің бауырым» жобасы іске асырылуда.
Бұл ретте психологиялық қолдау орталықтарының рөлі маңызды. 2024 жылы 250 мыңнан астам оқушы мен олардың отбасылары көмек алды. Медиация қызметтері мен балалар омбудсмендері жұмыс істейді, тәлімгерлер психологиялық дайындықтан өтеді.
2024 жылы 510 мың бала 22,2 млрд теңге сомасына «Жалпыға бірдей оқыту» қоры арқылы көмек алды. Көмектің орташа мөлшері әр балаға 43 407 теңгені құрады. 1,7 млн-нан астам оқушы тегін тамақпен қамтамасыз етілді, оның ішінде жекеменшік мектептердің 1-4 сыныптарының 25 мың оқушысы бар. Әлеуметтік қолдау аясында кейбір өңірлерде оқушылар үшін тегін жол жүру мүмкіндігі қарастырылған.
Инклюзивті білім беруді дамыту аясында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың 85%-ы қазірдің өзінде қолдау алады. «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдау туралы» жеке Заң әзірленуде, оның ішінде отбасы мен баланы қолдаудың ведомствоаралық тетіктері бар.
Қосымша білім берумен қамту 86,3% немесе 3,3 млн баланы құрады. 2025 жылы 3,2 млн оқушы жазғы демалысқа шығады, оның ішінде 500 мыңы әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балалар.
Кәсіптік білім беру жүйесі дамуда. 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды: жоғары сынып оқушылары біліктілікке ие болады, ал түлектер колледж дипломдарын алады. 30 мыңнан астам оқушы кәсіби диагностикадан өтті, колледж түлектерінің 81%-ы жұмысқа орналастырылды. Жұмыс берушілермен бірлесіп 8 мыңнан астам бағдарлама әзірленді. 4 мыңнан астам кәсіпорын колледждермен ынтымақтастық орнатты, 8 жаңа жатақхана іске қосылды. Студенттік шәкіртақы 2 есе көбейді, ал 2,5 млн оқушы кәсіптік бағдарлаумен қамтылды.