Түркістанда балаларды қорғау күні мерекесі қарсаңында саябақ ашылды. Қаланың экологиялық, туристік әлеуетін арттыруға бағытталған тың жобалардың бірі саналатын саябақ облыс орталығының жасыл қалаға айналуына үлкен септігін тигізеді. Жалпы Түркістанда 109 саябақ пен гүлзар бар. Яғни ашылған саябақ 110-шы болып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz ақпарат агенттігі.
Жаңа нысанның ашылу салтанатында облыс әкімі Нұралхан Көшеров қала тұрғындары мен қонақтарына жайлы орта қалыптастыру басты мақсаттардың бірі екенін атап өтті. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Елімізді көгалдандыру, абаттандыру – үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл – жалпыұлттық мәселе. Қазақстанымыз таза болуы қажет» деп айтқан болатын. Жобаны іске асыруға атсалысқан барлық мамандарға, құрылысшыларға алғысымды білдіремін. Өңірде жыл санап туристер саны өсіп келеді. Демалыс орындары да ашылуда. Осылардың барлығы Түркі әлемінің орталығы Түркістан қаласының дамуына оң серпін береді», деді Нұралхан Көшеров.
«Жаңа қала» аумағында 12,77 гектар жерде орналасқан саябақта 38 438 шаршы метр жер көгалдандырылып, 8 мыңға жуық тал мен жасыл екпе егілген. Жасанды көл 19500 шаршы метр аумақты қамтиды. Су сыйымдылығы – 60 000 текше метр. Көл үстінен ұзындығы 92 метр жаяу жүргіншілер көпірі салынған. Сонымен қатар көл үстінде шолу алаңы, сарқырама, субұрқақтар бар. Демалыс аймағында тамақтанатын орындар, балалар алаңшалары, әкімшілік ғимараты қарастырылған. Одан бөлек, шатырлар, жарықшамдар, 270 дана орындық пен 240 дана қоқыс жәшігі орнатылған саябақ бір күнде 600 адамға дейін қабылдай алады. Мұнда тұрғындар мен қала қонақтарының жайлы демалысы үшін барлық жағдай қарастырылған.
ТҮРКІСТАН