Қазақстан Парламенті Мәжілісі депутаттары мен Өзбекстан Олий Мажлисі Заң шығару палатасының делегациясы Алматы қаласындағы «Farabi Hub» инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығына барды, деп хабарлайды Egemen.kz ақпарат агенттігі.
Ерлан Қошанов пен Нуриддин Исмоилов бастаған депутаттар орталықтың ғылыми жобаларымен, сондай-ақ «Astana Hub» базасында жүзеге асырылып жатқан жасанды интеллект саласындағы алматылық стартаптармен танысты.
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы парламентаралық ынтымақтастық кеңесінің екінші отырысы аясында қос елдің депутаттары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёевтің ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект саласын дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыруда күш біріктіру мәселесіне ерекше назар аударды.
Осыған байланысты Парламент делегациялары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жанындағы «Farabi Hub» базасында жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысты. Депутаттарға «Farabi Robotics» өндірістік робототехника құзыреттер орталығының жобалары таныстырылды. Солардың бірі – жерасты шахталарын тексеруге арналған робот-ит. Ғылыми жобалардан бөлек, орталық өндірістік кәсіпорындарға арналған роботтарды құрастыру, баптау және жаңғырту бойынша кадрлар дайындайды. Сондай-ақ мұнда өндірісте кеңінен қолдану үшін жаңа материалдарды 3D форматта басып шығару жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар қонақтар Astana Hub экожүйесіне қатысушылардың жасанды интеллект саласындағы бірқатар табысты стартап-жобасымен танысты. Мысалы: Codiplay (балалар мен жасөспірімдерге цифрлық дағдыларды үйретуге арналған экожүйе), Pleep (жасанды интеллект негізіндегі онлайн-сатылым менеджерін құру жүйесі), AIDENTIS (жасанды интеллект арқылы адамның тіс қисаюын диагностикалау), Dereknet және NeuronOil (мұнай-газ кен орындарының цифрлық сыңарларын жасап, мұнай, газ және басқа компоненттерді өндіруді алдын ала болжауға мүмкіндік беретін жүйелер). Барлық стартап қазірдің өзінде өндіріске ендіру кезеңіне жеткен, кейбірі шетелде де қолданылуда.
Сондай-ақ депутаттарға «Farabi Hub» орталығының зертханаларында алынған мұнай-химия, медицина, бақылау-өлшеу есептеулері және басқа салалардағы ғылыми зерттеу нәтижелері көрсетілді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев университеттің даму перспективалары мен суперкомпьютерлік кластерді енгізу жұмысы туралы баяндап берді. Бұл кластердің мүмкіндіктері университет ғалымдарының ғылыми жобалары мен тәжірибелерінде кеңінен пайдаланылып жатқанын атап өтті.
«Astana Hub» бас директоры Мағжан Мәдиев стартаптарды қолдау орталығының экожүйесін таныстырып, Халықаралық жасанды интеллект орталығын құру жоспарымен бөлісті. Бұл жобаның мақсаты – жасанды интеллектіні зерттеу мен түрлі салаларда қолдануды қамтамасыз ететін тұтас инфрақұрылым құру.
Депутаттар сондай-ақ Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейіне барды. Қонақтарға Орал Таңсықбаевтың шығармашылығына арналған көрме таныстырылды. Суретші мұрасы 100 жылдан астам уақыт бойы қазақ пен өзбек халқын байланыстырып келеді.