• RUB:
    6.51
  • USD:
    510.81
  • EUR:
    578.59
Басты сайтқа өту
Әйел әлемі 31 Мамыр, 2025

Тең мүмкіндіктер экономикасы: AIF-2025 форумында әйелдер кәсіпкерлігі арқылы өсу құпиялары айқындалды

80 рет
көрсетілді

Астана халықаралық форумында (AIF2025) әйелдерді экономикада ілгерілетудің халықаралық және өңірлік құралдары талқыланды, деп жазады Egemen.kz ақпарат агенттігі. 

Басты оқиға – қазақстандық «ASMAR» Ұлттық әйелдер кәсіпкерлері қауымдастығы ұйымдастырған «Экономикалық әлеуетті ашу: әйелдер кәсіпкерлігі арқылы экономиканың өсуі» атты панельдік сессия болды.

Халықаралық ұйымдар, дипломатиялық корпус және бизнес өкілдер қатысқан бұл шарада жаһандық трендтер мен өзекті тәжірибелер қаралды.

Талқылаулар барысында әйелдерді экономикаға тарту тек әділдік мәселесі ғана емес, сонымен бірге өсудің қуатты қозғаушы күші екені атап өтілді. Жақында БҰҰ-ның Әйелдер жағдайы жөніндегі комиссиясы, әйгілі Бейжің декларациясы қабылданғаннан бергі 30 жыл ішінде әлемнің бірде-бір елі толық тең құқылыққа қол жеткізе алмағанын мәлімдеді. Бұл тиімді қолдау тетіктерін іздеу мен енгізудің өзектілігін айқындайды.

Тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етудің экономикалық әсері де зор: зерттеулер көрсеткендей, әйелдердің экономикаға толыққанды қатысуы әлемдік ЖІӨ-ні 28 трлн АҚШ долларына дейін арттыруға қауқарлы. Қызметкерлер үшін тең жағдайлар жасайтын компаниялар, әдетте, неғұрлым табысты, инновациялық және инвесторлар үшін тартымды болады.

Осы жаһандық тұрғыда форумда Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдердің іскерлік ортасында ерлер мен әйелдер үшін тең мүмкіндіктер тәжірибесін дамытуға бағытталған бастама таныстырылды. «ASMAR» қауымдастығының төрайымы Ләззат Рамазанова әйелдердің мансап сатысында сенімдірек ілгерілей алуына, ал кәсіпорындардың ESG және іскерлік этика тұрғысынан халықаралық талаптарға сай болуына жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті.

«Жоспарланып отырған тең мүмкіндіктерді растайтын ұлттық сертификаттау стандарттарын енгізу – бұл сәнге немесе сыртқы трендтерге құрмет көрсету емес. Бұл – әйелдерге мансаптық өсудің неғұрлым сенімді перспективаларын, ал бизнеске – инвестициялар мен халықаралық серіктестіктерге басым қолжетімділік түрінде бәсекелестік артықшылық беретін жүйелі тетік», – деп толықтырды Ләззат Рамазанова.

Панельдік сессияның шарықтау шегі KAİSDER қауымдастығымен меморандумға қол қою рәсімі болды. Бұл қауымдастық түркі әлемі елдерінде ерлер мен әйелдерге тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ететін кәсіпорындарды сертификаттау тәжірибесіне оқытады.

Ал сертификаттаудың өзі ESG-қолдау құралына айналады: стандарттың болуы қазірдің өзінде халықаралық инвесторлар үшін маңызды критерий болып есептеледі. Бағдарламаның алғашқы нәтижелері ТМҰ елдеріндегі пилоттық жобалар арқылы көрсетіліп, бизнестің нарықтың жаңа талаптарына бейімделуіне және бәсекеге қабілеттілігін күшейтуіне жәрдемдеседі.