• RUB:
    6.51
  • USD:
    510.81
  • EUR:
    578.59
Басты сайтқа өту
Қоғам Кеше

Үздік роман авторы марапатталды

80 рет
көрсетілді

Астанадағы Ұлттық кітапханада «Mecenat.kz» әдеби сыйлығы табысталды. Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Freedom Holding Corp.» компаниясының демеушілігімен биыл төртінші рет өткізілген әдеби байқау еліміздің бүгінгі өмірін көркем тілмен бейнелейтін шығармаларды анықтап, талантты авторларды насихаттауды мақсат етіп келеді.

Биыл байқауға 21 автор қатысса, қа­зақ тілінде – 9, орыс тілінде – 12 қол­жазба ұсы­­нылып, халықтық онлайн дауыс беру нәтижесінде жас қалам­гер Әлихан Жақсы­лық­тың «Тургенев көшесіндегі үй жұмысқа қабыл­дайды» атты романы үздік деп танылды.

Жеңім­пазға «Freedom Holding Corp.» ком­­­пания­сының еншілес ұйы­мы – «Freedom­ Finance Life» өмір­­­ді сақ­тандыру ком­­паниясынан өмір бойы ай сайын 500 АҚШ дол­ла­ры мөл­­шерінде төле­нетін ерік­ті ан­нуи­­тет­­тік сақ­тандыру полисі та­быс­тал­­­ды.

Марапаттау рәсімінде Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Әлиұлы құттықтау сөз сөйлеп, әдебиетті қолдау шаралары туралы айтты.

«Әдебиет – ұлттың рухани тірегі, ол сана мен сезімді тәрбие­леп, өткен мен бүгінді сабақ­тас­тырып, болашаққа бағдар бе­реді. Мәдениет және ақпарат министрлігі қаламгерлерге қолдау көрсету мақсатында «Айбоз» әдеби сыйлығы, Президенттік арнаулы әдеби сыйлық, «Дарын» жастар сыйлығы сынды маңызды бастамаларды жүзеге асырып келеді. Сонымен қатар өткен жылы Қазақстан Жазушылар одағымен стратегиялық әріптестік аясында 3 жаңа жоба іске асырылды.

Мемлекет басшысының 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауына байланыс­ты, жас қаламгерлерге арналған «Ерлік пен еңбек дастаны» атты жаңа байқау жарияланды. Мұның барлығы – ұлттық әдебиетті да­мы­­туға және шығармашылық қауымдастықты қолдауға бағыт­талған кешенді жұмыстардың нақты көрінісі. Бүгінгі байқаудың ерекшелігі – оның мемлекеттік бюджеттен тәуелсіздігі. Біз мұндай азаматтық бастамаларды жоғары бағалаймыз», деді Рустам Әлиұлы.

«Mecenat.kz» жобасының негізін қа­лау­шы Ерлан Асқарбеков маусым са­йынғы қатысушылар деңгейінің артып келе жатқанын атап өтіп, жеңімпаз туын­дылардың барлығы шет тілдеріне аударылып, баспадан шығып жатқанын жеткізді.

Ал жоба меценаты, «Freedom Holding Corp.» компаниясының бас атқарушы директоры Тимур Турлов байқауды қолдау – компанияның адам әлеуетін дамытуға бағытталған ұзақмерзімді стратегиясының бір бөлігі екенін айтты.

Аталған жүлдені 2022 жылы «Күлпет» романымен жазушы Шархан Қазығұл жеңіп алса, 2023 жылы «Өлгендер қайтып келеді» романының авторы Тұрысбек Сәукетаев, 2024 жылы «Өмір бәйтерегі» романымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Сәуле Досжан иеленген.