ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) Бас хатшысы Кубанычбек Өміралиевпен кездесу өткізді. Тараптар Астана халықаралық форумына қатысу аясында өткен бұл кездесуде бірқатар өзекті мәселелерді талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Кездесу барысында жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру тетіктері, сондай-ақ ТМҰ аясында мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты кеңейту жолдары қарастырылған. Әлеуметтік саясат, экология, өнеркәсіп, ғылым мен инновациялар салаларында өзара іс-қимылдың жаңа форматтары құрылып жатқаны атап өтілді.
Премьер-министр сауда-экономикалық байланыстарды жандандырудың маңыздылығына назар аударды. 2024 жылы Қазақстан мен ТМҰ елдері арасындағы тауар айналымы $11,4 млрд-қа жеткенімен, бұл көрсеткіштің артында әлі де үлкен әлеует бар екенін атап өтті. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сауда қатынастарын одан әрі дамытуға бағытталған жеке құжат әзірлеуге бастамашы болды.
Кездесуде гуманитарлық салалардағы бастамалар да назардан тыс қалмады. Ақтау қаласы түркі әлемінің мәдени астанасы ретінде жарияланса, маусым айынан бастап Алматы ТМҰ-ның жастар астанасы болмақ. Түркі мәдениеті мен тарихи мұрасын дәріптеуге бағытталған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады.
Кездесу соңында тараптар өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екендерін растады.