• RUB:
    6.51
  • USD:
    510.81
  • EUR:
    578.59
Басты сайтқа өту
Оқиға Кеше

Елімізде халықаралық аутлет орталығы салынады

50 рет
көрсетілді

Астанада өткен Халықаралық инвестициялық форум (AIF) аясында еліміздегі алғашқы халықаралық аутлет-орталығын салуға бағытталған бас келісімге қол қойылды. Ауқымды жоба Алматы облысында QSM тобының бастамасымен жүзеге асырылады. Стратегиялық серіктес ретінде австриялық Ekazent Management GmbH компаниясы таңдалған, деп хабарлайды Egemen.kz.

ҚР Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, жоба аясында Ekazent Management GmbH компаниясы аутлет-орталықты орналастыруға ең қолайлы орынды анықтау үшін кешенді маркетингтік зерттеу жүргізеді. 

«Компания болашақ орталықтың архитектуралық және операциялық тұжырымдамасын әзірлеп, басқару стратегиясын қалыптастырады. Нысан іске қосылғаннан кейін күнделікті операциялық басқару міндетін де өз мойнына алады. Бұдан бөлек, Ekazent халықаралық брендтер мен жалға алушыларды тарту жұмыстарымен айналысады», делінген хабарламада.

Аутлет-орталықтың жалпы ауданы 80 000-нан 120 000 шаршы метрді құрайды. Оның аумағында ірі сауда галереялары, қонақүйлер, қоғамдық тамақтану орындары, балалар ойын алаңдары және басқа да қажетті инфрақұрылым нысандары орналасады.

Қазақстанның Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, бұл жоба бөлшек сауда саласына жаңа серпін беріп, елімізге ерекше бәсекелестік артықшылық әкеледі. Қазіргі таңда Орталық Азияда батыстық үлгідегі аутлет-орталықтар жоқ..

«Бұл жобаның іске асырылуы Қазақстанның бөлшек сауда саласына жаңа серпін береді. Қазіргі таңда Орталық Азияда батыстық үлгідегі аутлет-орталықтар жоқ, бұл – еліміз үшін ерекше бәсекелестік артықшылық. Қазақстандық тұтынушылар брендтік тауарларға ерекше қызығушылық танытып, сән мен lifestyle мәдениетін жоғары бағалайды. Сонымен қатар, Алматы облысының Өзбекстан мен Қырғызстан астаналарына жақын орналасуы, Қытай, Түркия, БАӘ және Ресей бағытындағы логистикалық дәліздердің қиылысында орналасуы өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттырады», деді министр.

Жоба серіктесі, The College Group компаниясының операциялық директоры Уилл Киффер Қазақстанды бөлшек сауда мен туризм тұрғысынан Орталық Азиядағы ең әлеуетті өңір ретінде атаған.

«Қазақстан, әсіресе Астана мен Алматы қалалары – Орталық Азиядағы ең қызықты аймақтардың бірі. Біз Австриямен сенімді серіктестік орнатып, бұл жобаны алдағы екі жыл ішінде толық аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз», деді ол.

Қазіргі таңда жаһандық аутлет-ритейл нарығының көлемі 100 миллиард АҚШ долларынан асып, жыл сайын 5–7 пайыз қарқынмен өсіп келеді. Бұл үрдіс Азия елдерінде айрықша байқалып келеді. Жоба QSM тобына қарасты Multibrand Holding компаниясы арқылы жүзеге асырылады. Холдинг құрамына еліміздегі алғашқы CFBO (Centralized Fulfillment by Operator) моделінде жұмыс істейтін маркетплейс TEEZ, онлайн-гипермаркет Clever, және FMCG өнімдерінің дистрибьюторы Clever Distribution кіреді. Цифрлық логистика мен халықаралық девелоперлік тәжірибенің үйлесуі бұл жобаның табысты болуына үлкен мүмкіндік береді.