Зайсан ауданының Сәтбай кентінде салынып жатқан әуежай 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Бұл туралы ШҚО әкімдігі облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың құрылыс алаңына жасаған сапарынан кейін хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Құрылыс жұмыстары бекітілген кесте бойынша жүргізіліп жатыр. Кейбір учаскелерде жұмыстар мерзімінен бұрын аяқталған. Қазіргі таңда нысанда 275 жұмысшы еңбек етіп жүр, ал қажет болған жағдайда жұмысшылар саны арттырылуы мүмкін.
– Егер жолаушылар саны артса, ұшу-қону жолағының ұзындығын ұлғайтамыз. Биыл алғашқы рейстерді орындау жоспарда тұр, - деді облыс әкімі.
Жаңа әуежай Bombardier Q400, ATR-72 секілді аймақтық әуе кемелерін қабылдай алады.
Айта кетейік, әуежай құрылысының негізгі кезеңі 2025 жылдың наурыз айында басталған. Шығыс Қазақстан облысында Катонқарағай мен Кендірлік сияқты туристік аймақтарға жақын жерлерде де әуеайлақтар салу жоспарланып отыр.
Жанель ТӨЛЕУБЕКОВА,
ЕҰУ студенті