• RUB:
    6.51
  • USD:
    510.81
  • EUR:
    578.59
Басты сайтқа өту
Оқиға 29 Мамыр, 2025

FAO басшысы ауыл жастарының рөлін жоғары бағалады

30 рет
көрсетілді

Астана халықаралық форумында БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) бас директоры Цюй Дунъюй Қазақстанмен ынтымақтастықтың маңызын атап өтті. Ол еліміздің агроазық-түлік жүйесін трансформациялау жолындағы жетістіктерін жоғары бағалап, әріптестікті тағы 10 жылға ұзартуға дайын екенін жеткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Цюй Дунъюй FAO биыл өзінің 80 жылдығын атап өтетіндігін еске салды. Осыған орай ұйым басшысы әлем елдерін нақты әрі тиімді ынтымақтастыққа шақырды.

Сонымен қатар ол өз сөзінде Орталық Азияны — географиялық, экономикалық және климаттық тоғысқан аймақ ретінде сипаттап, өңірде мүмкіндіктердің көп екенін атап өтті.

«Қазақстан — Орталық Азиядағы ең үлкен мемлекет. Президенттің елімізді өңірлік және жаһандық азық-түлік хабына айналдыру туралы көзқарасы елдің аймақтық деңгейдегі күшті ықпалын көрсетеді», деді Цюй Дунъюй.

FAO басшысы ауылдық жерлердегі жастардың рөліне де ерекше тоқталды. Ұйым жастар жөніндегі арнайы комитет пен басқарма құрып, бұл бағытты стратегиялық деңгейге шығарғанын айтты.

«Ауылдық жерлерде миллиондаған жас өмір сүріп жатыр. Олардың энергиясы, креативтілігі мен табандылығы тұрақты болашақты қалыптастыруда шешуші рөл атқарады», деді Цюй Дунъюй.

Цюй Дунъюй Қазақстанды аймақтық көшбасшы, инновацияны ілгерілетуші ел ретінде танып, елдің Орталық Азиядағы және жаһандық тұрақты даму жолындағы рөліне жоғары баға берді.

«Қазақстан — бүкіл өңір мен әлем үшін қауіпсіз әрі орнықты болашақты қалыптастыруға ықпал етіп отырған маңызды серіктес», деп қорытындылады БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының бас директоры Цюй Дунъюй.