• RUB:
    6.51
  • USD:
    510.81
  • EUR:
    578.59
Басты сайтқа өту
Әлем 29 Мамыр, 2025

«Сиань – Алматы» бағыты бойынша алғашқы туристік пойыз сапарға шықты

30 рет
көрсетілді

Бүгін Қытайдың Сиань қаласынан Алматы бағытына қарай алғашқы халықаралық туристік пойыз сапарға шықты. Салтанатты аттандыру рәсіміне «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Ахметжанов бастаған қазақстандық делегация мен Қытай тарапынан мемлекеттік құрылымдар, жергілікті басқару органдары және туризм мен көлік саласының өкілдері қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бұл бастама екі ел арасындағы мәдени әріптестікті тереңдетуге және туризм бағытында өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталғанын атап өтті. Әнуар Ахметжановтың айтуынша, сапар барысында Қытайдан келген меймандар Қазақстанның тарихи-мәдени бай мұрасымен жақынырақ танысып, болашақтағы бірлескен жобаларға негіз қалануы мүмкін.

Пойыз Үрімжі қаласы арқылы өтіп, халықаралық шекаралық Қорғас өткелінде аялдайды. Мұнда дөңгелек жұптары ауыстырылып, пойыз Алтынкөл станциясы арқылы Алматыға бағыт алады.

Құрамында 9 вагоны бар бұл пойыз жолаушылар үшін жайлы әрі заманауи талаптарға сай жабдықталған. Туристік топқа бизнес қауымдастығының өкілдері, ғылым, спорт және өнер салаларынан 246 адам енген.

Алматыда қонақтар бес күн бойы қаланың тарихи және мәдени нысандарымен танысып, негізгі туристік орындарға барады. Сонымен қатар, қабылдаушы тарап ұйымдастырған мәдени және іскерлік шараларға қатысады.

Дамира ТӨЛЕГЕН

ЕҰУ студенті