Саранда өндірілген шиналар алғаш рет отандық автозауыттарға жөнелтілді. Алғашқы бөлігі – 900 дана. Айтулы жаңалық – отандық өндірістің олжасы ғана емес, машина жасау саласы үшін жаңа саты, тың белес.
Сөйтіп, бұған дейін тек шетелдік шина тағынған темір тұлпарлар енді толықтай отандық өніммен қамтыла бастайды. Бастапқы 900 данасы Қостанайдағы «Allur» кәсіпорнына жіберілді. Енді 205/55 R16 мөлшерлі «Attar S01» модельді жаздық шиналар отандық жеңіл автокөліктердің дөңгелегіне тағылады.
«Шина құрылымы 7 негізгі элементтен тұрады. Гермоқабат өнімнің герметикалығын қамтамасыз етіп, ауаның сыртқа шығуына жол бермейді. Борттық сақиналар мен қанатшалар шина мен дөңгелек дискісінің дұрыс орналасуын қамтамасыз етеді. Келесі элемент – бүйірлік бөліктер, осы арада барлық жазу айқын оқылып, көрінеді. Одан кейін қабаттасып орналасқан каркас келеді. Ол екі түрге бөлінеді: маталы және металды (брекер). Негізгі міндеті – шинаны механикалық зақымданудан мейлінше қорғау. Соңғы элементі – протектор. Осы жетілген 7 элементтің әрқайсысы арнайы жабдық қалыбында өндіріледі», дейді «Tengri Tyres» ЖШС директорының өндіріс және техникалық қамтамасыз ету жөніндегі орынбасары Максим Белявский.
Өнім алдын ала «омологациядан» өткен. Бұл – өнімнің немесе техникалық құрылғының тиісті стандарт пен талапқа сәйкес екенін ресми растау. Бұл үрдіс көбіне автокөлік өнеркәсібінде құрылғыларды пайдалану қауіпсіздігі мен тиімділігін тексеру үшін қолданылады. Нарықта омологациясыз өнімді сертификаттау және сату мүлде мүмкін емес. Демек өнімнің нарыққа шығуына және оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кепілдік бар.
Зауыттағы бақылау үрдісі қатаң. Әр шина міндетті визуалды тексеруден соң, автоматты құралдармен сынақтан өтеді. Техникалық тексеруден өтпеген өнім жарамсыз деп танылып, қайта өңделеді.
Өндіріс реттілігі 5 кезеңді қамтиды. Алғашқыда әртүрлі шикізат түрінен резеңке қоспалар әзірленеді. Сосын сапалы шинаның жабдықтары (маталы корд, брекер, протектор) дайындалады. Одан кейін барлығы жинақталып, шина қалыбына келгенде оны вулканизациялау үдерісі жүреді. Күрделі қалыптау амалдары арнаулы қалыпта жоғары қысым мен белгілі бір температурада жүзеге асырылады. Осылайша, резеңке қоспасы өз қасиеттерін өзгертіп, қажетті протектор мен бүйірлік бөліктердің суретімен соңғы пішіні шығады. Соңында дайын өнім өте мұқият тексерістен өтеді.
Шина зауытының құрылысы 2021 жылы Саран индустриялық аймағында басталды. Алпауыт жобаға инвесторлар – ПАО «Татнефть» ашық АҚ мен «ГК «Аллюр» АҚ әртарапты қолдау көрсеткен. Құйылған жалпы инвестиция көлемі – 531,8 млн доллар. Зауыт алаңы – 106 мың шаршы метр. Кәсіпорында әлемдік өндірушілердің заманауи жабдықтары бар. Озық технология резеңке қоспаларды әзірлеуден бастап, жинақтау мен вулканизацияға дейін толық циклмен шиналарды өндіруге мейлінше мүмкіндік беріп отыр. Мұндай өндіріс орны экспорттық бағытты да дамытады.
Зауыт жылына 3 млн жеңіл және 500 мың жүк көлігіне арналған шина шығара алады. Былтыр маусымда «Attar» брендінің жеңіл автокөліктеріне арналған шиналардың сериялық өндірісі жолға қойылды. Жеңіл автокөліктер мен жол талғамайтын темір тұлпарларға арналған қос моделді шина әзірленді. Мұнымен қоса, қысқы шинаның да түрлерін шығарды.
«Attar» брендінің өнімдері өткен жылдан бері ішкі нарыққа шығарылды. Шиналар ресми дистрибьюторлардың мамандандырылған дүкендер желісі арқылы саудаға түскен. Дилерлік орталықтар арқылы сатылады. Экспорт мәселесі де жолға қойылған. Былтыр жазда «Attar» шиналарының Ресейге алғашқы жеткізілімдері басталды. Кәсіпорынның отандық автозауыттармен де ынтымақтастығы бар», дейді Максим Белявский.
Қазір зауытта шамамен 800 адам жұмыс істейді. Келешекте олардың саны 1100-ге дейін артуы мүмкін. Қызметкерлердің көбі шетелде арнайы тағылымдамадан өткен.
Қарағанды облысы,
Саран қаласы