• RUB:
    6.46
  • USD:
    509.26
  • EUR:
    574.75
Басты сайтқа өту
Ипотека Кеше

Ислам ипотекасы қаншалықты тиімді?

90 рет
көрсетілді

«Отбасы банк» ислам стандартына сәйкес ипотекалық бағдарламаны биыл әзірлеуі мүмкін. Бұған былтыр алғышарт та жасалды, банк пен Қазақстан құрылысшылар одағы және Исламдық қаржы және бизнес қауымдастығымен (AIFB) ме­­­мо­­рандумға қол қойды. Құжаттың мақсаты – елімізде ислам­­дық қаржы құралдарын, соның ішінде ипотеканы дамыту.

Ислам қаржы және бизнес қауымдастығының төрағасы Мәдина Тұқұлованың айтуынша, қазір дәстүрлі банктер исламдық қар­жы өнімдерін ұсына алмайды, себебі заңнамалық база жоқ.

««Ислам ипотекасының тетігі ел үшін мүлде жаңа болады және оны іске асыру үшін заңна­ма­да да, реттеуші актілерде де елеу­лі өзгерістер қажет. Біз ықти­мал құралдарды әзірлеп жатырмыз. Қазір реттеуші исламдық ипотеканы енгізу мәселесі күн тәртібінде тұр. «Отбасы банкпен» бірге оны жүзеге асыру жолдарын іздестіріп жатырмыз. Исламдық ипотеканы ұсыну мәселесі айтарлықтай күр­де­лі болғандықтан, заңнама­лық тұр­ғыдан пысықтау керек. Оның қандай түрде болатыны әзірге белгісіз. Реттеушіден ақпаратты тағатсыздана күтеміз және қауымдастық ретінде қабыл­да­натын құжаттарды сапалы тол­­ты­руға көмектесеміз деп үміт­­те­неміз», дейді М.Тұқұлова.

Әлемдік қаржы нарығында ислам ипотекасының үлесі артып келеді. Ипотеканың бұл түрінде бірқатар артықшылық бар – төлемді кешіктіргені үшін өсімпұлдың болмауы, пайыз­дың жоқтығы және ай сайынғы төлемнің дәстүрлі төлемдерден төмендігі. Дегенмен сарапшылардың сөзін­ше, бұл жүйені тап қазір нарық­­қа кіргізу оңайға соқпайды. Бірін­шіден, банктердің бәрі бірдей бұған ықыласты емес. Екін­ші­ден, қолданысқа енген күннің өзінде ипотеканың пайыз­­­дық мөл­шерлемесі Ұлттық банк мөлшер­­ле­месіне байланысты қалып­тас­­­ты­рылады. Демек банктер туралы жаңа заңда сарап­­­шы­­лар­дың басын ауыртатын тұс та осы болса керек.

Ислам қаржысы әлемдік ақша айналымының 5%-дан астамын құрайды. Нақты сомаға салсақ, 5 трлн доллардың шамасы. Жүйені Таяу Шығыстың көптеген елі пайдаланады. Сондай-ақ АҚШ, Германия, Түркияда да белсенді түрде енгізіліп жатыр. Аталған нарықтарда дәстүрлі ереже мен исламдық қаржыландыру қа­ғи­­­­­­даттарын интеграциялаған гибридті жүйелер жұмыс істейді.

Ислам қаржы жүйесінде ипо­теканың үш түрі бар: ижара, мурабаха және мушарака. Мурабахада банк тұрғын үйді сатып алып, тұтынушыға бөліп-бөліп сатады. Жалға алғанда банк мүлікті сатып алады және тұтынушымен лизинг шартын жасасады. Мушарака біршама күрделі: тұрғын үй иесі, тұтынушы және банк арасында үшжақты шарт жасалады, ал пайда алдын ала келісілген үлестерге сәйкес бөлінеді, нәтижесінде тұтынушы өз үлесін банктен кезең-кезеңімен сатып алады.

Бізде мурабаха сұранысқа ие. Нарықта ислам банкингінің операторы болған «Әл-Хилал» банкі 15 жыл бойы мурабаха жүйесімен жұмыс істеді. Осы уақыт ішінде Астана, Алматы, Шымкент және Түркістан қалала­рының көптеген тұрғыны баспаналы болды. Бағдарлама тетігі қарапайым: тұтынушы тұрғын үйді таңдайды, банк оны сатып алады, құнына үстеме баға жасайды және тұтынушыға жаңа баға белгілейді. Егер банк пәтерді 10 млн теңгеге сатып алса, тұтыну­шы­ға шартты 11 млн-ға сата алады. Тұтынушы жылжымайтын мүлік бағасының 30%-ын төлей­ді, қалғанын келісілген мер­зімде төлейді.

Қазақстан құрылысшылар одағының өкілі Вячеслав Лазарев ерте көктемде Алматыда откен жиында классикалық ипотека ар­қы­лы тұрғын үй сатып ала алмайтын салушылар мен клиенттер өздеріне келе­тінін айтқан болатын. Оның сөзінше, несиелендірудің мұн­дай түрі экономикаға тиімді әсер етіп, елге араб инвестиция­ларын жылдам тартуға мүмкін­дік береді. PR-маман Айбар Ол­жаев­тың пікірінше, исламдық қаржыландыру жүйесі дәстүрлі қаржыландыру жүйесін ығысты­ра алмайды.

«Бұл мүдделі топқа мүм­кіндіктер берумен ғана шектеледі. Ислам ипотекасы дәстүрлі ипотекамен бәсекелесе алмайды. Себебі оларда түрлі қағида мен мақсатты топ бар. Ислам ипотекасы белгілі бір діни наным азаматтарына мүмкіндіктер береді. Осы топтағы адамдар үшін банктен несие алу «харам» саналады, ислам банктері мүдделі топқа осы мәселені шешуге жағдай жасайды. Халықтың қалған бөлігі классикалық несие алуды жалғастырады», деді А.Олжаев.

Ол сонымен қатар ислам­дық ипотеканың отандық моде­лінде іргелі қағидаттар сақтал­майтынын да айтып өтті.

«Бірақ кей азаматтар бұған мән бермейді. Ислам ипотекасында пайыздық тетік жұмыс істе­­­­мейді. Тұрғын үйдің құны па­­йызсыз төленеді. Бірақ сөз жүзінде пайыз болмаса да, шындығында жағдай басқаша. Мысалы, 10 млн теңгеге сатып алынған үй 12 млн-ға сатылатын жағдайлар кездеседі. Әрине, алдымен халық осы жүйеге қызығушылық танытты. Содан кейін ол төмендеді. Неге екені белгісіз. Бірақ бізде исламдық банкинг үшін мүмкіндік көп. Мен ислам банктерінің нарыққа келуге ниетті екенін естідім, яғни бәсекелестік деңгейі төмен», дейді А.Олжаев.

 

АЛМАТЫ