1929–1931 жылдары Мәскеудегі екі жылдық марксизм-ленинизм курсында оқып, сәтті аяқтаған Нығмет Нұрмақов 1931 жылы 13 наурызда Бүкілресейлік Орталық атқару комитеті Президиумының қаулысымен БОАК Президиумының мүшелігіне сайланып, Ұлттар бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды және БОАК Президиумы хатшысының орынбасары болып бекітілді. БОАК Президиумының хатшысы А.Киселевтің берген мінездемесінде былай деп көрсетілді: «Нұрмақов жолдас Қазақстанның Халық комиссарлары Кеңесінің төрағасы болған, жақында марксизм курсын бітірді, өте жігерлі, іскер қызметкер». Осыған қарап Н.Нұрмақовты Мәскеуде қызметке қалдыру туралы КСРО басшысы Сталин мен БОАК Президиумының төрағасы М.Калининнің арасында келісілген деуге болады. Әрине, мұндай шешімге Н.Нұрмақовтың 1922–1929 жылдары Қазақстан басшылығындағы қызметі мен тәжірибесі, іскерлік сапарлары негіз болғаны анық. Осылайша, оның мемлекеттік қызметінің мәскеулік кезеңі басталды.
Зерттеулерде Н.Нұрмақовтың еліміздегі 1931–1933 жылдары ашаршылық кезінде халықты құтқарудағы белсенді қызметі туралы айтылады. Нығметтанушы ғалым Б.Қабдөшев өз зерттеуінде Н.Нұрмақовтың зұлмат жылдары елдің мұңын жоқтап, аштықтан құтқарудың жолдарын ойластырғанын айта отырып, 1927–1930 жылдары БОАК Президиумының мүшесі Ә.Досовтың тергеудегі көрсетулерін келтіреді. Ол Мәскеуде марксизм курсында оқыған Қазақ АКСР Халық комиссарлары Кеңесінің бұрынғы төрағасы Н.Нұрмақовпен жиі кездесіп тұрғанын, оның үйінде қашанда елден келген қызметкерлер, Мәскеуде іссапармен жүрген халкомдардың жиі бас қосатынын, 1930 жылы қаңтар айының аяғындағы сондай бір кездесуде Нұрмақовтың елімізде масқара асыра сілтеушіліктер мен бассыздықтар орын алып, халықтың ашаршылықтан шыбындай қырылып жатқанын айтып, ашуға булыққанын, Орталық комитетке хабарлауға фактілер жинастырып жатқанын естігенін жеткізеді. Әрі қарай өз ойын 1932 жылы сәуірде Тәтімов екеуінің Нұрмақовтың Өлкелік комитетті саяси беделден айыру үшін ұсынған келесі шараларына қолдау білдіргендігімен толықтыра түседі:
«Өлкелік комитеттің өзі ұсынып отырғанындай, коллективтендіруді күшейту керек. Оған қарсыласудан еш пайда жоқ. Елден ауа көшу көбейіп барады. Халық көршілес облыстарға қарай босып жатыр. Халық бостан-босқа қырылмауы және оларға Мәскеу де назар аударуы үшін босқындарға Сібір, Самара, Саратов, Сталинград губернияларына, Орал жаққа қарай бағыт алуға кеңес беру керек. Біріншіден, бұл жерден олар нан таба алады. Екіншіден, көршілес облыстағылар көңіл аударады. Н.Нұрмақов М.Калининнен Самара обкомының хатшысы Хатаевич пен Сібір өлкелік комитетінің хатшысы Эйхенің ОК-ге Қазақстандағы жағдай туралы хат жазғандарын естіпті. Қазір асыра сілтеуге қарсыласудан келер еш пайда жоқ. Кадрлардан текке айрылып қаламыз, оларды партиядан шығарып жібереді. Мәселен, Төреғожиннің айтқан сөзін тыңдаған кім бар? Олай істесек, бізді де ақымақ қылады. Ең бастысы – халықты сақтау болмақ. Қазақтар көтеріліске шыққан жерлерде қазақ қызметкерлері бітімші болып, ірі оқиғаларға жол бермеуі керек. Себебі қан текке төгіледі» (Қабдөшев Б. Нығмет Нұрмақов және Қазақстандағы ашаршылық / Респ. ғыл.-прак. конф.–86-87 б.-2015).Н.Нұрмақовтың табиғатына тән ұстанымы, қайсар мінезі, шындықты батыл айтып, қол қусырып отырмай нақты жасаған ұсыныстарының қазақ басшылары тарапынан қолдау тауып, бірлесіп әрекет жасауға тырысқаны, Қазақстандағы жағдайды көршілес орыс губерниялары басшыларының атынан естіртуге күш салғаны туралы ғалым Б.Қабдөшевтің тұжырымдарымен келісеміз. Біз зерделеген жаңа архив құжаттары да бұған көз жеткізіп отыр.
Ресей Федералды қауіпсіздік қызметінің Орталық архивіндегі Н.Нұрмақовты айыптау ісіндегі оның өз сөзіне жүгінейік. 1937 жылы 25 маусымда КСРО ІІХК қызметкерлері Айзенберг пен Ряснойға берген көрсетулерінде Н.Нұрмақов ұжымдастыру кезіндегі Қазақстанның ауыл шаруашылығы басынан кешкен қиындықтарды атап өтеді: тәркілеу кезіндегі жағдайдың шиеленісуі; байлардың қарсылық көрсетуі; Қазақстан басшылығының жіберген қателіктерінен мал шаруашылығының күрт құлдырауы; іс қазақтардың республикадан жаппай көшіп кетуіне дейін жеткен. Анығында тергеушілердің сұрағы «Сіздің 1930–1933 жылдары контрреволюциялық қызметіңіз нақты неден көрінді?» болғанымен, Н.Нұрмақов контрреволюциялық әрекет туралы бірауыз сөз айтпады, күштеп ұжымдастыру туғызған ауыл шаруашылығының нақты көрінісін ұсынды.
Н.Нұрмақовтың жауабында ұжымдастыру саясатының әлсіздіктері мен кемшіліктері дұрыс көрсетілді. Жағдайды түзетудегі өзінің іс-қимылы жайлы әрі қарай ол былай деді: «Қазақстан басшылығының ұлыдержавалық-шовинистік саясат жүргізіп жатқанына көз жеткізген соң, онымен күрес жолына түстік. Мен Қазақстандағы мал басының қырылуы мен аштықтың себептерін Ф.Голощекиннің отаршылдық саясатының салдары деп бағаладым және бұл ойымды Ж.Сәдуақасов, Ә.Өтекин, М.Тәтімов, С.Мұқановтармен бөлістім. Өздері де наразы олар менің пікіріммен келісті. Қазақстан басшылығы ауыл шаруашылық жағдайын әдейі көтеріп, мал басы туралы жалған ақпарлар беріп, адам өлімін жасырып отыр дедім. Бұған бір ғана себеп Ф.Голощекин мен О.Исаевтің отаршыл басшылығы және жергілікті басшылардың жауапсыздығы екенін айттым. Мен З.Төреғожинмен, Ш.Тоқжігітовпен хат алысып тұрдым». Сонымен қатар Ж.Сұлтанбековтің Қазақстандағы сорақылықтар туралы хабарлағанын, ал өзінің оған жағдайдың себептерін және республика басшылығына көзқарасын білдіргенін жеткізеді.
Құжаттар көрсеткендей, Ф.Голощекин ойлап тапқан «топшылдар» мен «жікшілдер», оларды қуғындау сын сағатта қазақ қайраткерлерінің бірігуіне кедергі болмаған. Олардың Орталықтағы Н.Нұрмақовтың төңірегіне топтасып, үміт артқаны байқалады. Н.Нұрмақовтың халық басындағы қасіретке күйзелісі, тығырықтан шығудың жолдарын іздеген жанайқайы айқын көрінеді. Ф.Голощекиннің мінез-құлқына, оның айғайшыл, ұраншыл әдістеріне жақсы қанық ол елден жеткен, қазақ қызметкерлері жеткізген хабарларды таразыға салып тұжырымдап, ортақ пікір қалыптастырды. Мал басының азаюы мен ашаршылықтың себептерін ашық, дәл айтып, Ф.Голощекин мен оның төңірегінің қателіктерін батыл әшкереледі.
«Контрреволюциялық ұлтшылдық» Н.Нұрмақовқа тағылған басты айып болды. Тергеушілер Н.Нұрмақовтан Рысқұловтың контрреволюциялық ұлтшыл ұйымымен қалай біріккенін айтуды талап етті. Н.Нұрмақов жағдайды мұқият, шынайы баяндады. Мәскеуде бұған дейін Т.Рысқұловпен кездеспегенін, олардың алғаш 1931 жылы Т.Рысқұловтың Кремльдегі кеңсесінде кездесулеріне Қазақстандағы халықтың ашаршылықтан қырылып жатқаны себеп болғанын, Т.Рысқұлов барлық қазақ қызметкері ұйымдасып күресу керегін айтқанын, С.Қожановтың да сондай ойда болғанын, өзінің Қазақстан басшылығына деген көзқарасына Т.Рысқұлов пен С.Қожановтың қанағаттанушылық білдіргенін, жағдайды пайдаланып бәрі Ф.Голощекинді орнынан алу туралы келіскендерін айтып, ешқандай контрреволюциялық мақсатты көздемегендерін, басқосудың объективті себептері болғанын, оған негіз болған факторларды түсіндірді. Сөйтіп, контрреволюциялық ұлтшыл ұйым деген өтірікті жоққа шығарды.
Тергеушінің «Рысқұловтың «ұйымдасып күресу» дегенін қалай түсіндіресіз және ол қалай іске асырылды?» деген сұрағына Н.Нұрмақов Т.Рысқұловтың жағдайды баяндап, көпшіліктің қолын жинап, БК(б)П ОК-ге хат жазу керегін ұсынғанын, алайда қол жинау топшылдық туралы күдік туғызатындықтан өзінің оған қатыспағанын, хатты жеке жазуды ұйғарғанын айта келе, «бірақ мен хат жазбадым, Орталық Комитетке, үкімет басшыларына кіріп, Қазақстандағы жағдайды баяндадым», деп мәлім етті.
Белгілі ғалым Т.Омарбеков Нұрмақовтың 1931 жылы Мырзағалиевпен бірге Сталиннің қабылдауында болып, Қазақстандағы Ф.Голощекиннің елге әкелген зобалаң саясатынан хабардар еткені туралы Ф.Голощекиннің Сталинге жазған құпия хаты барын жазды (Омарбеков Т. Қазақстан тарихының ХХ ғасырдағы өзекті мәселелері. – Алматы, 2003.-95 б.).
Т.Рысқұловтың Сталинге 1932 жылы 29 қыркүйекте және 1933 жылы 9 наурызда жазған екі хаты белгілі. Н.Нұрмақовқа келсек, оның «ұйымдасып хат жазу топшылдық туралы күдік туғызар дедім» деуінде негіз де жоқ емес. Ф.Голощекин Қазақстанға келісімен қазақ қайраткерлерін «сейфуллиншілдік», «сәдуақасовшылдық», «қожановшылдық», т.б. жіктерге бөліп, оған Н.Нұрмақовты да жатқызған болатын (Махат Д. Қазақ зиялыларының қасіреті. – Алматы, 2001.-168 б.). Олай болса хатты неге өзі жеке жазбады деген сұрақ туады, түсіндіріп көрелік.
Жалпы, ашаршылық туралы ақпараттар жетіп артылады деуге болады. Қазақ қызметкерлері жеткізген хабарлар шүбәсіз болатын. Зұлматтың өршіп, шегіне жеткен 1932 жылы Н.Нұрмақовтың өзі де елдегі әке-шешесін Мәскеуге алдырып, қамқор болған еді. Біздің ойымызша, Н.Нұрмақовқа Сталинге, Орталық комитетке хат жазу үшін аштықтан нақты адам өлімін, мал санының кемуін айғақтайтын сандық, статистикалық ресми мәлімет керек болды. Өйткені ресми құжатсыз Сталиннің сене қоюы екіталай. Бұл ретте Қазақстанның өлкелік комитеті мен республика үкіметінің ресми мәліметі ғана заңды екенін ескеру қажет. Ашаршылық туралы хабар берген алғашқы ресми құжат Қазақстан Халком Кеңесінің төрағасы О.Исаевтың қолымен 1932 жылы мамырда жазылғаны мәлім. Олай болса Н.Нұрмақовтың хат жазуын дәлелдердің жеткіліксіздігі емес, ресми құжаттың болмауы тежеді. Сондықтан ол дұрыс шешім қабылдады, уақытты оздырмай Орталық комитетке өзі барып, Қазақстандағы ашаршылық апатын хабарлап, дабыл қақты. Жоғарыдағылардың назарын аударып, тезірек халықты құтқаруға, сорақылықтарды тоқтатуға шақырды. Ашығын айту керек, «топшылдыққа» айыпталып, қудалаудың небір құқайын көрген Н.Нұрмақовтың орнында басқа біреу болса ендігі жағдайда жоғары лауазымдағы жаңа қызметіме кесірі тиер деп, басын аулақ ұстап, үндемей отырар еді. Алайда Н.Нұрмақов үшін ұлттық мүдде басты ұстаным болатын.
Сталин Н.Нұрмақовтың өз ұстанымына беріктігін, табанды мінезін, кез келген жағдайға оңай тізе бүгіп, бас ұра қоймайтынын жақсы білетін. Сондықтан оның айтқандарын мұқият тыңдады деп ойлаймыз. Хабарланған фактілердің Сталинге ұнамауы әбден мүмкін. Өйткені ол өзінің жүргізіп отырған саясатына қарсы айтылған сынды қабылдай алмайтын. Оған дәлел – халық жадында «Жағалаудағы үй» деген атпен қалған Мәскеудегі Н.Нұрмақов тұрған үйдің 30-жылдардағы тұрғыны Т.Шмидтің естеліктері. Қасіретті жылдардың куәгері 1932 жылы Қазақстан мен Украинадағы ашаршылықтан қашқан босқындардың Мәскеудегі туыстарын паналап, жан сақтағанын айта келе, Сталиннің ол туралы естігендегі мінез-құлқы туралы: «Голод в стране. Все знают о голоде, но наши правители не хотят слушать об этом. Положено было год от года «жить лучше и веселей». И когда Роман Яковлевич Терехов, секретарь ЦК КП(б) Украины, посланный в Москву к Сталину, рассказывает ему о голоде на Украине, вымирании целых сел, – тот грубо перебивает Терехова: «Выдумали сказку о голоде, думаете нас запугать». Через несколько дней Роман Яковлевич был снят со всех своих постов. Чудом уцелел» (Шмидт Т.И. Время, люди и судьбы «Дома на набережной». – Москва, 2015. – 127 с.). Бұл Сталиннің қарамағындағы қызметкерлермен қарым-қатынасындағы күдігі мен сезікшілдігін көрсетеді. Ол Н.Нұрмақовтың айтқандарына да сенімсіздік білдірді.
Қорыта айтқанда, КСРО басшылары 1931 жылдың өзінде Қазақстандағы ашаршылық туралы хабардар болған. Сталин Н.Нұрмақовтың сөзіне құлақ асып, жедел шаралар қолданғанда ашаршылықтың алдын алып, мыңдаған адам аман қалар еді. Сөз жоқ, ол Н.Нұрмақов жеткізген жайларды Ф.Голощекиннен сұрады. Ғалым Т.Омарбеков айтқан Ф.Голощекиннің Сталинге жолдаған құпия хатында нақты жағдайды теріске шығарып, бұрмаланған, ақиқаттан алшақ ақпарлар берілгені күмән тудырмайды. Сталиннің Ф.Голощекин сияқты сенімді жандайшабы тұрғанда кезінде Орталықтың Қазақстандағы жаппай жерге орналастыру, қазақтың бай-ауқатты шаруашылықтарын тәркілеу саясатымен келіспей, айқасып өткен Н.Нұрмақовтың сөзіне құлақ асу, әрине, үмітсіз болатын.
Н.Нұрмақов қарап отырмайды, БОАК-нің атынан Ресейдің Қазақстанмен шекаралас губернияларындағы босқындар санын, хал-жағдайын анықтап, білу үшін жеделхаттар жібереді. Солардың бірінде: «Уфа. Башқұрт ОАК-іне, Мәскеуден. Дереу телеграф бойынша БОАК-іне Қазақстаннан сіздердің өлкелеріңізге келген шаруашылықтардың шамамен санын, әсіресе балалардың қандай жағдайда екенін хабарлаңыздар. БОАК хатшысының орынбасары – Нұрмақов», делінген (Қабдөшев Б. көрсетілген еңбек).
Белгілі ғалым Қ.Алдажұмановтың айтуынша, ХХ ғасырдың 30-жылдары республикадағы 5,5 млн халықтың аштан қырылғаны 2 млн 200 мың болса, оның 1 млн 750 мыңы – қазақтар. 1933 жылы Қазақстан басшылығына Л.Мирзоян келгеннен кейін де жағдай бірден оңала қоймаған. Қазақтар кеңес одағының Архангельск, Мурманск сияқты алыс өлкелеріне дейін барып, өндіріс орындарында, трестерде ауыр жұмыстарға жалданған. Кеңес өкіметінің оларды қолдарына жетерліктей қаржы беріп, Қазақстанға қайтару туралы жарлығынан кейін мекеме басшылары ешқандай азық-түлік, қаражатсыз жіберген қазақтардың Мәскеуге жетуге ғана шамалары келіп, көпшілігі вокзалда аштықтан өлген. Бұл үрдіс 1936 жылға дейін жалғасқан.
Осы қиын-қыстау кезеңде Н.Нұрмақов қамкөңіл халқына қорған болды. БОАК Президиумының отырыстарында, барған жерлерінде қазақтардың әлеуметтік құқықтарының қорғалуын, жұмысқа орналасуын қарастырып, тиісті шешімдер қабылдатты. Батыс Сібір өлкесіндегі Кемерево, Новосибирск, Кузбасс, Сталинск қалаларында қазақ балаларына бастауыш сыныптарын ашу, жетім балаларды орналастыру, дәрігерлік көмек, Қазақстан өкіметімен байланыс жасап, мүмкіндігінше оларды елге қайтаруды ұйымдастырды. Н.Нұрмақовтың талабы бойынша оған жеткен толық емес мәліметке сүйенсек, 1935 жылы Барнаулда – 90, Ключевскіде – 120, Бердскіде – 98, Славгородта – 58, Сталинскіде 34 жетім қазақ баласы балалар үйіне орналастырылған. 1934 жылы Мәскеу облысы Сталиногорск қаласында (қазіргі Тула облысы Новомосковск қаласы) жетім және жалақысы аз қазақ отбасыларының балаларына мектебімен бірге 80 орындық балалар үйін ашу, оны жергілікті бюджеттен қаржыландыру туралы шешім шығарған БОАК Президиумы отырысының хаттамасында «Нұрмақов енгізген» деп көрсетілген (Ресей Федерациясының мемлекеттік архиві).
Сайып келгенде Н.Нұрмақовтың Қазақстандағы ашаршылыққа қарсы күресі Ф.Голощекиннің қателіктерін ғана емес, жүргізіліп жатқан кеңестік реформалардың өзін ақтамағандығын әшкерелеу, коммунистік партияның саясатын ашық айыптау еді. Бұл Сталин мен Орталық комитеттің беделіне тиген зор нұқсан еді. Сталин мұны ұмытпады, 1937 жылы жаппай қуғын-сүргін кезінде Н.Нұрмақов бірінші болып айыпталды, оны «халық жауы» етіп көрсетуде ІІХК сүйенген негізгі айғақтың бірі – осы. 1929–1933 жылдары күштеп ұжымдастырудың салдарлары, ашаршылық, халық наразылықтары қуғын-сүргін саясатын күшейткен себептердің біріне айналды. Кеткен қателіктер кезінде оған сын айтқандардың кінәсінен, олардың БК(б)П ОК-нің нұсқауларын әдейі орындамағандығынан, жергілікті басшылардың зиянкестік әрекетінен деп табылды. Осындай айыптаулар Н.Нұрмақовқа да тағылды.
1937 жылы 3 маусымда тұтқындалған күннен контрреволюциялық әрекетпен ешқашан айналыспағанын бірнеше мәрте айтқан Н.Нұрмақов арада 50 күн өткенде, яғни 23 шілдедегі тергеуде «бар қылмысын мойындап», кең түрде айғақ «берді». Қазақстанның ауыл шаруашылығындағы қателіктер, мал басының кемуі Н.Нұрмақовтың тап жауларының қарсылығына көз жұмып қарағандығынан, ұлтшылдар Н.Нұрмақов, Т.Рысқұлов, С.Қожанов, Т.Жүргенов, С.Садуақасовтардың контрреволюциялық іс-әрекеттерінің партия ұйымының арасына іріткі салғандығынан болып шықты.
Ұжымдастыруға қарсы наразылықтардың барлығы Нұрмақовтың атымен байланыстырылды. Оның нұсқауымен 1931 жылы Сарысу, Сайрам, Қарқаралы аудандарында, Қарақұмда көтерілістер ұйымдастырылды, қой өсіретін кеңшарлардағы бүлдірушіліктер мал басының өлім-жітіміне әкелді, Қарағанды көмір бірлестігінде зиянкестік жұмыстар жүргізілді, Нұрмақов бұған А.Асылбековті, С.Қожановты, С.Сейфуллинді, Т.Жүргеновті, С.Садуақасовты, Ж.Аймауытовты, Ж.Сұлтанбековті, З.Төреғожинды, Ә.Өтекин, т.б. тартты делінді.
Нұрмақов «контрреволюциялық ұлтшыл» Алашорда ұйымының ісін жалғастырды, Қазақстандағы кеңеске қарсы ұйымды басқарды; Нұрмақов пен Рысқұловтың Қазақстандағы ашаршылық туралы ортақ пікірлерінің негізінде Мәскеуде Рысқұловтың басқаруымен Орталық Азия, Татарстан, Башқұртстан мен Дағыстандағы контрреволюциялық топтарды біріктірген ұлтшыл, лаңкестік-көтерілісшіл, пантүріктік ұйым құрылды, оның басшылық құрамына Нұрмақов кірді; олар кеңес өкіметіне қарсы қарулы көтеріліс жоспарлады, Қазақстанды кеңес одағынан бөліп, Жапония мен Германияның протекторатындағы буржуазиялық-ұлтшыл мемлекет құруды көздеді; Нұрмақов пен Рысқұлов оңшылдар Рыков пен Бухариннен кеңес алып, Троцкиймен байланыста болды деген айыптар тағылды. Қазақстандағы қуғын-сүргін Нұрмақов пен Рысқұловтың атымен байланыстырылды.
Елім деп еңіреген ерлерді тарих ұмытпайды. Ұлтының мүддесі үшін басын бәйгеге тігіп, тоталитарлық жүйенің құрбаны болған, халқымыздың біртуар ұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Нығмет Нұрмақовтың тұғыры қашанда биік.
Сәуле ҚАСЫМОВА,
Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты