Сыбайлас жемқорлық – кез келген мемлекеттің дамуын тежеп, қоғамның әлеуметтік, экономикалық және рухани іргесін шайқалтатын қауіпті құбылыс. Сондықтан елімізде бұл мәселеге қарсы жүйелі түрде күрес жүргізіліп келеді. Мемлекет тарапынан қабылданып жатқан шаралар тек құқық бұзушылықтарды анықтаумен шектелмей, оның алдын алуға, түп-тамырымен жоюға бағытталған.
Әсілінде, сыбайлас жемқорлықпен тиімді күрес оның себептері мен туындауына ықпал ететін жағдайларды жоюдан басталуы қажет. Бұл – қоғамның парасаттылыққа негізделген мәдениетін қалыптастыру және жемқорлық тәуекелдерін азайту арқылы ғана мүмкін болатын күрделі, бірақ маңызды үдеріс. Егер оған қолайлы орта сақталса, жемқорларды ұстау ешқашан бітпейтін жұмысқа айналады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали өз сұхбаттарының бірінде: «Арамшөп тамырымен жұлынған және жер уақтылы әрі сапалы өңделген жерде өспейді», деп айтып еді. Бұл сөздер сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұстанымын айқын көрсетеді.
Жалпы, агенттік қызметінің басты мақсаты – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу. Ал бұл үдерістің өзі екі негізгі бағыттан тұрады. Алдымен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру қажет. Бұл бағыттағы жұмыс мектеп табалдырығынан басталады. Ондағы мақсатымыз – адалдық, әділеттілік және парасаттылық қағидаттарымен өмір сүретін ұрпақты тәрбиелеу. Балалар мен жастарды ағарту және тәрбиелеу жемқорлықтан ада қоғамның берік іргетасын қалайды. Екінші бағытымыз – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою.
Бұл бағыт мемлекеттік қызметте жүрген азаматтарға арналған. Біз жемқорлық жасауға итермелейтін жолдар мен себептерді жойып, құқық бұзушылықтарға тосқауыл қоюға тырысамыз. Мұндай нәтижеге қол жеткізу тиімді заңнамалық шаралар қабылдау, цифрлық технологияларды енгізу, жасанды интеллект пен талдау құралдарын пайдалану арқылы жүйедегі әлсіз тұстарды анықтау арқылы мүмкін болады.
Жалпы, агенттік жұмысы тәрбие, алдын алу шаралары мен жазалауды ұштастыратын кешенді тәсілге негізделген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте тек жазалауға немесе профилактикаға негізделген біржақты әдістер аса тиімді емес. Адамдардың тәрбиесі де сан алуан болып келетіндіктен бұл мәселеге жүйелі түрде қарау қажет-ақ.
Осы қағидаттардың негізінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өз жұмысын құрып, әлемдік үздік тәжірибелерді еліміздің шынайы жағдайына бейімдейді. Мысалы, кейбір елдерде басымдық алдын алу шараларына берілсе, басқаларында – қатаң жазалау әдістеріне сүйенеді. Алайда тәжірибе көрсеткендей, түрлі тәсілдердің үйлесімі ғана нақты нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – бұл тек мемлекеттік деңгейдегі міндет емес, әрбір азаматтың жауапкершілігі. Тек ортақ күш-жігеріміз арқылы ғана жемқорлықсыз орта қалыптастыра аламыз.
Әрине, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – ұзақмерзімді талап ететін міндет. Оған жан-жақты, кешенді көзқараспен қарап, ағарту жұмыстары, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы, сондай-ақ әр адамның бұл күреске белсенді араласуы сынды қағидаттар ауадай қажет.
Соның бірі – сыбайлас жемқорлыққа қоғамда төзбеушілікті арттыру. Бұл мемлекет, азаматтық қоғам мен медиа өкілдерінің бірлескен күш-жігерін талап ететін кешенді үдеріс. Ең алдымен, сыбайлас жемқорлық әрекеттері үшін жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ететін берік құқықтық және институционалдық негіз қалыптастыру маңызды.
Медиа тек жемқорлық фактілерін әшкерелеумен шектелмей, адал еңбектің және азаматтық жауапкершіліктің жағымды үлгілерін көрсетуге тиіс. Тек осындай бірлескен әрекеттер арқылы қоғамда жемқорлыққа деген төзбеушілікті күшейтіп, антикоррупциялық мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға болады. Мәселен, көпшілікке таныс бір көріністі елестетейікші. Айталық, түрлі қонақтар үлкен дастарқан басында жиналды делік. Олардың арасында мемлекеттік қызметші де бар. Бірақ оның материалдық жағдайы өте жақсы. Оның өмір сүру деңгейі ресми табысына сәйкес келмейтінін отырғандардың бәрі біледі: зәулім коттедж, қымбат көлік пен байлықтың басқа да белгілері бар. Алайда ешкім бұған наразылық танытпайды, күмән да келтірмейді. Керісінше, оның мәртебесін мақтанышқа айналдырып, тіпті байлығы қызғаныш тудырады.
Ал осы кезде күн сайын адам өмірін құтқарып жүрген дәрігерлер мен қоғам тыныштығын сақтайтын адал полицейлер тасада қалады. Олардың еңбегі мойындалмайды, жұмысы мақтаныш емес, қалыпты нәрсе ретінде қабылданады.
Мұндай жағдай өсіп келе жатқан ұрпақтың санасында құрмет пен мәртебе адалдық пен қоғамға тигізген пайдаға емес, байлық пен билікке байланысты деген қате түсінікті қалыптастырады. Алайда бұл мәселеде үмітсіз, құр босқа қол қусырып қарап отыра беруге де болмайды. Жағдайды тәрбиелеу мен жаңа қоғамдық стандарттарды қалыптастыру арқылы өзгертуге болады.
Біріншісі – отбасының рөлі. Адамның басты моральдық бағдарлары ең алдымен отбасында қаланады. Ата-аналар балаларына жас кезінен бастап басты адамгершілік қасиеттер – адалдық, әділеттілік және заңға бағыну екенін түсіндіруі қажет.
Қоғамға шын ниетімен қызмет етіп жүрген, табысы аз болса да, елге пайдасын тигізетін адамдарға құрметпен қарауды балаға үйреткен жөн. Егер ересектер өздері қосарланған стандарттарды ұстанбаса, заңсыз жолмен келген байлыққа сүйсінбесе, мәселелерін айналып өтудің жолдарын іздемесе, онда балада ненің дұрыс, ненің бұрыс екені туралы дұрыс түсінік қалыптасады.
Екіншісі – қоғамның рөлі. Тағы да атап өткім келеді: әлеуметтік бағдарларды қалыптастырып, қолдайтын қоғамның рөлі де кем емес. Өкінішке қарай, бүгінде қоғамдық санамызда «адал еңбекпен көпке қол жеткізу мүмкін емес» деген жалған түсінік орнығып қалған. Бұл – әлеуметтік әділеттіктің негізін шайқалтатын теріс ұғым.
Егер қоғам заң аясында әрекет ететін, адал еңбекпен күн көретін адамдарды қадірлеп, құрметтейтін болса, ал жемқорлық арқылы байығандарды қолдауын доғаратын болса, онда балалар да соған қарап, дұрыс құндылықтарды бойына сіңіреді.
БАҚ, білім беру мекемелері мен қоғамдық ұйымдар – барлығы да заңға және өз жұмысын адал атқаратын адамдарға деген құрметті қалыптастыру үдерісіне белсенді қатысуға тиіс. Мысалы, мектептерде қазіргі заманның қаһармандары – дәрігерлер, мұғалімдер, полицейлер мен ғалымдар туралы баяндайтын арнайы бағдарламалар енгізуге болады.
Әрине, бұл бағытта мемлекеттің рөлі ерекше. Мемлекет сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлықты қалыптастыруда үлкен жауапкершілік арқалайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыты екенін бірнеше рет атап өткен. Бұл дегеніміз – жүйе ашық әрі әділ болуы керек, ал сыбайлас жемқорлық қылмыстары сөзсіз жазалануға тиіс. Тек осындай жағдайда азаматтар заңға сеніп, оны құрметтеуге бейім болады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы осы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялап, қоғамдағы әділет ұғымын қайта жандандыру қажеттілігіне назар аударды. Адал еңбектің беделін көтере отырып, біз адамның қоғамға шынайы қосқан үлесі негізінде құрмет пен мойындауға лайық болатын тұрақты құндылықтар жүйесін қалыптастырамыз. Егер біз осы құндылықтарды қабылдап, заңмен өмір сүріп, тәртіпке құрметпен қарайтын болсақ, сыбайлас жемқорлық мәселесі өзектілігін жоғалтады. Сонда жемқорлық үйреншікті құбылыс емес, оқшау әрі айыпталатын әрекет ретінде қабылданбақ.
Жалпы, сыбайлас жемқорлыққа үнсіз келісу мәдениеті де қауіпті құбылыс ретінде қоғамды іштен ірітіп-шірітіп жібереді. Дегенмен бұл сорақылықты өзгерту үшін ондай өзгерісті әр адам алдымен өзінен, яғни балаларды тәрбиелеуден, отбасындағы жаңа бағыт-бағдар қалыптастырудан және заң мен әділет қоғам өмірінің негізіне айналатын жағдай жасаудан бастау қажет. Әрбір адам мынаған көз жеткізуге тиіс: тек заңды сақтау мен тәртіпке құрмет көрсету ғана бізді мықты әрі тұрақты қоғамға айналдырады. Сонда келер ұрпақ байлыққа емес, өз еңбегімен және адалдығымен әлемді жақсартуға үлес қосқан адамдарға құрметпен қарайды.
Қалай десек те, бүгінгі таңда қоғамда алаңдатарлық үрдіс байқалады. Көпшілік «ұсақ» парақорлық туралы хабарламаларға бейжай қарайды, оны күнделікті құбылыс немесе тіпті ақтауға болатын нәрсе деп қабылдайды. Қоғамның шынайы реакциясы тек көп миллиондық жемқорлық фактілері жария болған кезде көрінеді – мұндай жағдайлар наразылық пен айыптауға ұшырайды. Бұл құбылыстың әлеуметтік тамыры тереңде жатыр және ол қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа деген төзімділіктің күнделікті деңгейін көрсетеді.
Мұндағы маңызды нәрсе – мәселенің ауқымын пара мөлшерімен өлшеуге болмайды. Сыбайлас жемқорлықтың ең болмашы көріністері де қоғамдық құндылықтарды бұзады, сенімсіздік ортасын қалыптастырады және әділеттілікті аяққа таптайды. Егер қоғам «ұсақ» заң бұзушылықтарға көз жұма қарауға дайын болса, бұл «ірі» жемқорлыққа қолайлы орта қалыптастырады.
Бұл құбылысты қоғамдық сананы өзгертудің арқасында ғана жеңуге болады: қоғамға кез келген, тіпті ең ұсақ параның да салдары бар екенін, оның әрбір азаматтың өмір сапасына әсер ететінін көрсету қажет.
Сыбайлас жемқорлық – бұл тек жүйелік мәселе емес, сонымен қатар қоғамда орныққан кейбір әдеттер мен мәдени нормалардың нәтижесі. Айталық өзім білім алған Ұлыбритания еліндегі жағдайды мысал етсек. Ұлыбритания сынды дамыған елдерде сыбайлас жемқорлықтың болмауы тек тиімді заңдардың арқасында емес, ең алдымен, пара немесе айла-шарғы сияқты ұғымдардың қоғамда бөтен әрі жол беруге болмайтын нәрсе ретінде қабылдануының нәтижесі. Бұл – ондаған жыл бойы қалыптасқан тәрбие жемісі: бала кезден бастап заңға, адалдыққа және тәртіпке құрмет сіңіріледі.
«Transparency International» ұйымындағы жұмысым барысында жүргізілген әлеуметтік зерттеулер кезінде мен қызықты жайтты байқадым: балалар мен жастардың ойлау жүйесі бізде де біртіндеп өзгеріп келеді. Мысалы, бұрын балалар билік пен байлықты армандаса, бүгінде олардың мақсаттары өзін-өзі дамыту, бақытқа жету және қоғамға пайдалы болумен байланысты. Олар өздеріне ұнайтын іспен айналысқысы келеді, ал мансапқа ұмтылу, ықпал немесе ақша үшін емес, ішкі қанағат пен мәнділік үшін болып отыр.
Әрине, мұны жаңа ұрпақты тәрбиелеу ісі өз нәтижесін бере бастағанының айғағы деуге болады. Себебі сыбайлас жемқорлықпен тек жазалау арқылы күресу жеткіліксіз. Ең бастысы – алдын алу, тәрбиелеу және қоғамда адалдық пен парасаттылықты өмірлік ұстаным етіп орнықтыру. Десе де заңнамалық бастамалар мен жаңа буынды тәрбиелеу ісі бірге ұштасқанда ғана біз сыбайлас жемқорлықтан азат ел құрудың берік іргетасын қалай аламыз.
Бүгінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бірқатар заң жобаларын белсенді түрде ілгерілетіп келеді. Бұл бастамалар шын мәнінде үлкен серпіліс жасауға мүмкіндік береді. Олардың ішінде ең маңыздысының бірі – пара беру туралы келісімдерге қатысты жауапкершілікті қарастыратын заң жобасы. Қазіргі қолданыстағы заңнамада жауапкершілік тек пара нақты беріліп, зиян келтірілгеннен кейін ғана қарастырылады. Оған дейінгі кез келген әңгіме мен келісім – жазадан тыс қалып жатады. Ал жаңа заң жобасында пара беру немесе алу туралы келіссөз жүргізудің өзі қылмыстық жауапкершілікке тартылатын әрекет ретінде қарастырылады.
Көптеген дамыған мемлекетте мұндай мәдениет қатаң заң, жүйенің ашықтығы және тәрбиенің үйлесімі арқылы қалыптасқан. Біз де осы тәжірибені негізге ала отырып, жемқорлыққа орын табылмайтын орта құруымызға болады.
Қысқасы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті ілгерілету осы сала төңірегіндегі ең маңызды бастамалардың бірі саналады. Солардың бірі – үнсіз қалмау. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі маңызды құралдардың бірі 1424 байланыс орталығы болды. Кейінгі бір жыл ішінде орталыққа келіп түскен қоңырау саны 5 мыңнан 26 мыңға дейін өсті. Бұл азаматтық белсенділіктің артып келе жатқанын, сондай-ақ қоғамның жемқорлыққа деген төзбеушілігінің күшейгенін көрсетеді. Ал өткен жылы агенттіктің Call-орталығына 26 мыңнан астам өтініш келіп түскен екен. Және де тағы бір маңызды бағыт – сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлердің жұмысы.
Қазіргі таңда еліміз бойынша 2 500 волонтер белсенді жұмыс істеп жүр. Олар жол құрылысы, аумақтарды абаттандыру және мемлекеттік сатып алулар барысында құқықбұзушылықтарды анықтап, заң бұзуға жол бермеуді қадағалап жүр. Нәтижесінде, өткен жылдың қорытындысы бойынша жалпы сомасы 55,1 млрд теңгеге негізсіз баға көтерудің жолы кесіліпті. Оның 26 млрд теңгесі немесе 47%-ы бюджетке қайтарылған.
Ал өтініштердің көбеюі мен волонтерлердің белсенділігі – қоғамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке деген сенімінің артып келе жатқанын көрсетеді.
Данияр БИГАЙДАРОВ,
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының көмекшісі-ресми өкілі