Баяғыдан бағы артқан Ақтоғайға бардық. Көк сеңгірі көз сүйсінткен Ақсораңды алыстан болса да көрдік. Бірақ қиясында қыран қалықтап, қырқасында қисапсыз арқар өрген Арқаның асқар шыңына шыға алмадық. Асығып тез аттанғандықтан көңіл көксеуін көншітуді алдағы күндердің еншісіне қалдырдық.
Орта жолда ойымызға осы тауға ода арнаған арқалы ақындарымыздың айшықты теңеулері оралды.
Уа-ай, Ақсораң!
Тұрсың ба етектегі елді елемей,
Төбеде жұлдыз, төменде ұшқан құс қалып,
Хан Тәңіріден қарасаң – төбедей,
Мұхиттан қарасаң, мұзарт шыңы бұлт шалып!
Өлең-жырдың өрен жүйрігі Серік Ақсұңқарұлы туған жерінің ту тігер биігін үлкен шабыт үстінде өстіп әспеттеген.
Ал ауыздығымен алысқан арғымақтай арындаған Ерлан Жүніс эпикалық серпінмен еркін сілтейді.
Ақсұңқар арқаң шұбар, бауырың ала-ай,
Астында қанатыңның Қызыларай.
Шатыры кең даланың өр Ақсораң,
Төсінде Сарыарқаның зәулім сарай.
Көрдіңіз бе, поэзия пырағына мініп шапқан шайырлар қалай-қалай көсіледі. Көркем пейжазды келістіре кестелеген басқа да поэтикалық пафостар баршылық. Біз солардың бір-екеуін ғана мысал еттік.
Тоқырауын бойы толған талант
Ақтоғайды көруге аңсарымыз алғаш студент кезімізде ауса керек. Өйткені өзіміз оқыған КазГУ-дың қалашығында өтетін ойын-сауықтарда ақтоғайлық қос ақберен – журфактағы Серғазы Мұхтарбеков пен филфактағы Кәмінұр Тәлімов сол тұста «Тоқырауын толқындары» ансамблінің орындауында кең тараған «Алтын бесік – Ақтоғайым» әнін әуелете шырқайтын. Қайырмасына келгенде бәріміз қосыла кетеміз.
Жайнай бер, жайнай бер, Ақтоғайым,
Жарқырап жұлдыздай бақ-талайың.
Атыңды айтып мақтанайын,
Алтын бесік – Ақтоғайым!
Талай тыңдарманды тамсандырған тамаша әннің авторлары – танымал ақын Абзал Бөкенов және жергілікті композитор Дәртай Сәдуақасов екенін кейін білдік.
Толқып аққан Тоқырауын бойы қай кезде де таланттардан кенде болмаған. Ойлы туындыларымен озбыр отаршылдыққа қаймықпай қарсы шыққан Нарманбет Орманбетұлы, алқалаған әлеуметті ән-жырымен әлдилеген Әсет Найманбайұлы, көмейіне бұлбұл ұялаған Күләш Байсейітова мен Манарбек Ержанов, айналасын күмбірлеген күйлерімен арбаған әйгілі Аққыз бен Мағауия Хамзин секілді дүйім дүлдүлдер осы өңірде туып-өскен. Арғы замандардан желі тартқан алтын арқау үзілмей, дәріптеуге лайық дәстүр әлі жалғасып келе жатқаны қандай ғанибет. Республика айтыскерлерінің басты аламандарының бірінде бәйгенің алдын бермей «Алтын домбыраны» жеңіп алған Мақсат Ақановты сол саңлақтардың сарқыты десек жарасады.
Желтау. Жіңішке. Жекежал
Елінің егемендігін аңсап, азаттық жолында шексіз азап шеккен Алашорда үкіметінің он бес мүшесінің үшеуі өздерінің жерлесі екенін ақтоғайлықтар мақтанышпен айтады. Аудандық әкімдіктің алдына тәуелсіздіктің таңы атқан 90-жылдардың бас жағында қойылған Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаевтай арыстарымызға арналған ескерткіш, «Алаш алаңы», тағы басқа да тағылымдық дүниелер кейінгі ұрпақты ұлтжандылық, отаншылдық рухында тәрбиелеуге игі әсерін тигізері талас тудырмайды.
Ақтоғайға ат басын бұрмас бұрын облыс орталығына соққанбыз. Қарағанды қаласының қақ ортасындағы бұрынғы Ленин, қазіргі Абай көшесіндегі Әлімхан Ермеков тұрған үй мен пәтердің нөмірі 58/8 сандарымен таңбаланғаны тағдыр тәлкегі емей, немене? Қаһарлы Кремльге қаймықпай кіріп, компартия көсемдері алдында Қазақстан шекарасын шегендеген қайран ердің сотқа тартылғандағы статьяларын көрсетіп, көңілімізге кірбің түсіргенін қайтерсің. Математика ғылымы бойынша тұңғыш профессор атанған марқасқамыздың адам айтқысыз қорлық-зорлықты бастан өткергенін ойласаң өкініш оты өзегіңді өртейді.
Бұрынғы-соңғының жөн-жосығына жетік жергілікті азаматтар бізді Алаштың ардақты көсемі Әлихан Бөкейханның кіндік қаны тамған киелі мекенге бастап апарды. Алдымен Жіңішке өзенінің жағасындағы «Талдыбейіт» қорымында жерленген Әлекеңнің туыстарына арнап дұға бағыштап, аруақтар рухына тағзым еттік. Шабанбай би ауылының имамы Айдаржан Балтабайұлы құлпытастардағы ескіше жазуларды оқып, біраз жайға қанықтырды. Араб әліпбиін өз бетінше үйренген Айдекеңнің зеректігі, арғы заман архивтерін ақтарудағы алғырлығы арқасында өлкенің өткен-кеткенін айғақтайтын көптеген құнды құжаттар жарияға жеткені сүйсінерлік жағдай. Асыл текті Шыңғыс ханның үрім-бұтағына жататын ақсүйектер қойылғандықтан бұл қабірстан алғашында «Төретам» аталғанын да осы кісіден естіп білдік. Кейін әкесі дүниеден қайтқанда мазарына Омбы жақтан сұрпы бөлек сәмбі тал әкеліп еккендіктен «Талдыбейіт» болып кеткен екен.
Өрелі өлкетанушы, Ақтоғай аудандық музейінің кіші ғылыми қызметкері Сағат Қалиасқаров Алаш көсемінің ата-бабалары хақында көшелі әңгіме қозғады. Арқар ұранды Бөкейден бергі асылзадалар Ақтоғай, Қарқаралы өңіріне қашан қоныстанғаны, қалай билік құрғаны, қарауындағы қараша халқына қандай пайдасы тигенін тізбелеп тебірене толғады.
Қызыларай қияларынан басталып тоқ арналы Тоқырауынға құятын Жіңішке өзенінің желке тұсында Желтау тұр. Қойнау-қолаты толған қазына. Қатпар тастарында қатталған мол мәдени мұра әлі бірнеше буын ұрпаққа рухани азық болары анық. Басында ақылман абыздар алқа-қотан отырып мәйекті мәселелерді шешкен. Баурайында батырларымыз ат ойнатып, ата жауымен айқасқан.
Білуімізше, бұл жақтың адамдары айтқыш, шетінен сөзге шешен. Тіпті біреулерді боқтауының өзі айта жүрер аңызға айналған Сүлейменнің Ысқағын білмейтіндер кемде-кем. Айтпақшы, бірде белгілі журналист Бауыржан Омарұлы екеуіміз әйгілі этнограф ғалым, жазушы Ақселеу Сейдімбектің үйіне бардық. Сырлы сұхбат үстінде ағынан жарылған Ақаң ертеректе «Лениншіл жастың» меншікті тілшісі кезінде ақсақалдың ауылына арнайы соғып, сәлем бергенін жеткізді.
– Қырсықтығы қырық есекке жүк болар қыңыр қарияның қырына ілінбей аман кетсем деген ойымның дастарқан басында быт-шыты шықты. Алдымызға буы бұрқырап келген үйеме табақ етті турау міндеті маған бұйырды. Бабымен балбырап піскен жал-жаяны, басқа да жылы жұмсақты жайғап тастап, қазы-қартаға кіріскем. Барымды салып-ақ баққам. Абыройсыздық аяқ астынан емес пе, оның үстіне аласа жер үстелдің ортасындағы табақ сәл алыстау орналасқандықтан қимыл-әрекетім қиындау соқты ма қиялай туралған қазының біреуі дөңгелеп барып шатақ шалдың алдына түскені. Бәрі сонымен бітті. Ала көзімен ата қараған Ысекеңнің күткені де сол болса керек, сылқита сыбағамды берді. Сондағы «сөлді» мәтін мынау: «Наймандардың түйесі жапырағын сыдыра жеп кеткен сасырдың сояуындай сорайған бойыңның әкесін..» Бауыржан екеуіміз балағат аралас болғанымен қиыннан қиыстырып шеберлік шегінде шендестіре айтылған тапқыр теңеулерге таңдай қағып, бас шайқағанымыз есте қалыпты.
Еңселі Желтау етегіндегі Жекежал жазығын Әлекеңдей тұлғаның әулеті жайлапты. Қирандысы қалған қыстақ орны қоршалып, мемлекет қамқорлығына алыныпты. Тағзым тасындағы там-тұм мәліметтер Бөкей тұқымдарының дәуірлеген дәуренінен хабар бергендей. Бір кездері мұнда пейіште нұрың шалқығыр Нұрмұхамедұлы Әлихан бала болып ойнаған, азамат атанып ат жалын тартып мінген, арман сапарына аттанғанда артында қалған қасиетті Жекежалдың құнарлы топырағын басқанда көңіл шіркіннің көк теңіздей толқығаны-ай. Маңай мүлгіген тыныштық құшағында. Ақырын аяңдап Алаштың аяулы перзентінің іздері сайрап жатқан адырларды араладық. Жасыл шалғыны жайқалған кең жазираны кезіп, ойға баттық. «Қыр баласы» қырандай қонақтап айналасына аялай көз жүгірткен қиядағы қара тасқа көтеріліп көк мұнар көлбеңдеген көкжиекке көз жібердік. Анадайдан менмұндалап Ақсораң асқақтайды. Тым алыстан Бектау ата бұлдырайды, беріден Беғазы белдері қол бұлғайды.
Ел ішінде академик Әлкей Марғұлан Бегазы-Дәндібай мәдениетіне жататын әйгілі қола дәуірі ескерткіштерін абзал ағасы Әлихан Бөкейханның тапсырмасымен зерттеген көрінеді. Кім біледі, солай болуы әбден ықтимал. Біздің заманымызға дейінгі IX-VIII ғасырлардан тәбәрік іспетті ғажайып мәдени мұра жұртына жеткенше айналайын Арқаның арда табиғатын тамашалаудан жалғыз сәтке жалықпадық. Жасыл жондардың баурайындағы буырқанған бұлақтар, жақпар тастары жалт-жұлт еткен жалаңаш таулар, сай-саладағы сансыз бастау – сарқыраған су, көк терек, ақ қайыңдар көмкерген көкорай беткейлер айналаңа сұқтана қарамасыңа қоймайды.
Құтты қойнауында қола дәуірінің қордалы құндылықтары құндақталған Беғазы қорымындағы қаптаған бейіттерді қоршаған қақпақ тастарды жүк көтергіш техникалар жүдә жоқ заманда кімдердің қайдан және қалай әкелгені қайран қалдырады. Академик Марғұлан бастаған археологтеріміз мұны ақи-тақи зерттегенімен әлімсақтан жеткен әйгілі мекеннің шешілмеген жұмбағы әлі көп секілді.
Жолбарыстар жортқан жер
Кезінде қазақтың кең даласында аң-құс жыртылып-айырылған. Соның ішінде сойы бөлегі әрине – сойқан жолбарыс. Аң патшасы – арыстан деседі. Жолбарыстың айбаты мен қайраты одан асып түспесе, кем соқпайды-ау. Африканың саванналарындағы мысық тұқымдас екі мықтының айқастары осындай ойға жетелейді.
Сулы-нулы Сыр мен Арал, Балқаш пен Іле бойындағы қалың қамыс, қоғалы қорық ішінде, қырдағы тобылғы, тораңғы арасында жолбарыстар жортқаны әмбеге аян. Тіпті өткен ғасырдың орта шеніне дейін өлкемізде шұбарала шерінің өсіп-өнгенін дәлелдейтін деректер бар. Алайда табиғаттың тепе-теңдігі бұзылуы, адамдар тарапынан жасалған қиянат салдарынан тарғыл тағының тұқымы тұздай құрып бітті.
Бұған негізінен ашкөзденген азулы аңның айналасына қауіп-қатер төндіріп, малға да, жанға да маза бермеуі себеп болған тәрізді. Жиырмасыншы жүзжылдықтың бас жағында Жетісудың арындаған асау өзендерінің бірі – Ақсу бойындағы біздің ауылға Балқаштан ауып келген жалғыз жолбарысты қапысыз атар от қарусыз-ақ, атадан мирас айбалтасымен жайратқан Саурық батыр жайындағы аңызды бала жастан естіп өстік. Ауылымыздың іргесіндегі қара сулы қалың қамыс шетіндегі құм шағыл содан бері «Жолбарыс соққан» атанып кеткен. Жаужүрек жарықтықтың немересі Досымханмен бір сыныпта оқығанымызды өзімізше мақтан етеміз.
Ал енді сол жер бетінен жойылған Тұран жолбарысының соңғы тұлыбы Ақтоғай аудандық тарихи-өлкетану музейінде тұрғанын көзімізбен көрдік. Шыны ішіндегі ірі жыртқыштың жанына жақындауға дәтің зорға шыдайды. Тұрқы бөлек түз тағысына тайсалмай қарау үшін де аңшылар жүрегінің түгі қалыңдау болған шығар, сірә. Қазіргі қалпында уақыт уытына бой алдырған терісі әбден тартылған. Содан барып, қаңқа сүйегі де қаңсыған сияқты көрінеді. Әйтседе сіз бен бізді ептеп үрейлендіруге жарап тұр.
Музей директоры Индира Игебектің айтуынша, бұл баяғыда Балқаш көлінің жағасын жайлаған соңғы жолбарыстардың бірінен саналады екен. Жүрек жұтқан азаматтар атып алса керек. Әттең, Ақтоғай алыс түкпірде орналасқан аудан. Арнайы келетіндер болмаса бұл кереметті екінің бірі көре алмайды.
Бүгінде Үкімет тарапынан үлкен жұмыстар жүргізіліп, Іле-Балқаш мемлекеттік қорығында жолбарысты реинтродукциялау бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Мұнда қазір Амур жолбарысының бір-екеуі жіберілді. Солардан тұқым тарап, шерілер шеру тартпақ. Әй, бірақ бұлар бәрібір Тұран жолбарысы емес қой.
Сахи сыйлаған суреттер
Ақтоғай сапарында бізді қатты сүйсінткен жағдай – жергілікті мұражайдағы ерекше экспонаттар болды. Біріншісі – жоғарыдағы тілге тиек етілген Тұран жолбарысының тұлыбы. Екіншісі – Қазақстанның халық суретшісі Сахи Романов өз қолымен сыйға тартқан қырық картина болды. Атақты қылқалам шеберінің аудандық музейге осыншама суреттерінің түпнұсқасын тарту етуі, шынымен де орасан зор оқиға. Мұндай ғажайып жәдігерлерімен облыстық музейлер де мақтана алмайды.
Сөйтсек саңлақ Сахи осы өңірдің тумасы екен. Марқұмның тағдыры қызықты кітапқа немесе кинофильмге арқау болғандай шым-шытырық оқиғаларға толы. Суретші жасы жер ортадан ауғанша өзінің қайда туғанын, кімнің баласы екенін білмеген. Балалар үйінде тәрбиеленіп, жетімдіктің қорлығын көп көрген. Өксіп жүріп өскен. Алапат аштықтың да, сұрапыл соғыстың да сұмдық зардаптарын тартқан. Әйтеуір әупіріммен аман қалып, қатарға қосылған. Орынбордағы кәсіптік училищеде оқыған. Куйбышевтегі зауытта жұмыс істеген. Сондағы Көркемсурет студиясында өнердің әліппесін ашқан. Ақыр аяғында 1955 жылы Мәскеудегі әйгілі ВГИК-ті Александр Романов деген орыстекті төлқұжатпен бітіріп шыққан.
Суретші Сахи Романов жерлестер ортасында
Ұзақ жылдар «Қазақфильмде» суретшілік қызмет атқарған Сахидың қатыспаған фильмі кемде-кем. Тіпті Шәкен Айманов өзінің «Алдаркөсе», «Найзатас баурайында» фильмдерінде эпизодтық рөлдерге де түсіріпті. Оның сондай-ақ ұлы Мұхаң бастаған бірқатар классиктеріміздің кітаптарына иллюстрациялар салғанын да атап өткеніміз орынды.
Кеңестік саясаттың кесірінен ата-анасынан, ағайын-туыстарынан ерте айрылған Сахи арада көп жылдар өткенде өте кездейсоқ жағдайда әпкесі Мәрияшпен қайта табысады. Оқиғаның жай-жапсарын тұғыры биік тұлғаның туған жиені Зәйіт Сағидоллаұлынан естіп білдік.
– Жаңылмасам, 1979 жылы «Жұлдыз» журналында Сахи Романов туралы мақала жарияланады, – деп бастады әңгімесін ол. – Соны оқыған Әлихан Бөкейханның інісі Смахан төренің ұлы – Жәңгір әлгіні шешеме көрсетіп, «Мына суретшінің өмірбаяны сен айтып жүретін жоғалған ініңнің тағдырына ұқсайды. Суретін көрші» депті. Содан әлгі суретті көре салысымен анам ағыл-тегіл жылап, «Мынау соның өзі» деген сөзді қайталай беріпті. Көп кешікпей анам қасына жол білетін ауылдасымыз, белгілі айтыс ақыны Қуаныш Мақсұтовтың әкесі Мәжікен ағамызды ертіп Алматыға аттанады. Алғашында анамның айтқандарына сене қоймаған Сахаң ат-тонын ала қашыпты. Кенет анам әлдене есіне түскендей, «Кәне, еңкейіп төбеңді көрсетші, кішкентай кезіңде әлдебір жара шығып, жазылған соң соның орнында тыртық қалған» дейді. Ана кісі еріксіз еңкейеді. Сол-ақ екен, шешем «Ой, баурымдап» бас салыпты...
Сахи Романов іле-шала туған жеріне келіп, тағзым етіпті. Әке-шешесінің басына барыпты. Ақтоғайлықтар да атақты жерлесіне лайықты құрмет көрсетіпті. Ақсораңның етегіндегі қарағайлы-қайыңды мүйісте сурет салатын шеберхана үйін де тұрғызып беріпті. Дүниеден өтерінің алдында қасына Ілия Жақанов, Ақселеу Сейдімбеков, Қайырбек Сәдуақасов секілді жанына жақын азаматтарды ертіп, Ақтоғай топырағына аунап-қунап қайтыпты. Сол жолы жаңағы суреттерін музейге сыйлапты. Міне, жомарттық деп, туған жерге махаббат деп осыны айт.
Ендеше, Ақтоғайдың музейі Сахидай саңлақтың атын иемденуге сұранып-ақ тұрған жоқ па?..
...Ақтоғайға барғанмен, Ақсораңға шыға алмағанымыз ойымызға әлсін-әлсін орала беруін қарашы. Дәм тартса, тағы бірде барармыз!
Қарағанды облысы,
Ақтоғай ауданы