29 мамырда Сиань қаласынан «Сиань – Алматы» бағытындағы алғашқы туристік пойыз алмалы шаһарға бет алады, деп жазады Egemen.kz.
Бұл бастама «Орталық Азия – Қытай» II саммиті аясында ұйымдастырылып отыр.
Пойыз Алматыға 31 мамырда жетеді деп жоспарланған. Қонақтар Алматыда 5 күн болады. Делегация құрамында 250-ден астам мемлекеттік органдардың, бизнес, ғылым, мәдениет, медицина және спорт саласының өкілдері мен туристер бар. Делегацияны Сиань қаласы әкімінің орынбасары Сяо Ци бастап келеді.Қонақтар үшін арнайы мәдени және іскерлік бағдарлама дайындалған. Туристік пойыз Сианьға 5 маусым күні жолға шығады. Бұл жоба Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік даму және реформалар комитетінің бастамасымен, ҚР Туризм және спорт министрлігі, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы, «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясы, Сыртқы істер министрлігі, Көлік министрлігі, Шекара қызметі, Ішкі істер министрлігі, Алматы қаласының Туризм басқармасы және отандық туроператорлардың қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.