Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры М.Қожахметова мен А.Молдағалиевтің «Мәншүк» атты музыкалық драма жанрындағы қойылымының премьерасын көрермен назарына ұсынды. Шымылдық ашылған сәттен-ақ кішкентай қыздың бейнесі көрерменді баурап алып, әсерлі сезімге бөлейді. Қойылымда Мәншүк өміріндегі үш маңызды кезең көрсетіледі.
Драманың алғашқы бөлімінде сұрапыл соғыс уақытына дейінгі қазақы салт-дәстүр көрініс табады: бала сүйе алмаған інісі мен келініне ағасы өз бауырындағы 3 жасар Моншағын аманаттап береді. Сахнада балдырған Мәншүктің Ахмет пен Әминаға бірден бауыр басып, жаңа отбасында жылулық пен қамқорлыққа бөленіп, қалада тәрбиеленіп өсуі әсерлі көрсетіледі. Дәл осы ортада Мәншүк білімге құштар, өжет, ұлтжанды қыз болып тәрбиеленеді. Он бес жасында бәйгеге қатысып, қамшы ұтып алуы жай ғана ермек емес, оның мінезіндегі ерлік пен жігердің белгісі еді. Қолындағы қамшы – тағдырын өзі шешуге бел буған қыздың алғашқы үлкен жеңісі әрі қадамы.
Енді, міне, жанынан артық жақсы көрген әкесінен тәлім алған ерке қыз оның жолын қуып, дәрігерлік мамандықты меңгеріп шығады. Алайда қуанышпен қатар келген қайғы бәрін төңкеріп жіберді. «Халық жауы» деген жаламен әкесі өлім жазасына кесілді. Бұл әділетсіздік жас қыздың жанын жаралап, намысын оятты. Алаш қайраткері саналған Ахметғали Мәметов тұтқынға түскенге дейін дәрігерлік қызмет атқарып, Алматы қаласында жұмыс істеген.
Әкесінің есімін ақтау, оның адал атына дақ түсірмеу Мәншүктің азаматтық борышына айналды. Сөйтіп, ол майданға өз еркімен аттанады. 1942 жылы Мәншүк Мәметова 100-атқыштар бригадасының құрамында ұрысқа кіріп, 1943 жылы 15 қазанда Невель қаласы үшін шешуші шайқаста соңғы демі таусылғанша пулеметтен оқ боратып, қаһармандықпен қаза табады.
Сондай-ақ қойылымда Әзілхан Нұршайықов, Жұбан Молдағалиев секілді жазушылардың бейнелері де көрініс тапты. Мәселен, ержүрек қызбен майданда бірге болған жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Невель түбінде» атты деректі повесінде Мәншүктің соңғы сәттері сипатталған. Онда: «15 қазанда Мәншүк қаза тапты. Бұл қаралы хабарды біз сол қырғын ұрыс болған күннің түнінде естіп, қабырғамыз қайысты», деп жазып, батыр қыздың жауынгерлер жүрегіндегі орны мен ерлігінің ел есінде қалу маңызын жеткізеді.
Ал Жұбан Молдағалиев Мәншүктің бейнесін ұлт руханиятымен байланыстыра отырып жырға қосты. Оның әйгілі «Мен – қазақпын» поэмасында: «Мен – Жамбылмын… Мен – Әлия, мен – Мәншүк, мен – Төлеген» деген жолдар арқылы ақын Мәншүкті қазақтың ерлік пен намыстың рәмізі ретінде көрсетіп, батырлықты поэтикалық биік деңгейге көтереді. Мәншүк тарихи тұлға ғана емес, ұлттық рухтың көрінісі ретінде де бейнеленеді. Бұл жазушылардың сахнадағы бейнесі қойылымға танымдық және тәрбиелік маңыз беріп, көркемдік мазмұнын тереңдете түсті.
Мәншүк рөлін сомдау арқылы қойылым бір тұлғаның тағдырын ғана емес, тұтас бір дәуірдің үнін жеткізді. Сол үнді толықтыра түскен тағы бір көркемдік шешім – сахнада өмір сүрген Жамбыл Жабаев пен Роза Бағланова бейнелері.
Жамбыл жыраудың сахнадағы келбеті Мәншүк ерлігінің тарихи тамырын тереңнен тартып, көрерменге өткен мен бүгіннің арасын жалғағандай әсер қалдырды.
Сол сияқты сахна төрінде шырқалған Роза Бағланованың орындауындағы «Ах, Самара, городок» әні қойылымды жанды етті, көрермен шынайы сезімге бөленіп, қосыла ән шырқады. Бұл ән – музыкалық нөмір ғана емес, басты кейіпкердің ішкі жан дүниесінің, нәзік толғанысының көркем тілде өрілген көрінісі еді. Ән арқылы Мәншүктің жүрегінде тұтанған махаббат сезімі, жастықтың жалындаған сәттері, соғыстың суық шындығы арасындағы нәзік үміт оты айқын сезілді.
Музыканың күшімен жеткізілген бұл көрініс көрерменге Мәншүкті батыр ғана емес, нәзік жүректі, арманшыл ару ретінде де тануға мүмкіндік береді. Сахнадағы осы сәт – қойылымның эмоциялық шыңы десе болғандай. Мәншүк тұлғасын адамдық тұрғыдан толықтырып, оның ішкі әлеміне терең үңілуге жол ашты.
Осындай ауқымды ой мен тарихты шеберлікпен жеткізе біліп, қойылымның сахналық нұсқасын сәтті жүзеге асырған – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қоюшы режиссер Асхат Маемиров.
Мәншүк Мәметованың рөлін Мақпал Дүйсен мен Гүлден Құрмет сомдады. 15 жастағы бейнесін Айдана Жетешова, ал 6 жасар шағын Дана Асхатқызы ойнады.
Қойылым соңында көрермен тік тұрып, ұзақ қол соқты. Бірі көз жасына ерік берсе, енді бірі үнсіз тебіренгендей көрінді.
Жібек БОЛЫСБЕК,
Нұрзат АМАНТАЙ,
Еуразия ұлттық университетінің студенттері