Түркістанда Оқу-ағарту министрінің «Бала үні – болашақтың үні» атты бастамасымен балаларға арналған «Балалар үні» өнер фестивалі өтті. Фестиваль барысында облыстағы білім беру ұйымдарынан 20 мыңға жуық өнерпаз бақ сынады. Ал қорытынды концертте сараптаудан өткен 600-ден астам оқушы өнерін ортаға салды.
Өнер фестивалінде, сондай-ақ білім беру ұйымдары заманауи, тақырыпқа және талғамға сай жасалған ұлттық, тұрмыстық қолданбалы бұйымдар, оқушылардың жеке шығармашылық және ұстаздармен біріккен композициялық жұмыстарының қолөнер көрмелері ұсынылды. Сонымен қатар қоғамның назарын баланың дауысына аудару, балалардың мектеп, қала және ел өміріне қатысуын кеңейту үшін арнайы дайындалған сұрақтарға жауап беру бойынша пікірлері, идеялары мен тілектерін білдіруге арналған челлендж ұйымдастырылды. Қорытынды іс-шарада облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев балаларды айтулы мерекесімен құттықтады.
– Бұл ерекше күн – болашағымыздың жарқын бейнесі саналатын сүйкімді балаларға деген шексіз сүйіспеншілік пен қамқорлықтың мерекесі. Әрбір баланың амандығы, бақытты балалық шағы – кез келген елдің, әр отбасының басты құндылығы. Біздің елімізде, облысымызда өсіп келе жатқан жас ұрпақтың білімді, тәрбиелі, дені сау болып өсуіне барлық жағдай жасалып келеді. Мектептер мен балабақшалар бой көтеріп, түрлі мәдени-спорттық нысандар ашылуда. Бұл – сіздердің болашағыңыз үшін жасалып жатқан маңызды қадамдар, – деді Бейсенбай Тәжібаев.
Оқушылар сахна төрінде ұлттық мәдениетіміз бен әдебиетімізді насихаттап, туған өлкеге деген сүйсіпеншілігін ұлттық өнер арқылы көрсетті.
Түркістан облысы