Газаға соңғы 24 сағат ішінде жасалған Израильдің әуе шабуылдарынан кемінде 38 адам қаза тапты, олардың арасында балалар да бар, деп хабарлайды Egemen.kz Associated Press агенттігіне сілтеме жасап.
Газаның Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, солтүстік өңірдегі ауруханалар көп жағдайда жұмыс істей алмай отыр, сондықтан нақты құрбандар саны әлі де анықталып жатыр. Ауыр жағдайды Палестинадағы дәрігерлер де растаған. Бір дәрігердің айтуынша, жұма күнгі шабуылдан кейін ол он баласының тоғызынан айырылған.
Ресми деректер бойынша, наурыз айында атысты тоқтату режимі бұзылғалы бері 3 785 адам мерт болған. Израиль тарапы бұл әскери операцияны ХАМАС қозғалысын жою және 2023 жылдың 7 қазанында тұтқынға түскен 58 адамды босату мақсатында жүргізіп жатқанын мәлімдейді.
Ал ХАМАС болса, тұтқындарды тек толық бітім жасалып, Израиль әскері Газадан толық шыққан жағдайда ғана босататынын алға тартқан.
Айта кетейік, Израиль екі жарым ай бойы Газаға азық-түлік, жанармай және медициналық заттарды кіргізуге тыйым салған болатын. Тек соңғы апталарда халықаралық қысым мен ашаршылық қаупі салдарынан аз көлемде көмек кіргізіле бастады.